"БАНДЫЛАР" ТАРИХЫН ЗЕРТТЕЙТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ
2016 ж. 17 наурыз
8404
1
Белгілі журналист Марат Тоқашбаев өзінің фейзбук парақшасына осылай деп жазады. Сонымен қатар Кеңестік солақай саясат "банды" атандырғын осы азаматтарды зерттейтін кез жетті дейді.
Марат Тоқашбаев:
"Өткен ғасырдың отызыншы жылдары бүкіл қазақ жерін наразылық өрті шарпыды. Коммунистік режим тарапынан жүргізілген солақай саясат, қарапайым жұрттың тұрмыс жағдайының күрт нашарлауы, ұжымдастыру салдарынан орын алған ашаршылық сияқты оқиғалар халықты ашындырды. Әр жерде көтерілістер шықты. Халықтық наразылыққа жетекшілік еткен, жазалаушы милициямен қақтығысқа түскен шаруа көсемдері пайда болды. Мысалы, Оралда Аманғали банды, Бостандық ауданында Тәліп Мұсабаев, Бектай Халматов, Төлеген Әзізов, Созақта тіпті хан сайланған Сұлтанбек Шалақов, Сарыөзекте Құндақбай батыр, Шелек жақта Мәлік, Шымкентте Сүлеймен қарақшы сияқты бүкіл милицияны тітіреткен батырлар өткен. Кезінде коммунистік режим «банды» атағанымен іс жүзінде олар әділетсіздікке қарсы күрескен ерлер болатын. Бізге өткеніміздің бәрі тарих. Сондықтан жоғары оқу орындарының түлектері мен магистранттары арасынан, ғылыми-зерттеу орталықтарынан аса бір өткір осы тақырыпты зерттейтін ғалымдар шықса деймін. Бұл келешекке сабақ болуымен қымбат. Қане, кім біледі, қай жерде тағы қандай "бандылар" өткен?!"
Марат Тоқашбаевтың бұл пікіріне орай Заңғар Кәрімхан Шығыс өңірінде "банды" атанған біраз ел азаматтарының есімдерін атаған екен.
Заңғар Кәрімхан:
Шығыстағы Шілікті өңірінде әйгілі екі "банды" өтті. Бірі – "Қарашұнақ" атанған Жуанышбай Дүйсенбайұлы, екіншісі - Әлібай мерген. Қарашұнақ туралы Ермұрат Бапи жазған бір жылдары. Онда батырдың шын есімі "Жәнделі" деп берілген екен. Сүйегі санияз, Қарабұлақ, Жарсу өңірінің адамы. 1930 жылдардағы ашаршылық кезінде ел-жұртын, ауыл-аймағын аң етімен асыраған. 41-дің соғысына бармаған батыр ата Маңырақ тауын жасырынып күн кешкен.
Ал Әлібай жайында көп жазылмады. Ол кісі аңды бастан емес, тек көзден, құлақтан ататын асқан мерген болыпты. Тарбағатай өңірі шекара бойындағы өлке болғандықтан, қызыл чекистер, нкбдшниктер көп болған. Әлібай – аумалы-төкпелі заманда Қытай асып, қуғын көрген адам. 1937 жылдары қайта бері өткенде коммунистер соңына шырақ алып түсіп, тағы қуғындаған.
Содан 1962 жылы туған жеріне оралғанда КГБ басшысы оның Әлібай екенінен күмәнданып, нысана көздеткізеді. Мергеннің қартайыңқырап қалған кезі екен, сонда да екі оқты қатар атып, бір тесіктен өткізеді, үшінші оғын атпақ болғанда қасында бір кісі белгі беріп, онысын мерген сезіп қойып, үшіншісін әдейі тигізбей атады. Беліндегі наганын ұстап тұрған кгбшник: "Бұл Әлібай емес екен", – депті. Әлібай жазадан осылай құтылған.
Тағы бір "бандылар" тобында 6 адам болған, басшысы Құсан Теміреев деген кісі. Бұл кісілер Маңырақ тауының арғы жағындағы, қазіргі Жаңаауыл деген ауылдан шыққан. "Ұлы Отан" соғысына бармаған батыл адамдар Алтай тауына қарай жылжып, Қатон-Қарағай өңірінде жасырынған. Үңгірде жатып, одан шығатын түтінді бастаудың үстінен шығартып, аңдушыларды алдап соққан деген әңгімелерді жиі еститінмін. Құсан ақсақалды көрмедім, ал алты адамның бірі Сатыбалды Тұздықбай баласын көрдім. Бертінге дейін өмір сүрді. Құсан атаның немересі Гүлжан Теміреева "Қазақ әдебиеті" газетінде көптен қызмет етіп келеді.
Марат Тоқашбаев ағаның "Бандылар" тарихы зерттеуді қажет етеді" деген шағын жазбасы Отан тарихы үшін өзекті. Аталарымыздың шын мәнінде кім болғанын, олардың не үшін қуғын көргенін, ұлт тарихынан шетқақпай көретін жайы жоқ екенін біз өзіміз жазуымыз керек. "Тарбағатайдың қызыл қырандары" деген атаумен шекарашы қызыл әскерлер туралы кезінде жазылды ғой, енді заман басқа, заң басқа дегендей, ұлт тарихының олқы тұсын толтыру үшін "бандит" атанған аталарымызды зерттеуді жалғастыра береміз.
qazaquni.kz