АЛТЫНКҮРЕК ЖЕТІСУДА ЕРТЕ ЖЕЛПИДІ
2016 ж. 29 наурыз
6008
3
Бұл күні де ерке самал лекілдей есіп, көңіл серпілтті. «Төбесінен шарбы бұлттар көшкен, қойнауында Сара мен Ілиястар өскен» бұл өлкені жер жәннаты деп бекер атамайды-ау!
Алматы облысының бас қаласы Талдықорған осы жолғы Ұлыстың ұлы күнін де сонша салтанатты қарсы алды. Және аймақ басшысы Амандық Баталовтың журналистермен қауышу сәтінде айтқанындай, мерекенің шын мәнінде, «жаңа форматта» ұйымдастырылғаны сонадайдан-ақ аңғарылған еді.
Айтпақшы... Азуын айға білеген республикалық басылым жетекшілерінің бірқатарын осынау күні тотыдайын таранып, қызылды-жасылды нұрға малынып, құлпырып тұрған Талдықорған төріндегі киіз үйлер аумағынан жолықтырдық. «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры Жұмабек Кенжалин, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибрайым, «Қазақстан-Zaman» ЖШС Бас директоры Серкан Хастүрк пен осы басылымның бас редакторы Ертай Айғалиұлы, «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС президенті Досымбек Өтеғалиев, «Алаш айнасы» интернет порталының бас редакторы Серік Жанболат, «Abai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат, «Президент және халық» газетінің қызметкері, ақын Серікжан Қажи, «Қала мен Дала» газетінің бас редакторы Тоқтарәлі Таңжарық, біздің «Қазақ үні» басылымының да өкілдері, өзге де тілшілер бар... қасына екі-үш ел ақсақалы мен әріптес серіктерін, сондай-ақ әкімдіктің баспасөз қызметі басшысы Айдар Башбаев пен осы мекемеде іс атқаратын ақын қарындасымыз Сағыныш Намазшамованы ерткен әкім маңайынан табылдық.
Бұл лауазымды қызметке тағайындалғалы бері өзінің біліктілігімен, іскерлігімен, әсіресе, кішіпейілдігімен қалың бұқараның ғана емес, көптеген бұқаралық ақпарат құралдары мамандарының көңілінен шыққан аймақ басшысын кейіндегі ел игілігі жолында атқарған жұмыстарына қарай тіптен жақын тарта түскенімізді жасырмай-ақ қояйық...
«Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деген мәтел айғағындай, өлке жетекшісінің әрдайым журналистермен тығыз байланыста отыруды қалайтыны іш жылытпай қоймайды. Себебі, шынында да, жас мемлекеттің алғашқы іргетасы қаланғаннан беріде билік пен халық арасындағы алтын көпір міндетін атқарып, елдің саси-экономикалық, әлеуметтік бағытындағы істердің жаманын жасырып, жақсысын асырып, халықты бірлікке бастап, Тәуелсіздік тұғырын нығайтуға аянбай тер төгіп келе жатқан осынау «төртінші билік» өкілдері еңбегі лайықты бағалана бермейтіні де құпия емес.
Жә, ол өзге бір тақырыптың әңгімесі шығар...
Табиғатынан қарапайым Амандық Ғаббасұлы дәм үстінде де қаламгерлер арасында ағынан жарылып, кешелері ғана Елордасына келген ең өркениетті мемлекет өкілдері биік мінберден Қазақ еліндегі береке-бірлікке, адамгершілік пен өзара сыйластыққа қатты қызығатынын айтқанда, төбесі көкке жеткенін ыждаһаттана әңгімелеп өтті. Сол секілді әкім өзі басқаратын аймақтың да шаруашылығы біртіндеп өрге баса түскеніне мақтанышпен тоқталды. Мәселен, биыл облыстық бюджетке жоспардан тыс 53 млрд. теңге қаражат артық бөлінген екен.
– Бұл дегеніңіз өте кең өріс! Тілмен айтып жеткізе алмайтын жақсылық! – дейді басшы шаттанып.
Әлбетте, мол қаражат өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытуға септігін тигізбекші. Аймақта 2014 жылы 156,6 мың бірлік белсенді шағын және орта бизнес нысаны тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 103,5 пайыз көбейіпті. Яғни, 162,1 мың бірлікке жеткен. Осыған орай, шығарылған өнім көлемі 256,5 млрд. теңгеге жетіп, жергілікті бюджетке түскен қаражат 19,4 млрд. теңгеден 22,3 млрд. теңгеге артыпты. Демек, өсім 114,9 пайыз. Сондай-ақ, «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту» бағдарламасын іске асыруға Алматы облысына 108 900 млн. теңге бөлінген көрінеді. Биыл облыста «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3,8 млрд. теңгеге 168 жоба жүзеге асырылыпты. «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 290 млрд. теңгеге 53 жоба жүзеге асырылып, 7636 жұмыс орны ашылғанын да білдік...
Сөз арасында әкім:
– Былтыр бір оңбағандар тендер ұтып алғанмен, мемлекет қаражатын жымқырып, Райымбек ауданында атқарылуға тиісті игілікті істерге зиянын тигізіп кетті. Оның бәрін ақырындап орнына келтірмекпіз. Шекаралық Нарынқол өңіріндегі мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар сын көтермейді. Автокөлік жолдары, электр желісі, су жүйелері тозған. Осының бәрін реттеу үшін 1,8 млрд. теңге бөлінген еді. Бірақ жағдай әлгіндей болды. Дегенмен, бұл аймақты көтеруге барлық күшті аянбай жұмсаймыз. Жаңадан мектеп саламыз. Сол сияқты, Сарқан ауданында қант қызылшасын көптеп өсіру үшін тамшылатып суару әдісін қолдануға, қатты тұрмыстық қалдықтар проблемасына, Еңбекшіқазақ, Панфилов аудандарында мектеп салуға, Іле ауданында теміржолға қатысты өзекті жайтты тиісті мекемелермен келісе реттестіруге, Алакөл ауданындағы ауыз су, Кербұлақ ауданындағы кәріз суы мәселесі, Ұйғыр ауданында тұрғын үй мәселесін шешуге қаражат бөлу айтылды, – деп қалды.
Жалпы, аймақта қазірге дейін ауыз толтырып айтарлықтай талай шаруа іске асыпты. Алға межелеген жоспар да ауқымды. Мысалы, Елбасының тапсырмасы бойынша Үшарал қаласында әуежай салу межеленген. Өткен жылы жергілікті жол құрылыстарына 11 млрд. теңгедей қаражат бөлініпті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы бойынша 304 шақырым жол қамтылған, биыл осы жолдың 150 шақырымы пайдалануға беріледі...
Мұның бәрі көңілдерін марқайтқан тілшілер қауымы бір мезгілде өлке басшысымен бірге қызу тойға кіріскен қалың көпшілік арасына беттей берді.
НАУРЫЗ ӘР ҮЙДІҢ ТӨРІНЕ БАҚЫТ ҚҰСЫ БОЛЫП ҚОНСЫН!
Алматы облысының әкімі А.Баталовтың Наурыз мерекесінде сөйлеген сөзінен
Құрметті жетісулықтар! Қадірлі қауым!
Ұлыстың ұлы күні, береке мен бірліктің бастауы, Жыл басы – Наурыз мейрамы құтты болсын! Жақсылықтың жарқын мерекесі – Наурыз тойында шын көңіл, ақ ниетпен елімізге бақ-береке, әр шаңыраққа қуаныш тілеймін. Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын! Жер жаннаты Жетісу жайнап, гүлдене берсін!
Біз бүгін Ұлыстың ұлы күнін қаламыздың ең көрікті жері, жаңа орында – Жастар саябағында қарсы алудамыз. Бұдан кейін облыстық деңгейде өтетін ауқымды шаралар осы жерде ұйымдастырылатын болады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін Жастар саябағы сүйікті демалыс орнына айналады деген сенімдемін.
Наурыз – жаңару мен жаңа істің, ырыc пен ынтымақтың алтын арқауы.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай: «Дастарханға ақ толатын, елге бақ қонатын, арайлы шақты халқымыз – ұлыстың ұлы күні деп бекер атамаған».
Күллі шығыс жұртына ортақ мереке – Наурыздың тарихы тым тереңде жатыр. Күн мен түн теңелетін, ырысы мол мереке жанымызды шуаққа бөлейді.
Наурызда бұлақтың көзін ашып, ағаш еккен. Алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласқан. Бұл күн – кешірім мен мейірімге, үміт пен сенімге толы ерекше күн.
Біз өткен жылы жасаған жұмысымызды саралап, келешекке жоспар құрамыз. Тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз.
Биыл – Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеміз. Айбыны асқақ, Көк туы көкте желбіреген Қазақ елінің болашағы жарқын, бақыты баянды.
20-наурыз күні бүкіл халық болып, Қазақстан Республикасы Праламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын өткіздік. Береке мен бірлікті ту еткен жетісулықтар сайлау барысында өз таңдауларын жасады. Мәңгілік Еліміздің ертеңіне зор сеніммен қарап, сайлауға бір кісідей қатысты. Бұл істе халқымыздың нұрлы болашаққа деген үлкен үміті, ақ арманы жатыр. «Отан – елдің анасы, ел – ердің анасы» деген қанатты сөзде үлкен мағына бар. Отанға деген шексіз сүйіспеншілік – мемлекеттік сананы орнықтырады. Елдік рухы мықты халықтың келешегі кемел болары сөзсіз. Соңғы жылдары Жетісу жұртшылығының әлеуметтік жағдайы жақсарып, экономиканың барлық бағытында жақсы нәтижеге қол жеткізуде.
Өндіріс, жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындар жұмыспен қамтылып, ел ауқаты артуда. Көлемді инвестициялар тартылып, жолдар жөнделіп, көрікті, сәулетті ғимараттар бой көтеруде. Елдің бірлігі мен берекесінің арқасында бұдан да үлкен табысқа жетеміз. Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды. Ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Наурыз – бауырлас, туыстас, тағдырлас халықтарға ортақ, салтанатты той-думан. Наурыз – достық пен еркіндіктің мерекесі.
Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген наным бар. Ендеше, Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болып, еліміздің қуаты арта бесін дегім келеді.
Талдықорғанда өткен «Тәуелсіз таңның – нұрлы Наурызы» думанының бағдарламасы
Өткен орны: «Жастар» саябағы Наурыз әндері мен әуендерінің таңғы эфирі. Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның мерекелік концерті. «Бұлақ көрсең – көзін аш» атты дәстүрлі бұлақтың көзін ашу рәсімі. Қатысқандар: облыс әкімі, ресми қонақтар, ақсақалдар мен зиялы қауым. «Ұлыстың ұлы күні көңіл ақ болсын!» наурыздық тілектері. Наурыз ауылы: «Наурыз – құт мейрамы ұлыстың» Наурыз ауылындағы қазақ халқының салт-дәстүрлер көріністері. Сахнада: «Наурыз айтысы». «Наурызтал отырғызу» рәсімі. «Наурыз тағамдары»: «Бауырсақ»; «Наурызкөже»; «Қазақша ет»; басқа да ұлттық тағамдар. Түрлі ұлттық спорт ойындарынан жарыстар (қазақша күрес, армреслинг, кір тасын көтеру, арқантартыс, тоғызқұмалақ ойындары, түйепалуан, т.б.). «Қасиетті халық тойы – Нұрлы Наурыз» атты театралдырылған көрініс. Мұнда: «Табиғаттың оянуы», «Аластау рәсімі», «Көшкеруен»көрінісі, «Салт-дәстүр» көрінісі, «Қызғалдақтар» биі, «Наурызкөже», «Шашу»қойылымдары. Жүргізушілердің шығуы, мерекемен құттықтаулары. Алматы облысы әкіміА.Баталовтың мерекелік құттықтауы және «Наурыз Аруы» байқауының жеңімпаз аруларын марапаттау рәсімін өткізуі. «Көктем мерекесінің жарық жұлдыздары» атты жастарға арналған кешкі дискобағдарлама: – Этно-рок тобы «Тигрохауд»; – Қазақстан эстрада жұлдыздарының «Арнау» дуэті, Құралай мен Мирас, Кәмшат Жолдыбаева, «Ринго» тобының ән-шашу тартулары.«Қазақ үні» газеті