"Жаңа жыл" деп жар салатын қазақ, наурызға неге немкетті қарайды?
2016 ж. 02 наурыз
2574
1
Жаңа жылға дайындықты Президент күнінен, яғни 1 желтоқсаннан бастайтын ел билігі бүкіл түркі халықтарына ортақ Наурыз мерекесіне дайындалуға әлі кіріскен жоқ деп жазады Skifnews.kz.
Айта кету керек, Жаңа жылға дайындықты бастау мәселесі жыл сайын елімізде қызу пікірталасқа түседі. Зиялы қауым мен қоғам белсенділері шырша орнатып, көше безендіруді 16 желтоқсаннан кейін қолға алу керектігін айтса, жергілікті билік өкілдері 1 желтоқсаннан бастап шырша шамын жаға бастайды.
16 желтоқсан Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған күні ғана емес, сондай-ақ, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының орын алған да күні. Аталған көтерілісте қаншама қазақ жастарының қаны төгілгені белгілі. Сондықтан, мерекеге дайындық осы еске алу күнінен кейін жүргізілсе дейді қоғам белсенділері.
Тіпті, былтыр "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтың өзі үкімет пен облыс әкімдеріне дәл осындай ұсыныспен шыққан болатын. Алайда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президент күні қарсаңында Астанадағы шыршаның шамын жағып, Жаңа жылға дайындықты 1 ай бұрын бастап кеткен еді. Елбасы рұқсат бергеннен кейін өзге облыстарда да бұл рәсім жалғасын тапты.
22 наурыз - ежелгі заманнан бері қалыптасқан бүкіл түркі халықтарына ортақ мереке. Бұл - күн мен түннің теңеліп, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезі. Яғни, жаңа жылдың бастауы.