"Қазақ аруы" атанғысы келмейтін қыздар қай өңірде көп екені анықталды
2016 ж. 15 наурыз
7254
0
Мемлекеттік тіл білуді ерекше ескеретін «Қазақ Аруы» байқауының іріктеу турына Орал мен Петропавлдың арулары келген жоқ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақ Аруы» байқауының бас продюсері Баян Есентаева мәлім етті.
Сондықтан аталған байқауда Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының өкілдері болмайды.
«Мен Қазақстанның солтүстік өңірлерінде тұратын біздің аруларымызды сәл белсендірек болуға шақырамын. Жыл сайын осы мәселе алдымыздан шыға берді. Аруларымыз байқауға қатысуға ниет таныта бермейді. Әсіресе Петропавл арулары. Өкінішке орай, менің туған қалам Орал да белсенді емес. Сол себепті осы облыстардың намысын қорғайтын ешкім жоқ. Солтүстік пен батысты белсендірек болуға шақырамын», - деді Б.Есентаева.
Ең белсенді өңірлер: Оңтүстік Қазақстан облысы, Ақмола және Қарағанды облыстары. Жалпы финалдық кезеңге 21 қатысушы өтіп отыр.
«Бізде финалға шығатын қыздардың саны шектеулі емес. Мысалы, былтыр 26 қатысушы өткен еді. Бұл біздің байқаудың рекорды болатын. Арулардың көптігі соншалық - олардың барлығын көрсеткіміз келді. Биыл аруларымыздың саны 21», - деп атап өтті продюсер.
Айта кетейік, байқаудың ақтық сыны ертең, 16 наурызда, Астанадағы Конгресс холл сарайында өтеді. Арулар ажарымен ғана емес, сонымен қатар қазақ тілі білімі де сыналатын болады. Сондай-ақ олардың әрқайсысы қазақ дәстүрін, тарихын, әдебиетін және қазақ халқының әдет-ғұрыптарын білуі тиіс.
Еске сала кетсек, «Қазақ Аруы» байқауы биыл алтыншы рет өткізілуде.