СҰЛУЛЫҚҚА СҰҚТАНАДЫ – АДАМЗАТ
2016 ж. 08 наурыз
3740
0
Санасатын айла менен ақылдар,
Тарпаң мінез тағдыр дейтін тақым бар.
Сұлулыққа сұқтанады – адамзат,
Сұлулықты сүйетін тек – Ақындар!
Әлібек Шегебай
ӨМІРДЕРЕК
Әлібек Шегебай, 1974 жылы, 11 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, Сүткент ауылында дүниеге келген. Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. 1997 жылы М. Әуезовтың 100 жылдығына орай ҚазҰУ- де өткен республикалық студент жастардың жыр мүшайрасында бас жүлдені жеңіп алады.Содан бері де бірнеше жыр бәйгелерінде жүлделі орындарды иемденді. 1998 жылы Республикалық «Жалын» журналында жарық көрген өлеңдер топтамасына Т. Айбергенов атындағы сыйлық берілді. 2002 жылғы Астана қаласында өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Шығармашылықтағы жетістіктері үшін 2004 жылы Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты атанды. 2001 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Бүгінгі таңда Әлібек ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді есімі елге белгілі өнер жұлдыздары; Нұрлан Өнербаев, Құдайберген Бекіш,Сәкен Қалымов, Өктем Алтаев, Саят Медеуов, Жұбаныш Жексенұлы, Марат Имашев, Бауыржан Өскенбеков, Тілек Базаров, Алма Аманжолова, Индира Расылхан, Ерке Есмахан, Динара Кемелхан сынды әншілер мен «Жалын», «Мерей», «Шамшырақ» топтары орындайды.
1997-1998 жылдары Сүткент ауылдық Т.Тәжібаев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1998-1999 жылдары республикалық «Алматы ақшамы» газетінде журналист, 1999-2001 жылдары ҚР ІІМ-нің республикалық «Сақшы» газетінде бөлім меңгерушісі, 2002-2008 жылдары республикалық Қазақ радиосында жүргізуші-редактор, 2008-2009 жылдары Республикалық «Жұрағат» журналының Бас редакторы, 2009-2010 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы әкімінің орынбасары, 2012-2013 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметтерін атқарған.
Бірнеше жыр жинақтарына өлеңдері енген. «Тамшылар», «Алакеуім», «Әйнекке түскен Ай сәуле», «Ақ қауырсын» атты өлең кітаптарының авторы
Өнерден түйген ұлы сезімдердің барлығы әдірем қалмасы үшін–суреткер оны өмірімен көрсетуі керек. Бұл көркем сөздің табиғатын тануда едәуір жетістіктерге жеткен Бахтинның пікірі. Орынды пайым. Әсіресе, бұл тұжырымның өнер мен жауапкершілікке қатысты айтқандығын ескерсек. Ақын Әлібек Шегебай поэзиясын оқи отырып, еріксіз «иә, шындығында өнер мен жауапкершілік ажырамас егіз ұғым екен ғой» деген ойға қалдым. Екеуінің бір-бірінен алары да мол, берері де шаш-етектен. Өнер һәм жауапкершілік. Өнер һәм борыш. Осы тұрғыдан алғанда Әлібек Шегебай – өмірін өнеріне, өнерін өміріне айналдырған лирик ақын. Бір күнімді, арашалап бір күннен, Бір түнімді, оңашалап бір түннен. Жаралар деп, жүрегі жоқ біреулер Жүрегімді жасырумен жүрмін мен... Төлеген мен Мұқағалидай екі алып поэзия мектебін көрген Әлібек ақынның сырлы да сұлу лиризимге бой алдыруы заңдылық, әрине. Дей тұрғанмен, классикалық дәстүрді мұртын бұзбай, өз қолтаңбаңмен бүгінгі техногендік сана билеген қоғамның жауапкершілігін арқалай отырып беру –екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Ақынның «Өмір» атты өлеңін оқи отырып, өзіңді танисың, қоғамның бүгінгі сиқына жан ауыртасың: Кешіп жүріп мынау жалған бес күнді, Кеудедегі көңіл де сәл ескірді. Бағынбайтын боп барамыз сезімге Сағынбайтын боп барамыз ешкімді. Тіршіліктің көріп кейбір тас тұрқын, Кейде өзіңе көнбейді екен жас шіркін. Адалдықтың жүрген болып жанында Арамдықпен іс жасаймыз астыртын. Көріктісің, киім жапқан тәніңді, Ыңылдап та айта аласың әніңді. Жақсылықпен қызметтес болғанмен Сатқындықпен сыбайлассың кәдімгі. Отансызға жақсылық не, жаман не, Опасызға ұрпағың не, балаң не. Тектілікпен болғанымен ағайын Тексіздікпен ауылдассың амал не! Қыдырасың, қызыққа да батасың, Дос табасың, оны қайта сатасың. Бақыт – қыздың басын салып әлекке Байлық – қыздың құшағында жатасың. Болғанымен армандардың түр-түрі, Ол да бірақ кей сәттерде күлкілі. Сонда дағы шаң жуытпай өзіңе Әй, опасыз өмір – дейсің бір күні. Иә, күнделікті күйбең тірлікте «бұл өмірдің заңы ғой енді» деп өзімізді ақтап алатын алдамшы қағидалар жасап алып уақытты судай сапыратынымыз рас. Пенде ғұмыр бәрін қамти алмайды. Ақын жүрегі ғана ізгіліктің туын ұран етуден танбайды. «Тіршіліктің көріп кейбір тас тұрқын, Кейде өзіңе көнбейді екен жас шіркін. Адалдықтың жүрген болып жанында Арамдықпен іс жасаймыз астыртын» деп ешбір боямасыз шындықты жайып салады. Ақын қоғамда әдетке айналып бара жатқан дерттерді байқамаудың өзі басты дерт екендігін алға тартады. Мұның астарында адами болмысымыздың ауыр дертке шалдыққанын тайға таңба басқандай ашып көрсетеді. Алайда оған да немкеттіміз. Содан соң әлбетте: «Бағынбайтын боп барамыз сезімге, Сағынбайтын боп барамыз ешкімді». Осы бір ғана өлеңінен-ақ, ақынның қолтаңбасы айқын сезіледі. Өлең тармақтарының әуезділігі мен ішкі динамикасы мығым. Әрбір шумақтың соңғы екі тарауындағы мағыналық қайшылық өлең сөздің жалпы мелодикасын сақтай отырып шебер үйлесім тапқан. Әлбетте, біз бұл тұста ақынның тілдік, құрылымдық тереңдігін сөз еткелі отырған жоқпыз. Ол арнайы қарастыруды қажет ететін тақырып. Біздің мұрат – мағына. Мағына болғанда да жауапкершілікпен өрілген сыршыл өмір. Иә, өнерді жауапкершілікпен егіз ұғым дедік. Ақындық сол өнер мен жауапкершіліктің туындысы. Ақындық өнер бағаланбаса – қасірет. Ол ең алдымен қоғамның қасіреті. Себебі ақынның ақындығы қоғам алдындағы жауапкершілігімен өлшенбек. Демек, біздің көп жағдайда ақынды қадірлемегеніміз, өзімізді қадірлемегеніміз. Он тоғызыншы ғасырдың шоқтығы биік суреткерлерінің бірі Афанасий Феттің: Оянсаң таңда күлімдеп, Қадірлеп ескі ырымды. Бір сәтке ғана сүйдім деп, Ақынға ұсын гүліңді – деген сұлу сөзі осы ойымыздың тұздығындай. Ал жиырмасыншы ғасырда сөзден сурет салған Төлеген Айбергеновтің бұл тақырып жөнінде: Оһ, қандай жақсы болды туылғаным, Адамдарда жүрек бар кезінде мен – деген, үміт пен үрейдің сарказмы баршамызға мәлім. Жиырма бірінші ғасырдың ақыны Әлібек Шегебай бұл тақырыпты былайша жырға қосады: Қарсы алдыңда тұрғанмен, кейде сені көрмейді, Көздейтіні мәңгілік, сондықтан ол сөнбейді. Көңілді айтып қайтесің, көңіл түгіл осынау Өмірдегі қайсыбір «тәртіпке» де көнбейді. Тағдыр кейде топалаң, енді бірде шырайлы, Азапқа да аяусыз, ақын ғана шыдайды. Жаратылып тамшыдан, туылған соң адамнан, Адам болып қуанып, адам болып жылайды. Жарып шығар жарыққа жүрек дейтін жатырды, «Халық жауы» атанып, қаншама жыр атылды. Адам менен Хауаның қуаты мен құрсағы Аманаты Алланың, аялаңдар ақынды! «Жаның ақын болғанмен, ет пен сүйектен жаралған пендеміз ғой. Көңіл деген нәрсе бар. Ақын үшін ең қиыны да осы көңілге сызат түсуі. Әрине, анау айтқандай асқан мұң да, адасқан жалғыздық та жоқ, бір көңілдің бір қалуы бар. Әлдебір қыркүйекте, әлдебір маусымда, әлдебір дүйсенбіде, әлдебір жұмада. Әр соққан самалдың басы қосылар болса, дауылға айналады. Көңіл көзін көр қылар, сезім жанын суытар қайшылықтар аз ба?! Көлеңкенің бәрі сая емес. Жаңбырдың бәрі қалаулы емес. Бақсының бәрі әулие емес. Мен әр нәрсенің, әр адамның өз орнында болғанын қалаймын» дейді сыршыл ақын бір сұхбатында. Әлібек поэзиясынан экспериментті, түршілдікті, сентиментализмді, түрлі айшықтау мен құбылтуларды таппайсыз. Есесіне өлеңдері бейне бір тазалық аралындай жаныңызды жай таптырады. Оқырманын риясыз көңіл мен боямасыз өмірге шақырады. Ақынның соңғы кездердегі поэзиясы мөлдір лиризмді өмірдің «елеусіз» құбылыстарымен тоғыстырып жүргендей әсер қалдырады. Бұған ақынның төменде келтірілген «Ауыл мен Алапар», «Келін хикаясы», «Жезөкше мұңы», «Ертегі» атты өлеңдері дәлел. Ақын адам жанының нәзік қалтарыстарын беру арқылы баршамызды ойлануға шақырады. Ең бастысы ел алдындағы жауапкершілігіңді сезіндіреді. Жоғарыда өлеңін тілге тиек еткен Фет туралы Толстойдың: «Ұлы ақындарға тән лирикалық құпиялы құштарлық осы етжеңді орыс офицерінде қайдан жүр өзі?!» дейтіні бар. Сол айтпақшы, өлеңдері кілең жүрек сазына құрылған, өмірдің өзіндей түгелдей таныс дыбыстардан тұратын Әлібек поэзиясының қарапайым табиғатына қайран қаласың?! Бастауы қайдан екен деп ойланасың... Жауабын ақын өлеңдерінен іздейсің...Ұлан ЕРКІНБАЙ,
әдебиет сыншысы
qazaquni.kz
Ертегі Ұйқыға құшақтарын жайып кірген, Жанына жылу жинап ғайып – түннен. Таң ата қала дейтін көл бетімен, Жүзеді нөпір халық қайық мінген. Жүзгенде қайық мінген нөпір халық, Кептелер көшелер мен көпір барлық. - Сендерді қайтсем екен қызталақ – деп, Ақ басты Алатау – шал отыр налып. Жо-жо-жоқ, отырған жоқ, Шыныменен, Кетті де бір қателік мұны, менен. Ақша бұлт құйып берген шайдан ұрттап Жамбастап жатыр шалың қырыменен. Жамылып иығына аппақ қарын, Тыңдайды тал, теректің тақпақтарын. Жамбастап осы бір шал жатпаса егер, Кетпекші мына нөпір таптап бәрін. Жатыр ол, көшіп кетпей, ел – деп, осы, Жоқ бірақ, түсінетін жерде досы. Көл менен қызықтайды қайықтарды, Бұл шалдың күнделікті ермегі осы. Күн – табақ құбылаға құлапты сәл, (Қоя алмай отырғаным сұрақты дәл). Шақырсам дегенім ғой, ауызашарға, Ораза ұстай ма екен, бірақ, бұ шал?! Айтпассыз сандырағы, селтеңі деп, Аңыз бен ақиқаттың шертері көп, (Өзім де бітіре алмай зорға отырмын,) Сөкпегін, «мынау қандай ертегі» деп?! Мұндай да ертегілер кезігеді, Қиялдан туған бұл бір сезім еді. Түн ауа көлдің беті саябырсып, Шалың да, басқасы да көз іледі..! Жезөкше мұңы Өңі, түсі өзгерген сырларымның, Елесі де көнерген жылдарымның. Тағдырымның жазуы солай шығар Мен бүгінгі қоғамның құрбанымын. Қай нәлеттің – демеңіз, қызы мына, Мен боп тұрмын заманның бұзығы да. Жоқшылыққа тағдырым салғаннан соң Тоқшылықтың айналдым қызығына. Жасырайын несіне жан жарасын, Аздап рас, басында арланасың. Етің өліп кеткен соң, ит тірлікке Икемделіп, ас ішіп, жан бағасың. Мен де кеше пәк едім, қылықты едім, Таңдарым да ататын күліп менің. Өмірімнің құпия өрнектері Өрілерін осылай біліп пе едім. Адаммын ғой, аңсаймын ауылымды, Ата-анамды, туысқан, бауырымды. Білмейді ғой, әттең-ай, олар бірақ Менің мына сайтани «сауығымды». Күндер өтті, ай сырғып, жылдар өтті, Сұмдар өпті, тәнімді жындар өпті. Мақтанушы ем қазақтың қызымын – деп, Сол қазағым қызыққа құрбан етті. Үйір боп жүр соңғы кез жаныма мұң, Ойға оралып бал күнгі лағыл әнім. Ертеңімді ойласам еріксізден, Ертегімді балалық сағынамын. Өңі-түсі өзгерген сырларымның, Елесі де көнерген жылдарымның. Тағдырымның жазуы солай шығар Мен бүгінгі қоғамның құрбанымын. «Келін» хикаясы Желбіретер жел сөздің жалауын да, Жандыратын қалжыңның қалауын да. Көңілдер мен пейілдер өз алдына, Айтып жүрер қызықтың бәрі ауылда. Бой тасалар болған соң мұнарамыз, Ағалардың айтқанын құп аламыз. Қара күштің иесі, Үйленбеген, Алшын дейтін бар еді бір ағамыз. Кедергі боп бір ісі, бір ісіне, Берекесіз табысы, кірісі де. Әйелі жоқ адамың қайбір оңсын, Олпы-солпы болатын жүрісі де. Таранғанда көктемгі текті көрік, Бипілдетіп көшеден өтті көлік. Алшын келін әкепті – дегенді естіп Ағайындар әп-сәтте жетті келіп. Жүрегінің жасырып тылсым үнін, Отырғызып көңілге гүл шыбығын. Алып қашып кеп тұрған беті екен бұл Көрші ауылдың керемет бір сұлуын Есік алды айғай-шу, абыр-сабыр, Кемпір біткен «келіннің» жанында жүр. ...Нұқып кетті шешесі Алшекеңді «Көнер емес мынауың, қағынбағыр»! Орамалды басына жабыңдар – деп, Енді бірі шауып жүр «қалың мал» деп. Қос бүйірін таянып Алшекең тұр «Әкеп бердім, көндіріп алыңдар» деп. Алшекең тұр, бітіріп бір «ұлы» істі, Сыртқа бермей сыпайы сырын ішкі. Он тиын жоқ ойында, Елемейді Үй ішінде боп жатқан қырылысты. Болғанымен кіршіксіз қар секілді, Кейде мына дүние тар секілді. Жеңгелері жыртыңдап құттықтайды «Құтты болсын құсың» – деп, Алшекеңді. Өтсе дағы дәл мұндай сансыз «бәйгі», Осы боп тұр әзірге жалғыз «қайғы», Қариялар айналып, толғанса да Орамалды, асау қыз, салғызбайды. Болғанымен ағамыз төрдей бойлы, Күдіктілеу бір үміт кернейді ойды. Осынша жұрт жата қап жалынғанмен Дәті берік неме екен, көнбей қойды. Қыз күңкілін тыңдаса құлағын сап, Өлем – депті, мойнына бұғалық сап. Алшекеңе көнбеген «келіндерін» Ағайын тұр, амалсыз шығарып сап. Санасында сауықшыл сайтандар көп Күндес ғана мұндайда қайқаңдар тек. Таяғына сүйеніп көрші шал тұр «Сотқа беріп жүрмесін, байқаңдар» – деп. Қабырғаға қалдырып бар азапты, Көрші-қолаң біртіндеп тарап жатты. Көнбей кеткен қапа боп «ғашығына» Алшекең де бетке алды қора жақты. Намыс па еді, кім білісін, нала ма еді, Сол бір сәтте Алшекең жаралы еді. Күс қолымен көз жасын сүртіп тұрып, «Енді үйленсем осыдан, Қара...» – деді?! Қарсы алса да сан асу, белес мейлі, Таразымен тағдырың теңеспейді. Көз алдына кешегі көркем жылдар Көнбей кеткен қыз болып елестейді. Жалғыздыққа жүргенмен үйренген боп, Күйінген де, күйген де, күйрелген жоқ. Елуіңді еңсеріп қалса дағы Әлі күнге Алшекең үйленген жоқ! .