Әділбек Жақсыбеков еліміздің мемқызметтегі миллионерлерінің көшін бастап тұр
2016 ж. 11 наурыз
3559
2
Қыруар қаржылары бар байлардың қалтасына қарап, қанша қоры бар екенін тізбектейтін Forbes басылымы осы күнге дейін еліміздегі ауқатты адамдардың да ақшасы жайлы мәліметті көпке жария етіп, тізбектеп келеді.
Әлемдегі миллиардерлердің саны 1 мыңнан асып жығылатын болса, соның 5-еуі қазақ жерінен шыққандар екен. Алғашында бай-бағландардың ақшасының көлемін естіген жұрт жағаларын ұстап, таңырқайтын болса, қазір құлақтары үйреніп барады.
Керісінше, әр жылдардағы байлықтарын өзара салыстырып, қаншаға байи түскенін немесе кедейленгенін қалт жібермейді.
NUR.KZ порталы бүгінгі күні мемлекеттік қызметте отырған миллионерлер мен және жақын туысына барын жазып қойған қалталы басшыларды тізбектеп көрді.
«Қазақстанның ең бай 50 азаматы» тізімінде бірнеше мемлекеттік қызметкердің аты бар.
2016 жылдың қаңтар айында Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков ресейлік банктің 80% акциясының қожайыны болды. Бұл хабарды bk55.ru порталы таратқан болатын. 13 қаңтарда шыққан басылымның мәліметі бойынша, ААҚ "Плюс Банк" банктің 83,32% акциясы қазақстандық "Цеснабанкке" тиесілі екенін ресми түрде расталды.
Ал "Цеснабанктің" иесі - Қазақстанның экс-қорғаныс министрі, қазіргі Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков. Ендеше 2016 жыл да Жақсыбековтер отбасысы үшін табысты болмақ.
Forbes.kz сайтының хабарлауынша, Жақсыбековтер отбасы мүшесіне - Әділбек Жақсыбековтің 60 жастағы жары Ләззат Жақсыбекова (Ибрагимова) мен 37 жастағы баласы Дәурен мен 59 жастағы інісі, сенат депутаты Серік Жақсыбеков кіреді. Цеснабанк, «Цесна-Астық» Концерні» ЖШС, «Медет-Холдинг» ЖШС, «Цесна-Капитал» брокерлік компаниясы мен «Цесна-Гарант» сақтандыру компаниясы осы ауқатты жанұяның бақылауында.
2. Forbes.kz сайтының 2012 жылғы дерегіне сәйкес қазіргі вице премьер-министр Дариға Назарбаева еліміздегі ең бай 50 азаматтар тізімінде 13-ші орнынды иеленген. Оның сол кездегі әл ауқаты $595 000 000-ға тең.
Алайда, 2013 жылдан бастап лауазымды қызметкердің есімі санақ журналының бетінен жоғалды. Сайттың болжамына сүйенсек, ALMA TV- телекоммунакациялық компанияның 80 пайыздық активі Дариға Назарбаеваға, ал 20 пайызына ұлы Нұрәлі Әлиев иелік етеді. Сонымен қатар, вице премьер «Еуропа плюс Қазақстан» АҚ, НТК арнасы, «АлмаИнвестХолдинг» пен «Алматыстройнаб» ЖШС-терінің қожайыны.
3. 36 жастағы Игорь Школьник – Қазақстанның энергетика министрі Владимир Школьниктің үлкен ұлы. Бүгінде ең бай қазақстандықтар рейтингісінің 23 орнына табан тіреген оның байлығы -$315 000 000.
Алайда Игорь Школьник 2015 жылдың қаңтар айында Орск мұнай өңдеу зауытын «Роснефть» компаниясына сатқан болатын. Ресей басылымдарының мәліметінше, компанияның басқару пакетінің құны 1 млрд доллардан асады.
Десе де, елді шулатқан ақпаратқа энергетика министрі Владимир Школьник «бұл жерден саясат іздеудің қажеті жоқ, менің де туыстарым бизнеспен айналысуға құқылы. Толық ақпаратты ұлымнан сұраңдар, ол әкесінен де үлкен» деп жауап қайтарған еді.
Министрдің ұлы да кезінде мемлекеттік қызметкер болған. 29 жасында-ақ «Самрұқ-Қазына» әл ауқат қорының атқарушы директоры лауазымына жайғасып, 1 жылдан соң жұмсақ креслоны босатқан болатын.
Өкінішке қарай, Игорь Школьниктің фотосуреттері ғаламтор беттерінде жоқтың қасы.
4. Forbes.kz порталының 2013 жылы мамыр айындағы ақпаратына сәйкес, Қазақстанның ең бай 50 адамының арасынан 32-орынды иеленген Астана әкімінің 31 жастағы орынбасары Нұрәлі Әлиевтің 200 миллион доллар байлығы бар. Алайда қазір ол қалталы азаматтар тізімінен алынып тасталынған. Сондықтан да шенеуніктің соңғы екі жылда байлығының артқаны немесе кемігені туралы толық ақпарат жоқ.
Ресми дерекке сүйенсек, шенеунік ALMA TV- телекоммунакациялық компанияның 20 пайыздық активіне, «НТК» АҚ 20 пайызына иелік етеді. Бұдан басқа, СAPITAL HOLDING АҚ толық басқарса, «Донателло» қонақ үй және мейрамханасы, «Телекрона» (IT, сети) және «Радио Сити» (Hit FM) ЖШС-терінің қожайыны.
5. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев та 2014 жылғы бай-манаптар тізімінде 42 орында төбе көрсетті. Елімізің бас экономисінің байлығы сол кезде - $114 000 000-ға тең болған.
Қаржы саласында қызмет ететін ол «Lancaster Group» компаниясы акциясының 25 пайызына, «ҚазИнвестБанктің» 18 пайыз акциясына ие. Алайда араға 6 жыл салып, мемлекеттік қызметке оралған Досаев бар байлығы мен жеке бизнесін сенімді қолға өткізген деген ақпар бар.
Қазір экономика министрінің байлығына қатысты (көбейгені немесе азайғаны) мәлімет жоқ. Дегенмен де ол Қазақстандағы қалталы шенеуніктердің қатарында.
Алмас Мыңбаев та - елдегі байшыкештердің алды. 2015 жылғы Қазақстандағы ең бай 50 азаматтың ішінде Алмас $139 000 000 байлығымен 38 орынға тұрақтаған. 2014 жылы Алмастың байлығы 90 миллион доллар болса, 1 жыл ішінде 49 миллионға өсіп отыр.
Ал, «КСК» компаниясына келер болсақ, ол «Альба» және «Сайхан» инвестициялық жылжымайтын мүлік қорының құрылтайшысы. Бұл бизнесті Сауат Мыңбаев «Позитив Консалтинг» ЖШС-нің қожайындары Нұржан Бекшенов пен Василий Симачевтармен тең басқарады. Ал кәсіптегі әріптесі Нұржан Бекшенов болса ең бай 50 қазақстандықтардың тізімінде 290 миллион доллар қаржысымен 22-орында тұрған манап.
Ресми деректерге сүйенер болсақ, «Коммерческий банк» АҚ-ның сайтында жарияланған мәліметке сай Сауат Мыңбаев Бермуд аралындағы Meridian Capital Limited компанияның 20% акциясының иесі. Аталған мекеме құнды қағаздармен жұмыс жасайды. Қазір бас мұнайшы аталған компаниялардағы активтері мен акцияларын өзі басқаратынын немесе сенімді тұлғаға өткізгені белгісіз.
Аталған мекеме 2000 жылдары Алматы облысында құрылған, жеке және заңды тұлғаларға газ құбырларын және желілерін тарту қызметін көрсетеді. Содан бері кәсіпорын қанатын кеңге жайып, бірнеше филиал ашып үлгерді. Соның бірі – «Тәуекел-Трейд» Алматы қаласының іші-сыртын толықтай газбен қамтып отыр.
Ал «Тәуекел-Т» компаниясы Алматы облысындағы елді мекендерге газ жеткізумен айналысады. Тек қана 2008 жылы Ұзынағаш аулына көгілдір отынды жеткізу және желілерін құру жұмысы үшін 1 миллион доллардың жобасын қолға алған.
2011 жылы Жамбыл ауданына қарасты Қарақастек пен Аққайнар ауылына газ кіргізу жұмысы үшін компания 137 миллон теңге алған.
8. Қоршаған ортаны қорғау және су ресустары министрі болған марқұм Нұрлан Қаппаровта елдегі 50 байдың бірі еді. 110 милллион доллар байлығымен 2013-2014 жылғы Форбс тізімінде 40 орында тұрақтаған. Экс-шенеунік танымал «Lancaster Group» копаниясының құрылтайшысы, 25% активінің иегері. Сондай-ақ,«ҚазИнвестБанкі» АҚ-ның 17,9% акциясыда Қаппаровқа тиеселі еді. Алайда, мемлекеттік қызметке орналасқан соң бизнестерін басқаруды сенімді өкіліне тапсырған. Оның негізігі табыс көзі - мұнай мен қаржы бизнесі.
Жалпы еліміздегі байлар табыстарымен жинақтаған қоры туралы ақпараттарды өздері жария ете бермейді. Forbes сайты миллиондар туралы деректерді биржа нарығына шыққан мәліметтерді сараптай отырып жазады. Яғни, кәсібі сауда алаңына шыққандарын ғана.
Кейбір бизнесмендер биржаға шықпайтындықтан олардың байлығы мен табысы туралы мүлдем дерек жоқ. Мақалада қолданылған ақпарлар ашық дерек көздерінен алып отыр.
Саясаттанушы Расул Жұмалы Қазақстандағы байлардың саны әлдеқайда көп дейді.
«Форбс журналы көрсетіп жатқан тізімдегі байлар тек жартысы ғана деп есептеймін. Себебі, біздегі шенеуніктердің басым көпшілігі бизнесін, байлығын туыстарына немесе сенімді өкіліне жазып қойып, өзі мемлекеттік қызметте отыра береді. Ал жыл сайынғы салық комитетіне өткізетін декларацияға олар мемлекеттен алған жалақысын ғана көрсетеді. Мысалға алар болсақ, жылдық табысы 1 миллион теңге деп құжатқа жазғанымен, жұмсаған ақшасы 100 миллионнан асады. Қалған 99 миллион теңге қайдан шықты? Осының барлығы күмәнді. Сондықтан да елдегі жемқорлықпен күресті - барлық шенеунік, мемлекеттік қызметкерлердің ресми, бейресми табыстарын жария етуден бастау қажет. Ал, байлығын жасырып, табысын көрсетпеу бұл демократиялық елге жат дүние. Қазақстаннан шыққан миллиардерлерге келер болсақ олар 5-еу емес, одан да көп. Өкінішке қарай олардың табысы мен байлығы қалай келгенін ашып көрсететін мекеме де, басылым да жоқ», - деді.