ҰТЫЛҒАН КІМ, ҰТҚАН КІМ...
2016 ж. 29 наурыз
2928
1
Кезекті Сайлау өтті. Бәрі дұрыс. Мәжілісшілерді мәмілеге келтіре аламыз, өйткені, басымы – нұротандықтар...
Мемлекет басшысы: «Біз жеңіске жеттік. Қазақстандықтардың 77 пайызы қатысты, бұл – рекорд. «Нұр Отан» сайлаушылар дауысының 82 пайызына ие болды, бұл – рекорд. Мен барлық дауыс берушілерге ризашылығымды білдіремін. Біздің партиямыздың әрбір мүшесі көрсетілген сенімді бағалауы тиіс. Бұл жеңіс – көпжылдық жұмыстың нәтижесі. Сайлауды 800 шетелдік және 10 мыңға тарта жергілікті байқаушылар бақылады, олар сайлау үдерісі заңнамаға сәйкес өткенін атап өтті. Біз әлемдік қоғамдастық алдында ашық әрі әділ сайлау өткіздік...» деді.
Үш саяси партия: «Нұр Отан», «Ақ жол» және Қазақстан Коммунистік халық партиясына 7 пайыздан жоғары дауыс жинады. «Нұр Отан» партиясына 82,15; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына 7,18; ҚКХП-ға 7,14; «Ауыл» халықтық-демократиялық партиоттық партиясына – 2; Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға – 1,18; «Бірлік» саяси партиясына 0,29 пайыз сайлаушылардың дауысы берілген...
Ақжолдықтар біраз жалаулатты. Өзім бәс тігіп, алашорданың ізбасарларына ұқсағысы келген жігіттерді қолдадым. Қолдадым да, мақала жаздым. Партияның басшысы туралы әйдік автордың етектей базына-эссесін қайтара жарияладым. Сөз жәрдемі болсын, дем берсін дедім. Біреуден бірдеңе дәметкендіктен емес, үміт еткендіктен: зиялы қауым мен іскер топтың қосындысын қош көріп, оңды өзгеріс, оянған бетбұрысқа иегіміз қышығандықтан...
Ал, қызыл коммунистерде менің бабамның қайтпас кегі қалған, қазақтың жүз жылға азайтқан азғындарды кеше алмаспын...
Сосын, ауылға ұқсас, бірлікті көксеген бірлі-жарым партиялар да «қотыр аттарын» бәйгеге қосты. Өз басым танымайтын, талтүсте аспаннан түскендей болғандарға уақыт шығын қылмадым...
Өзіме ұнайтын, адами келбеті мен имани қасиеті мығым, елдік пен отаншылдық болмысы бекем, білім-білігі терең жалқы жігіттер сайлау аламанына түспеген соң, басқа салса баспақшыл болып, бейтарап жүрдім...
Мен халықаралық һәм әлемдік саяси саланың маманы емеспін, бірақ, әр Сайлау өткен сайын мұңды күйге түсіп, тұйық ойға қаламын: «Ұтылған кім, ұтқан кім?..» деп...
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
"Қазақ үні" газеті