Сайлаудың алдын ала нәтижесі жарияланды
2016 ж. 14 наурыз
2126
0
Германияда үш федералдық аймақ парламентіне сайлаудың алдын ала нәтижелері жарияланды. Баден-Вюртемберг, Рейнланд-Пфальц және Саксония-Анхальт федералдық аймақтарының парламентіне оңшыл популистік "Германия альтернативасы" партиясы өтті. Басқарушы коалициядағы партиялар - канцлер Ангела Меркельдің "Христиан демократиялық одағы" (ХДО) партиясы мен оның коалициядағы серігі Социал-демократиялық партия (СДП) үш аймақтың бірде-бірінде қажетті көпшілік дауысты жинай алмады.
"Германия альтернативасы" партиясы Саксония-Анхальтта 23 пайыз, Баден-Вюртембергте 12,5 пайыз, Рейнланд-Пфальцте 11 пайыз дауыс жинады. Deutsche Welle басылымының хабарлауынша, партияның үш аймақта да бес пайыздық межеден өткенімен, басқарушы коалиция құрамына кіруі неғайбыл.
Германияның заң шығарушы органы - Бундесрат (федералдық кеңес) құрамы федералдық аймақтағы күштердің арақатынасына тәуелді болады. Бундесрат орталық үкіметтің көптеген бастамаларын тоқтата алады.
13 наурызда сайлау өткен үш федералдық аймақта Германия тұрғындарының шамамен 20 пайызы тұрады. Бұл сайлау "канцлер Ангела Меркельдің елге жүз мыңдаған мигрантты кіргізуге рұқсат етуіне байланысты оны билікте қалдыру-қалдырмау туралы референдуммен пара-пар" деп бағаланып отыр.
Дерек көзі: Азаттық радиосы