Ұрылар зираттарды тонай бастады
2016 ж. 10 наурыз
2370
1
Алматыдағы атақты Кеңсай зиратында соңғы кезде ұрлық өршіп тұр. Тіріні қойып, өлілердің де тыныштығын бұзған сұғанақтар қымбат қоршаулар мен ескерткіштерді шетінен қолды қылып жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.
Жалпы көлемі 100 гектарды алып жатқан Кеңсай зиратын қорғау күн сайын қиындап барады. Бұған дәлел, соңғы 2 айдың өзінде 14 ескерткіш пен қоршау тоналыпты. Мұндағы қабірлерді күзетшілер күні-түні қадағалап, қатаң бақылауда ұстайды екен. Бірақ, бұған қарамастан, оңай олжаны көздеген қарақшылар арам пиғылдарын жүзеге асырып жатыр.
Вандалдар, әсіресе, түсті металдан жасалған мүсіндер мен қоршауларды ұрлайды.
"Қымбат металл, мысалы күміс. Соларды ұрлайды. Басқа тастарды ұрламайды, олар ешкімге керек емес", - дейді Кеңсай зиратының меңгерушісі Сапа Смағұлов.
Мұндай сорақы әрекетке баратындардың көбі ішімдікке салынғандар көрінеді. Ал тоналған бейіттер туралы марқұмдардың жақындары хабарсыз. Келіп көргендері, жағаларын ұстап отыр. Құран оқытуға келіп, қирандынының үстінен түскендердің бірі профессор Сағымбай Қозыбаев.
Ұрылар, оның ағасының мүсінін жұлып әкеткен.
"Шашымыз тік тұрды ғой. Бұл адам емес. Ертең де кетеді ғой. Алланы сыйламайтындар. Көп болса бір бөтелке араққа сатып жіберді сонда. Көп болса бір бөтелке арақ ішер", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Сағымбай Қозыбаев.
Ал Кеңсай зиратын бақылауда ұстау тендерді ұтып алған күзет агенттігінің мойнында. Тек, қызығы сол, олар мұндағы ұрланған қабірлер үшін жауап бермейді екен.
"Қойылған қымбат бюсттарға, қымбат тастарға, туысқандары және қойып берген компания жауап береді", - дейді Кеңсай зиратының меңгерушісі Сапа Смағұлов.
Әзірге бейітті тонаған 3 адам анықталған. Олардың екеуі ұсталса, біреуі ұшты-күйлі жоқ. Қолға түскендері енді кемі 2 жылдан арқалайтын болады. Ал марқұмдардың жақындарына қираған бейітті қайта жасатудан басқа амал жоқ.