Қарсы ал, қазақ, Борат "бауырың" келе жатыр!
2016 ж. 11 наурыз
4381
7
Қазақстанды мазақтап, бүкіл әлемге ұлтымызды масқаралаған Саша Барон Коэн Қазақстанға "келе жатыр". Әрине, бүкіл ғалам Борат деп білетін Саша Баронның өзі келмейді, оның сомдаған рөлі кинотеатрларымыздың төрінде қойылатын болды.
"Отандық кинотеатрларда 10 наурыздан бастап режиссер Луи Летерьенің "Братья из Гримсби" фильмі таспаланып жатыр. Картинадағы басты рөлдің бірін, алты Алашты күллі әлемге "Борат" образында масқара еткен Саша Барон Коэн сомдайды. Аудиториясы + 18. Билеттері де АРЗАН ЕМЕС. Ұлттық рухыма нұқсан келтірген ағылшындық "актерсымақтың" кезекті сайқымазақтығына қазақ енді ақшасын төлеп "тәнті" боп жүр. "Борат" 2006 жылы 260 млн. доллар табыс жасапты. ЕСІҢДЕ ҰСТА ҚАЗАҚ! Бұл СЕНІҢ айрандай төгілген абыройыңа, мазақсүйер әлемдік көрерменнің берген - құны. Бізде көрсетілер шет елдік фильмдерді қадағалайтын органдар ай қара жүр ме? Сол сала белсенділері Саша Баронның "исі шыққан" жерді өртеп, атын тіпті естіртпеуі тиіс қой. Ел кинотеатрлары аталмыш картинаны таспалауын тоқтатуы қажет деп есептеймін! Саша Баронды жұрттан аластау үшін, ҮН ҚОСАР намысшыл ағайынның қолдауына ҮМІТ БАР!" деп жазады Facebook әлеуметтік желісін пайдаланушы Серік Ноғайбайұлы.
АҚШ-қа барған сапарында Елбасымыздың өзі "Борат" фильміне өзіндік ойын айтып, наразылық білдірген болатын. Енді сол "актерсымақтың" басты рөлдегі образын қазақ неге тамашалау керек. Бұл бассыздыққа Иса пайғамбар мен Қытай композиторы туралы фильм түсіргіш Мәдениет министрлігі неге жол беріп отыр? Біздің айтарымыз осы.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz