Көлік салығына қатысты өзекті сұрақтарға маман жауап берді
2016 ж. 16 наурыз
4347
0
Қазір салықтық төлемдерді дер уақытында төлеу кез келген адамның азаматтық міндеті болып табылады. Еліміздің экономикалық өркендеуі мен халықтың әлеуметтік жағдайының жоғары болуы салықтық және міндетті төлемдердің дер кезінде өндірілуіне байланысты екені айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар салықтық төлемдердің белгіленген түріне байланысты олардың өзіндік төлемдік мерзімдері болады. Соның бірі – көлік салығы. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлік салығын төлеуге байланысты көптеген өзгерістер мен жеңілдіктер енгізілді. Сондықтан да көлік мәселесіне байланысты жиі қойылатын негізгі бес сұраққа жауап бере кеткен орынды шығар деп ойладық.
Бірінші сұрақ: Көлік салығын қандай субъектілер төлеуге міндетті?
Жауап: Көлік салығын жеке иелігінде көлігі бар жеке тұлғалар, заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлімшелері және салық төлеу объектісі негізінде қаржылық келісім бойынша лизинг алушылар төлеуге міндетті. Ал көлікті сенімхатпен немесе сақтандыру полисі бойынша жүргізіп жүргендер көліктің техникалық төлқұжаты кімнің атына ресімделген болса, сол адамның атынан төлеуі қажет.
Қазіргі уақытта көлікті сенімхатпен немесе сақтандыру полисімен жүргізіп жүрген жүргізушілердің ішінде көлік салығын жылдап төлемей жүрген азаматтар аз емес.
Олардың кейбіреуі көлікті сенімхат арқылы басыбайлы сатып алса да, өз атына ресімдеуге асықпайды. Сонымен қатар қала ішінде жол жүру ережесін бұзған жағдайда да айыппұл көлік иесінің атына келеді.
Сондықтан да көлігін сатушы азаматтар көлікті басқа біреуге сатқан жағдайда, оны бірден сатып алушы субъектінің атына ресімдеп бергені абзал. Сонда ғана жоғарыда айтып өткен проблемалардан бойды аулақ ұстауға болады.
Екінші сұрақ: Көліктің қандай түрлері салықтан босатылады?
Жауап: Жүк көтеру салмағы 40 тонна және одан асатын карьерлік самосвалдар, арнайы жабдықталған медициналық көлік құралдары және Қазақстанның халықаралық реестрінде тіркелген теңіз кемелері салық төлеуден босатылады.
Үшінші сұрақ: Көліктік салықты төлеу мерзімі қандай?
Жауап: Жеке тұлғалар көлік салығын ағымдағы жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірмей төлеулері қажет. Сонымен қатар көлікті тіркеу, қайта тіркеу және техникалық байқаудан өткізу кезінде салықты алдын ала төлеуі тиіс.
Төлемеген жағдайда көлік тіркеуге алынбайды және техникалық байқаудан өткізілмейді.
Ал енді заңды тұлғалар болса көліктің тіркелген жеріне байланысты сол жылдың 5 шілдесіне дейін төлеуге міндетті. Ал енді 1 шілдеден кейін сатып алған жағдайда, декларация тапсырудың уақыты келгеннен кейін есептегі айдың 10-на дейін кешіктірмеуі тиіс. Салықтық міндеттемелерді орындамаған жағдайда, кешіктірілген әр күн үшін пеня жүріп отырады.
Төртінші сұрақ: Қандай субъектілер көліктік салықтан босатылады?
Жауап: Бұл сұрақтың жауабы Салық кодексінің 365-бабында нақтыланған. Оған жан-жақты жауап беру үшін газеттің бір беті көтермейді. Сондықтан да қысқаша тоқталып өтейін. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы өнімін (балық аулау, т.б.) шығаратын заңды тұлғалар, фермерлік және шаруа қожалықтарының басшылары, тиісті норматив бойынша қажеттілікке байланысты пайдаланатын арнайы техникалар салықтан босатылады.
Сонымен қатар мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының қарауындағы қозғалтқыш көлемі 3000 кубтан аспайтын бір жеңіл көлік пен бір автобус босатылады.
Бұған қоса Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілгендер, соғыс жылдары тылда жанқиярлық еңбек ету нәтижесінде КСРО-ның ордендері мен медальдарымен марапатталғандар, 1941 жылдың 22 шілдесінен бастап 1945 жылдың 9 мамырына дейін кемінде алты әскер қатарында қызмет еткендер және тылда жанқиярлықпен еңбек етсе де, КСРО-ның ордендері мен медальдарымен марапатталмағандар, Ұлы Отан соғысының батырлары мен Социалистік еңбек ерлері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның еңбек ері» атағына ие болғандар, Даңқ орденінің үш дәрежесінің және Отан орденінің иегерлері, көпбалалы «Батыр аналар», «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері босатылады. Бұл тізім ҚР Үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген және үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Бесінші сұрақ: Көліктік салықтың ставкалары қандай мөлшерде?
Жауап: Көліктік салық көліктің маркасы мен тартымдылық күшіне байланысты айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Қазіргі уақытта бір айлық есептік көрсеткіш 2121 теңге көлемінде белгіленген. Және де көліктік салық міндетті түрде көлік иесінің атынан төленеді.
Мысалы, жеңіл көліктердің ставкасы 1 айлық есептік көрсеткіштен 117 есептік көрсеткіш аралығын құрайды. Атап айтсақ, оталдырғыш көлемі 1100 кубқа дейін 1 айлық есептік көрсеткіш, 1100-ден 1500 кубқа дейін 2 айлық есептік көрсеткіш, 1500-ден 2000 кубқа дейін 3 айлық есептік көрсеткіш болып кете береді. Көліктік салықтың ставкалары тек жеңіл көліктер ғана емес, жүк көліктеріне де байланысты Салық кодексінің 367-бабында нақты көрсетілген.
Бекен НҰРАХМЕТОВ, Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының бөлім басшысы
Дерек көзі: dalanews.kz