Көшелері су астында қалған әкім халықтан кешірім сұрады
2016 ж. 15 наурыз
2110
0
Семей әкімі коммуналдық қызметкерлердің салғырттығынан көшелердің су астында қалуына байланысты тұрғындардан кешірім сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қала басшысы Ермак Сәлімов су астында қалған көшелерде болып қайтты. Әкім қалалық ТҮКҚ бөлімінің басшылығын жауапқа тартты. "Сөзбен бәрін қатырасыңдар, ал көріп отырғанымыз мынау. Бірінші тапсырма - барлық транспортты осы жұмысқа жұмылдырыңдар", - деді Ермак Сәлімов ТҮКҚ бөлімінің басшысы қызметін атқарушы Нұрлан Серғазиновке қарап.
"Мен азаматтардың алдында осындай салғырт жұмыс үшін кешірім сұраймын. Біз бұдан нәтиже шығарамыз", - деді әкім.
Тексеру барысында Сәлімов көшені судан тазартатын арнайы техниканың жұмысқа кеш шығып, ерте кетіп қалатынын анықтады. "Мұның барлығы тұрғын үй-коммуналдық бөлімнің бұл іспен салғырт айналысуынан болып отыр. Таңертең шығатын техника жұмыс істемейді. Сағат 9-10-да ғана шығады - бұл дұрыс емес. Сондықтан да біз қосымша күш бөліп, қатаң бақылауға алу шарасын қолданамыз. Жұмыс кестесін жасап қойдық", - деді әкім.
Қала басшысы 13 арнайы техникаға тағы 10 техника қосуды тапсырды. Сонымен қатар, ол кәріз жүйесін қалпына келтіруге бюджеттен қаражат бөлінгенін жеткізді. "Мұны аз қаражат құю арқылы қалпына келтіруге арналған технологиялар бар. Сол арқылы кәріз жүйесін қалпына келтіруге болады. Мұнымен айналысатын компанияда, оған бөлінген қаражат та бар. Мұндай жағдай жаңбыр кезінде қайталанады. Су тасқынының негізгі себебі - қар, ал жаңбыр оны жүзеге асыратын фактор. Сондықтан да қарды тезірек шығару керек. Біз болашақта мұны есепке аламыз", - деді Ермак Сәлімов.
Еске салайық, Семейде қардың жылдам еруінен кейбір көшелер мен жолдар су астында қалған еді.
Дерек көзі: tengrinews.kz