Жаңа журнал - жаңа бастама
2016 ж. 14 наурыз
2230
0
Жақында оқырмандарға жол тартқан «Ел анасы» отбасылық әдеби-танымдық журналы отбасы құндылығы, ұлттық тәлім-тәрбие, татулық пен ізлігілікті насихаттауды басты ұстаным еткен екен. Еліміздегі әйгілі адамдарды тәрбиелеген, дара дарын иелерінің көзі тірі аналарының салиқалы өмір жолы мен ұрпағына берген тәрбиесін кейінгі жасқа үлгі етуді мақсат еткен бұл басылымның өз оқырманына берері мол. Десе де, төреші уақыт пен оқырман қауым өздеріңіз!
Журналдың редакциясы да сауатты, ибалы да инбатты қыздардан құралған. Осы шағын ғана редакция алқасы жаңа бастама көтеріп, игі іске мұрындық болмақшы екен. Бұл туралы «Ел анасы» журналының бас редакторы Мәдина Махамбетқызы өзінің фейзбук парақшасында «Редакция алқасы болып ақылдаса келе, тәй-тәй басқан журналдан түсер қаржыны сауапты іске жұмсауды жөн көріп отырмыз. Әрине, журналдың асып баражатқан табысы жоқ, дегенмен қанағат болса барлығы болады ғой. Және ең басты қаржыгерлеріміз өздеріңізсіздер. Себебі сіз сатып алған әрбір журналдан түскен ақшаның 10 пайызын қайырымдылық қорға бермекпіз. Сонда сіз бір журнал сатып алсаңыз, рухани сусындап қана қоймай, сауапты іске үлес қосқаныңыз болады! Алла баршамыздың ниет-амалдарымызды қабыл алып, екі дүниеде де қайырлы етсін!» - деп жазады.
Жаңадан ашылған журналдың тың бастамасына біз де сәттілік тілейміз. Айтпақшы, журналды әзірге Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау қалаларынан сатып алуға болады.
qazaquni.kz