Бердібек Сапарбаев: Жолды көріп ұялып тұрмын...
2016 ж. 25 наурыз
2332
12
Ақтөбе облысында елбасы "үлкен ауылға" теңеген жаңа ауданды аралаған əкім Бердібек Сапарбаев балшыққа батқан ауылды көріп, ұялып қалды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Жаңбыр жауса, қар жауса су астында қалатын "Нұр Ақтөбе" ауданына барған Бердібек Машбекұлы жағдайды өз көзімен көріп қайтты.
"Жолды көріп ұялып тұрмын. Бұл жерді салған кезде не ойлағандарын білмеймін. "Жаңбыр жаумайды" деп ойлаған шығар", - деген Ақтөбе облысының əкімі келер жылы бұл ауданға арықтың да, жолдың да салынатынын айтты.
"Нұр Ақтөбе" ауданында алғашқы құрылысты көзімен көрген елбасы біртектес үйлерге қарап, "Үлкен ауыл" деп көңілі толмай кеткен болатын.
Сонымен қатар, Бердібек Машбекұлы суға кету қаупі бар қала іші мен қала жанындағы ауылдарды аралап шықты. Жалқау ақтөбеліктер əкімнен сөз естіді.
"Неге ауладағы қарды шығармайсыздар? Еріген кезде көршінің ауласын шайып кетеді. Қар əдеттегіден көп жауды. Өздеріңіз көрдіңіздер. Көшедегі қарды біз əкетеміз, ауладағы қарды өздеріңіз шығаруларыңыз керек", - деді Бердібек Сапарбаев.
Ақтөбеде қармен күрес жұмыстарына қала бойынша 15 кəсіпорын жұмылдырылған. Тəулігіне 100-ден аса техника көше тазалауға шығады. Бүгінде арнайы полигонға 370 мың текше метр қар шығарылған.