Сағадиевтің "сындарлы саясаты" Сәрінжіповті сағына еске алдырады-ау...

1111555Білім және ғылым министрі Сағадиев креслосына жайғаспай жатып «Үш тұғырлы тіл» саясатын бекем ұстайтынына уәде берді. Оның сөзіне жүгінсек, жуырда білім саласы түгелдей үш тілде жүреді. Мектептен бастап химия, физика, информатика, биология, математика пәндері ағылшын тілінде, дүниежүзі тарихы мен қазақстан тарихы орыс тілінде, ал әдебиет пен қазақ тілі пәні қазақ тілінде оқытылады. Министр Сағадиевтің түсіндіруінше, бұл – заман талабы.

 Ұрпақ санасына тәжірибе жасау…

Су жаңа министр осылай «сүбелі» ой айтты. Күні кеше одан үміт күткенбіз. Оның «реформа үшін» емес, шынайы білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін талпынарына үміт артқанбыз. Қателесіптік. Біз, қазақтар, қазақ тілінің қабірін өзіміз, өзіміздің биліктің қолымен қазуға кірістік. Міңгірлейміз, қарсы дау айтқан боламыз. Оны тыңдар таскерең билік жоқ. Мұндай дауыңызды олар «қазақбайскийлердің» ескі әдеті» дейді. Жаңалыққа жаны қас топтың байбаламы деп қарайды.

Біз үш тіл түгіл, он тіл білсін десе де қарсы емеспіз. Көп тіл білгеннің еш артықтығы жоғын екінің бірі түсінеді. Бірақ қазақ ұрпағының санасы түрлі-түсті тәжірибе жасайтын зертхана емес екенін неге ескермейтініне таңбыз.

Егер ағылшын тілін 1 сыныптан бастап баса оқытамыз, бұл тілді білмей ешқайда аттап баса алмаймыз десе, көнбесек те көнер ек… Ондай байлам бұған дейін айтылып, тіпті іске асып та жатыр. Жапондар 5 сынып оқығанға дейін өзге тілді балаларына үйретпейтінін талай ғалым зарлап айтқанмен, біздің «реформашыл» министрлер құлақтарына ілген жоқ. Қазір кейбір балабақшалардың өзінде «ағылшын тілі» оқытылып жүр. Жүйелі ме, жүйесіз бе, оған бас қатырған ешкім жоқ. «Оқыту керек». Отчет!

sarin Реформашыл министрлер

Сағадиев Сәрінжіповтен сорақы шықты. Осылай демеске, лаж қайсы?!

Әуелі, ең әуелі мектептерде ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдерді дайындау керек. Және ол мұғалімдер жоғарыдағы жаратылыстану пәндерін жақсы білуі, яғни сол саладан кәсіби білім алуы керек. Бізде ол түгілі ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдер жеткілікті ме?Алматы мен Астанадан табылар-ау… Олардың басым бөлігі педагогтар ма, болған күннің өзінде мардымсыз жалақы үшін шет тілін білетіндер мектепке бара қоя ма?! Мұны Сағадиев ойлап та қоймаған шығар…

Ал ауылда о бастан ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалім жетіспейді. Ауылда мектеп бітірген балалардың 90 пайызы ағылшын тілінен мақұрым, білгендері 100-ге дейінгі санды ғана санап үйренгендер. Біз ағылшын тілі пәнін жетістірмей тұрып, мектептегі білім индексін тексеретін жаратылыстану пәндерін сол тілде өтеміз деп кеуде қағамыз! Жасасын, реформашыл министрлер!..

Біздің мектептердің білім саласындағы ең осал тұсы – осы жаратылыстық пәндер. Физика мен математика сабағын «қақпайтын», бұл сабақтар жөнінде айтсаң, бірден «комплексі» ұстайтын оқушыларда көп. Бүгін қалыптасқан дүние емес, бірнеше буынның дағдысы. Біздің министр білім саласына шын жанашыр болса, ең алдымен жұмысын осы пәндерді жүйелі оқытудан бастаса, барша жұртшылық қуана қолдар еді. Жаратылыстану пәндерін мектепет дұрыс оқытпайынша, мың жерден экономикамызды түзейміз деп арыпталассақ та, алға оза алмаймыз.

 Көптеген ауыл мектептерінде дәл бүгінгі күні математика, физика, информатика пәндерін оқытатын мұғалімдер шоғыры тапшы. Кез келген ауыл мектебіне барыңыз, қарт ұстаздар ғана қалт-құлт етіп осы пәндерден сабақ беріп жүр. Кейбір мектептерде бұл сабақтарды өзге пәннің мұғалімдері, болмаса қосымша «диплом» алған оқытушылар үйретіп жүр. Сапасыз оқыту әдісі мен жүйесіз өтілген сабақтың салдарынан математика, физика десе, бастары ауыратын жастар өсіп келеді. Сенбесеңіз, ҰБТ-ны тексеріңіз, өзге сабақтарға қарағанда қазақстандық талапкерлердің дені осы сабақтардан төмен балл жинайды. Сол сабақтарды білмегендіктен, бізде гуманитарлық мамандықтарға тапсыратын талапкерлер саны анағұрлым мол. Тек кейінгі кездері техникалық мамандықтарға грант саны молайғандықтан, «амалсыз» сол салаға тапсырып жүр демесеңіз, оны да қатырып жүргендері шамалы.

0a5f26e86ae929a237295d857e759285-bigСағадиевтік синдром…

Мектеп дейсіз, ЖОО-ларда ағылшын тілін дұрыстап оқыта ма өзі? Сағадиевтер әулетінің жекеменшік университеттерінде ағылшын тіліне басымдық беріледі деп естиміз (бұл туралы алдағы уақытта арнайы жазатын боламыз). Бірақ ол университеттер – «элиталық» университеттер ғой. Бай-бағландардың және қалада оқығандардың қызықты ортасы. Естуімізше, ондай ЖОО-ларға ауылдан келген бірде-бір бала түсе алмайды екен. Өйткені, ағылшын тілін білмейді. Қара қазақтың баласы дәстүрлі, аты бар, «көпшілікке арналған» ЖОО-ларда оқып жүр. Кемдік көрді дей алмаймын. Білімді іздегендер қайдан болсын алады… Бірақ, бәрібір бәсекелі заманда есесі кетсе, ірі компанияларда емес, қара базарларда жұмыс істесе, шетелдік инвесторлардың маңында емес, ауылдан шыққан шағын кәсіпкерлердің тілеуін тілеп жүрсе – оған да білім жүйесінің жүйесіздігі себепкер…

Дүниежүзі тарихын орыс тілінде оқыту… кімге керек? Танымдық өрісін кеңейтер, тамырын тереңнен іздеуге талпындырар өзекті пәнді өзге тілде оқытудан не ұтпақпыз? Бұл Ресейге жағу ма, әлде олардың ығынан қорқу ма? Орыс тілін шетке ысырып жатыр дейтін байбаламнан ығып, өз ұрпағының санасын улайтын жолға мойын бұру – тарих алдындағы қылмыс. Орыс тілі әлемдік тіл болудан қалғалы қашан. Мұны бізден гөрі «инновацияшыл» Сағадиев жақсы біледі. Өзінің айтуынша, жеті жасқа келгенше тек қана қазақ тілінде сөйлеген. Бәлкім, Ерлан Сағадиевтің санасында бала кезде орыстілділерден көрген қорлығы, олардан өзін төмен санау, кем көру әдеті жасырынып жатпасына кім кепіл?! Орыс мектебінде кеткен кегін беймәлім түрде бүгінгі ұрпақтан алуы да ғажап емес. Психологияның заңдылығы бар осындай… Өкініштісі, орыстілділерден емес, қазақтілділерден, өз ұлтынан алады. Мұны «сағадиевтік синдром» деп бөле-жара атауға да болады.

Қазақ тарихын да орыс тілінде оқытпақ көрінеді… Өз тарихын, тегін білмейтін тамырсыздардан ғана мұндай «реформаны» күтуге болады.

Басында айтқанымыздай, «элиталық ортаға» ыңғайлап жасалған реформаларды қара қазақтың жағдайымен санаспай іске асыру – ұрпақ санасын улаудың бір жолы. Сағадиевтер соны өз қолдарымен жүзеге асыратындарын ойлап та жүрген жоқ…

Тіл білгеннің бәрі білімді емес

үш тұғырлы тілЕгер дәл осы реформа осы қалпында жүзеге асса, онда қазақ тілінің – мемлекеттік тілдің көсегесі ешуақытта көгермек емес. Бұған теориялық та, практикалық та дәлелдер жеткілікті.

Біріншіден, біз 25 жыл бойы мемлекеттік тілді сан-цифрлар мен есептік даурықпа науқандардың құрбаны етумен келеміз. Иә, қазақтілді мектептер көбейді. Иә, «көпшілікке арналған» университеттерде қазақтілді топтардың саны артып, 70 пайыздық межеден асты. Өкініштісі, біз сан қудық, сапа қумадық. Қазақ тілінде білім беретін мектептердің беті енді түзеліп келе жатқанда, оларды саны бітпес реформалар мен қағазбастылықтың қияметімен шаршаттық. Кезекті реформаның ең үлкен соққысы – үш тұғырлы тілді жүйесіз енгізу болмақ. Жүйесіздік емей немене, алдымен ғылыми дайындық пен методикалық әзірлік, ұстаздардың біліктілігін жетілдіру арқылы жүзеге асыру керек емес пе!

Екіншіден, ғылым қазақша сөйлемей, мемлекеттік тілдің көкжиегі кеңеймейтіні бұдан бұрын да талай айтылған. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Біз болсақ, барлық қажетті мамандықтарды өзге тілде оқытамыз деп алшаңдап жүрміз. Демек, қазақ тілі ешқашан ғылым тіліне айнала алмайды… Оған ең алдымен біздің билік мүдделі емес. Химия, физика, математика секілді жаратылыстану ғылымдарының негізгі пәндерін өзге тілде оқытам деу – ұлт тілін іргелі ғылымдардан алшақтату. Одан басқа түк те емес.

Үшіншіден, өзге тілді еркін меңгерген адамның бәрі білімді емес. Ағылшын тілін білетін ағылшынның бәрі білімді, білікті деп кім айтты?.. Қазір ағылшын тілін өз тілінен артық білетін адамдар Азия, Африка, Латын америкасында жеткілікті. Осы тілді білгенімен, осы тіл арқылы елін ұшпаққа шығара алатындар өте аз. Жаңа буын ағылшын тілінде еркін сөйлеуімен әлемді таңғалдырмайды, сол тілді игере отырып, ұлттық һәм ділдік құндылықтарын шығармашылыққа айналдыра алғандар ғана бәйгеден озады. Сол тілді пайдаланып, өз елінің ғылымы мен іліміне үлес қосқандар ғана нағыз білімділер қатарына қосылады.

Біздегі білім саясаты – Тәуелсіздік тұсында көп қиянат көрген реформалар лабораториясы. Қатаң жүйені, ескі қабырғаны бұзбай, мың сан реформа жасасаң да, ештеңе қирата алмайсың. Сағадиев секілді он министр келсе де түзей алмайды, өйткені олар оқудың формасын өзгертуге құмар, мазмұнымен ісі жоқ.

Т. ӨСКЕНБАЙ.

Дерек көзі: dalanews.kz