ШЫРҚЫРАҒАН ЖАН ДАУЫСЫН ЕСТІМЕППІЗ...
2016 ж. 26 ақпан
6141
15
(Бард-әнші Табылды Досымов туралы үзік сыр)
Бертінге дейін қалта телефоны арқылы жиі хабарласып жүрдік. – Сен шалды ертіп оншақты күнге келіп қайтсайшы бізге, – деді. – Талай шақырдым ғой, бір келетін уақытың жеткен шығар енді... Мен күлген боламын: – Ай, босай алмаймын-ау таяу маңда. Қазір нешеқилы шаруалар да көбейіп кетті өзі. Жұмыстан кім жібереді мені?!. Ол да күлді. Біз сияқтылардың «пұшайман» халіне кейде биіктен әжуалай қарайтын әдетінше рахаттанып, лекіте күледі: – Ой, өcтесіңдер-ау, осылай жұмыс-жұмыс деп жүріп бір күні. Күйкі тірліктерің ғұмыры бітпей... Мен – «тонкий интеллигент», кіші болса да өзімнен әлдеқайда көшелі, қашанда ірі пішіп, кесек турайтын Табылдың кеңдігін, кісілігін іштей мойындап, тағы да риза боп тұрамын. Бірақ сонда да тез жығыла салғың келмейді: – Жарайды, реті келер бір. Барармыз бір кең уақытта. Асығыс не. Бұл жолы шалды күтіп жіберсең де бірталай шаруа ғой... «Шал» – екеуміздің ортақ ағамыз, ортақ досымыз, атақты ақын Өтежан Нұрғалиев. Осыдан үш-төрт жыл бұрын жетпіс жасқа толған кезінде туған облысы дұрыс қабылдамай, күйрей түңіліп, қатты құлазып қайтқан. Ал өмір бойы мәпелеп күткен зайыбы Күләш апай қайтқалы бері тіпті жүдеп, жетім баладай жаутаңдап қалды. Бірақ қанша қамықса да, кәрі «бөрінің» арықтығын білдіргісі келмей, сыртын күмпитетінін жақсы білемін. Табыл осыны анау Атырауда... Дендерде жүріп-ақ менен де гөрі жіті сезінеді. Қамкөңіл жанның қабағына қарап, бір мезгіл шер тарқатып, бой жазып, серпіліп қайтса екен дейді. – Пойызға отырғызып жібер. Алдынан шығып, Оралдан күтіп алам. Жайлы мейманхана дайындап қоямын. О жақта да соғатын орындар бар. Одан ауылға кетеміз. Махамбеттің басына апарам. Құмға әкетем... Жақсылап аралатам. Өзі қай жерлерге барғысы келеді екен, бәрін сұрап біл,– деп қадағалап қайта-қайта тапсырды.
* * *
Тағы бір сөйлескенімізде: – Елге көптен бері көрінбей кеттім ғой. Мені жұрт ұмыта да бастаған болар. Эфирден төбе көрсетіп қоятын кез жеткен жоқ па екен,– деп қалды. Мән-жайды түсіндім де, сөз арасында Ұлттық арнаның бас директорына айтып ем, бірден келісіп, қысқа қайырды: – Табылды білем ғой. Ондай жігіттерді халық та күтеді. Шықсын. Ешбір қарсылық жоқ... Қуанып, қайта хабарластым. «Сондағы Әлібекке айтып, өз ауылыңнан да біраз пландар түсіріп әкелсейші қосымша... Хабар жасасақ керек болады»,– дедім. Кез келген шығармашылық адамының жан әлемінде не болып, не қойып жатқанын оның өзінен басқа ешкім біле алмайды. Бұл да бір толқындары бұлқынған телегей теңіз немесе демін ішіне тарта булыққан жанартаулар секілді тұңғиық, тылсым нәрсе ғой. Мұнда да небір арпалыстар жүріп жатады. Ойланасың, толғанасың. Яки бір сәт торығып, дүние-дүрмектен баз кешкендей тоқырау кезеңдерін де өткеруің мүмкін. Одан дүр сілкініп қайта қанаттанасың... Әйтеуір, діттеген дүниеңді шыңдап, шырқау шегіне жеткізгенше тағат таппайсың. Осы үдеріс тұсындағы сапырылысқан қайшылықты сезімдер сырын, жүрегіңді тебіренткен мұңның мәнін өзіңнен басқа кісі баласы түсіне де бермейді. Сондай кезде сенің жағдайыңды тіпті ешкім сезінбей-ақ та қойсын, қолдап, жәрдем де көрсетпесін, тек кедергі жасап, жаныңды жаралмаса жарар еді... Ел алдына шығатын кез жетті ме деген ниетінен шығармашылығының алдындағы жауапкершілікті ұмытпайтын Табылдың ұзақ уақыт қатты ширығып, іштей іздену, іштей түлеу үстінде болғанын ұққанмын. Кезекті мәрте небір жаңа туындыларға куә болатынымызды елестеткем. Бірақ сол жолы досымның «Егер эфирге шақырсаңдар, міндетті түрде ресми хат жазып шақыртыңдар» дегенінен біртүрлі секем алған едім. Онсыз жергілікті әкімшілік босатпайтын болып тұр ғой... Көп ұзамай Алматыдағы кеңсеге «Қазақстан» Ұлттық арнасының Атыраудағы филиалының бастығы Әлібек Татановтың өзі де келіп қалды. Қатар оқығанбыз. Ол да бірден кешелері ғана Табылдының хабарласқанын, қалт еткен сәтте түсіруге дайын екенін айтып жатыр. Табылға звондап, "бізге қарай шығуға мүмкіндігің қашан болады" деп сұрадым. – Он-он бес күннен кейін өзім хабарласамын. Сол кезде нақты айтармын. Қазір бір көлденең шаруалар килігіп жатыр, – деді. – Айтпақшы, Өтекең қалай? Біраз орындарға барған шығар?.. Табыл күлді. Сөйтсем, бұған дейін талай жерді аралап үлгерген Өтежан аға Табыл басқаратын Индер аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қызметкерлерінің алдында өзінің «Каракуль» мазмұндас көптеген эротикалық өлеңдерін оқыпты бұрқыратып. – Мына тентек шалды елдің алдына шығарып нем бар еді деп мұнша қысылмаспын. Ұялғаным сонша, орнымнан тұра қашуға шақ қалдым, тіпті. Бірақ, бекер ыңғайсызданыппын. Сондағы қыз-келіншектер кездесуден кейін: «Ағаның өлеңдері керемет екен!» дейді кәдімгідей тамсанып. «Тағы кімдермен кездеседі екен, біз де барар едік» дейді. Ойпыр-ай, осындай да ғажайыптар болады екен! – деді мәз болып.
* * *
Табылдының бір үйдегі жалғыз бала екенін сонау сексенінші жылдардың басында жақын танысқан күндерден бастап білетін ек. Бірақ анасы осы ұлын әлгі «Бары да осы, нары да осы» дейтіндей-ақ, балпанақтай қылып туыпты. Оның тағдыры талайлы перзент екені өмірге келмей жатып-ақ белгілі болса керек. Анасының Табылға жүкті кезінде оқыста қайық аударылып, зорға аман қалғаны туралы әңгімеден құлағдармыз. Осы оқиғадан кейін дүниеге аман-есен... қошқардай болып келе қалған сәбиге ауылдағы әлдебір аузы дуалы қария алғаш «Тарланбөрі» деп есім береді. Алайда үйдегі үлкендер метірке алғанда мұндай атты қолайсыздау көріп, «Табылдыға» тоқталған секілді... Жоғары оқу орнын бітірген соң ештеңеге қарайламай еліне кететінін де күнібұрын белгілеп қойған. Жастары ұлғайған әке-шешеме қарауым керек қой дейтін-ді. Екінші курста әскер қатарына шақырылды. Ол оралғанша біз де бет-бетімізге тарап кеткенбіз... Қастерлі борышын алыс шет елде атқарып қайтып, университетті тәмәмдаған соң Табыл едәуір толқып жүріп бір күні:
Шаһари шақтар шырай бермеді шабытқа, Бет бұрдым сосын белгісіз талай бағытқа. Бес қабат үйдің тар бөлмесіне таңылдым, Сөнген сезімдей лақтырған қайың табытқа. Тамұқтың бейне жаһаннамында саялы, Қамықтым кейде алақан таппай аялы. Аттандым сосын сахара сары далама, Бәледен қашқан Машайық құсап баяғы. Ақжарма сезім бізден де сөйтіп алыстап, Тарттым да кеттім Ақжайықты өрлеп қарыштап. Алқам да салқам феодалша өмір сүрмекке, Ауылға барып Аманқос құсап мал ұстап. Дендерге келіп бойыма болды күш енер, Шабытпен сосын өлеңге кірсең іс өнер. Шаршаған шақта «Шырақтың» шулы барында Әлібек жезде, сыраңды менсіз іше бер! – депті де, Индерборға аттаныпты. Мен онда Қарағандыда едім. Әйткенмен, онда екі-үш жыл істеп, астанаға қайта оралдық та, Табылмен жыл аралатып қауышып тұратынбыз. Келген сайын жаңа әндерін тыңдататын. Әр сапары мазмұнды, қызықты кездесулерге ұласатын еді. Сол бір келгенінде әңгіме үстінде: – Алматыны аңсайтын шығарсың? – деп қалғаным бар. – Аңсаймын ғой. Қалай аңсамайсың. Дүбірлі студенттік шағымыз осында өтті. Сендердің көпшілігің осындасыңдар. Аңсайсың, әрине. Бірақ ұлы төзім бар ғой бізде! – деді әлден уақытта тастай түйіліп ұзақ отырып. Одан соң әдетінше жүрек қылын шерткендей қоңыр гитарасының шектерін іліп тартып, баяу ғана ән тербетті: – Қош айтпастан арнап келген ағама, Ақшам бітіп, алты күн сап араға, Сайтан кезген мына «жынды» қаладан Кеткем ақыр безіп мұңды далама...
Ауылға барып еуропалық мәнермен еңселі үй салыпты. Бірақ бастапқыда осы баспананы кәрі ата-анасы аса жерсіне қоймаса керек. – Табыл: «Қарттар жаңа үйге үйрене алмай жүр. Қайта-қайта өздерінің ескі құжыраларына кетіп қала береді. Соған қарағанда тәуелсіздіктерін қимайтын сияқты деді», – деп Нұрым Ерғалиев досымның ішегі қатып күлгені бар. Кейін құндыздай-құндыздай ұл мен қыз тауып берген әйелі Қарлығаштың жайсыз емесін сезетінмін. Басқасы басқа, ақынның нәзік жанын жан-жары түсініп жатса, бақыттың үлкені сол ғой. Баяғы бірде Табыл Алматыға келіп, екеуміз Әбіштің (ақын Әбубәкір Смайыловтың) шаңырағына соққанымызда зайыбының сонау Индерден звондап, сол үйдегі Раяға әзілдеп болса да: – Әй, менің шалыма дұрыстап қараңдар. Қарны ашып қалмасын!– деп тапсырып жатқанын естіп ішім жылып еді. Тегінде, ол бұл жағынан қорлық көре қойған жоқ. Табылды көбінесе айналадағы ағайынның тоғышарлығы қинайтын-ды. «Қазақ едім дегенше құсалықпын десеңші, тұзағына талайдың тұсалыппын десеңші» деп, Абай атасынша әуелден елдік мүдделерге көп алаңдады. Ел-жұртын биіктен көргісі келетін оның әрбір әнінің мағынасы да, шын мәнінде, сол үлкен ұлттық мұраттарға ұласып жататын. Одан соң өлермен дәлдүріштер дәуірлеп тұрған мына заманда өнер мен әдебиеттің құнын түсіріп бара жатқан надандыққа налып, қатты шаршағаны да анық... Тұрмыс тауқыметіне қаншалықты бой алдырмаймын дегенмен, өмір күнде той емес, тірліктің түрлі сәтсіздіктері де мойытпай қоймайды-ау. Былтыр ғана анасы қайтыс болып еді. Биыл жақын ағасы өтті дүниеден... Әйтеуір, кейінде Табылдың да сыр бермегенімен, ішқұса болып, күйзеліп жүргенін аңдайтын едім.
* * *
Бұл екі арада Өтежан аға да оралды. – Екі қабатты он екі бөлме үйі бар екен. Ауласы ат шаптырым. Жағдайы жаман емес сияқты, – деп келді. Қалтқысыз күтіпті. Армансыз қыдыртыпты. Жергілікті шайырлармен жүздесіпті екеуі. Кездесулер ұйымдастырыпты. Оны газеттер жазыпты... Өтекең Махамбеттің басына барғандағы әсерін: «Айдалаға тастап кеткен домбыра секілді екен мазары» деп, «беркініп садақ асынған» сайыпқыран ақынның зираты көрінісін таңдана әңгімелеп, мені де едәуір еліктірді. Кезінде Орал өңірін паналаған тағдырлары күрделі ақындар Свет Оразаев пен талпақтық Сағат Әбдуғалиевтың ескі үйлеріне апарыпты. Кейін музейге айналдырамын депті сол үйлерді. Табылдының өз оттарына өздері өртеніп өлген осындай адуынды дарындардың бұралаң өмір жолдарын ертеден қызыға зерттеп, олардың ғұмырының қалтарыс қырлары туралы көп толғанатынын білетінмін-ді... «Сіз тұрғанда, маған жараса қоймас» деп, «Қосай ата» медалін тағыпты Өтекеңнің өңіріне. Оны өзі бірталай еңбекпен алған секілді. Адайлардың ішінде сорпаның бетіне шығатын игі жақсыларына ғана бұйырған аса бағалы марапат сияқты бұның өзі... Өтекең өлгенше риза екен. «Медалі қатты ұнады!» дейді. Расында да, көрнекті көрінді. Үкімет берген «Құрмет» орденінің қасында айрықша жарқырап, көз тартып тұр. Соғымды қысқа қарай аласыз депті. Ал, Индерге көшіп келетін ойыңыз болса – жер жетеді, үй салып берем, кемпір алып берем деп әзілдепті... Оралдан Дендерге қайтқан жолда Табыл Жайықтың жағасындағы тоғандарға қайта-қайта түсіп, шомылумен болды дейді: – Мен анадайдан қарап қойып отырамын, ол маған қарайды... Қарайды да мені аяйды. Мен оны аяймын... Көз алдыма елден шалғайдағы тоғай арасында, оңаша түкпірде күйбеңдеп, бұйығы тірліктерін кешкен қарт Ақан сері мен оның дәрменсіз ұлы Ыбан елестеп өтеді де, аңтарылып сұрақ қоямын: – Қалай сонда? Бір-біріңізді аяғандарыңыз не?!. Өтағаң бір сәт үлкен көздері алайып, тосылып қалады. – Енді... Ол да қайбір жетісіп жүр дейсің сонау жырақта... Ал, мені мүсіркейтіні – марқұм Күләш байғұс апалары еді ғой өздерінің... Менің қазіргі қорғансыз халімді түсінед те!.. Алайда Өтекеңнің көп сырды бүгіп, сөз аяғын іркіп қалатынын байқаймын. Толық ашылмайды. Бәрібір кейінірек білдік қой біраз жәйтті. Әйтеуір, ақырына дейін әне-міне Табыл Алматыға келіп қалар деп елегізумен жүргемін. Бір күні кештетіп өзі емес, қаралы хабары жетті... Таңертеңіне-ақ Өтежан ағаны бетке алғамын. Қазаны естіртіп, көңіл айтпақшы ем. Дағдысынша «Қазақстан» Ұлттық арнасының қарсы бетіндегі аллеядағы орындықта шалқайып отыр екен. Анадайдан-ақ көрдім, түрі әлем-тапырық. – Айрылып қалыппыз, – деді қасына жете бергенімде-ақ. – Сұм ажалға не шара… Жасамаған ғұмырын бала-шағасына берсін... Сөйтіп өзімді жұбатты. Одан ұзақ түнеріп отырып, қатты опынды: – Өмірдің ләззатын сезінуі керек еді. Кетуі керек еді о жерден. Сол сапар әкесі Аякеңе айтып ем... Жібер баланы еркіне деп. Ұстама, қалуға болмайды мұнда деп. Ақсақал ұнатпады мені... Түсіндім Өтағаңның не айтқысы келгенін. Қайда жібереді?! Өлмелі әке мен енді-енді ғана жетіле бастаған бала-шағаны тастап қайда кетеді? Өз тағдырыңнан қайда қашып құтыласың?.. Бірақ менікі де әшейін жандалбаса күйкілеу ой ғой бір. Әйтпесе, үлкен кемеге үлкен айдын қажет екенін, парлап самғайтын кеңістік керек екенін білмейді дейсіз бе. Қолма-қол шешіле қалмайтын күрмеуі қиын шаруа болғанымен, шын іздесе, осынау тұйықтан шығатын жол табылар да еді. – Прозаик болса, шығып кетер еді-ау сол тупиктен. Ал әкімдікке қыры жоқ екенін әуел бастан байқағам... Өтекең қиялын шартарапқа шырқатып, боздақ бауырым қайткенде аман қалар еді деп, ақылы адасады. Жетпістен асқан шағында көрмеген құқайы, кешпеген шырғалаңы қалмаған... Оқып түгеспеген әдебиеті жоқ кәрі тарлан... Сезімтал ақын жүрек сол барғанында-ақ жағдайдың бәрін байқаған екен. Қабырғасы қайысып, толғанған екен. Анығында, сол кезеңдер Табылдының тығырыққа тірелгенін мен де білгенмін. Көпшілік шығармашылық адамдары бастан өткеретін қалыпты жағдай. Әйткенмен, кеудедегі дауылдың тынши қалуы оңай нәрсе емес. Сондықтан да бұл уды да, суды да ішкізіп, сана сансырататын аса қайшылықты сәттер. Мұндай шақта жан әлеміндегі үйлесімнен де береке қашып, өз жаныңды өзің жұлып жегендей боласың. Тек осы үдеріс ұзаққа созылып кетпесе деп қауіптенгенім де рас-ты. Әйтеуір, Табылдың мұндай ауыртпалықтың бәрін жеңіп шығатынына шүбәм жоқ еді. Өйткені оның дарын құдіретіне шексіз сенгенмін. Алайда, амал не, жынды санап Біржан салдай ұлдарын бұғаулап, «шешсеңші, білегіме арқан батты» деп шырқыратқан ағайынның қатыгездігі бүгін де асқына түспесе кеми қойған жоқ қой; қазір қарап отырсам, Табылдың да қалт-құлт етіп, құз жартастың ернеуінде тұрғандай өте қатерлі тұсында маңайдағы кейбір туысқандар тыныштық беріп өз-өзімен қалдырудың орнына, отырса опақ, тұрса сопақ қылып, түртпектеп, құлап кетуіне «жәрдемдескендей» көріне береді. Енді, міне, Табылдың кейінгі жазған өлеңдерінің біріне қайтадан шұқшиып, әлгі күдігім растала түскендей, ойран-асыр боламын: – Алып кет мені ауылдан аға, Сені аңсап біраз шет жүрдік. Мен өмір сүрген қауымға қара, – Айналысқаны боқ тірлік.
Жанымды салма зарлатып отқа, Болмысым сені күтті әр күн. Алып кет мені Алматы жаққа, Азаптан сүйтіп құтқарғын.
Рәсуасы болып ессіз ғаламның, Дендерім – туған жерімде. Махамбет құсап бассыз қалармын, Қаройдың қара көрінде.
Қаройға мені жерлетпеші, аға, Дәру бол кесел – жарама! Көшір де, кенттік пендеге сана Алматы – әсем қалаға.
Сақи басыма намыс байланып, Жүргенде саған жолықтым. Кетермін бір күн арысқа айналып, Аға, сен содан қорыққын! – деп, төнген қауіпті анықтан-анық ескерткен екен. Жан дауысы шығып, ышқынған екен. Ести алмаппыз...
* * *
Кейбір жігіттер «Табылдының өнерін көзі тірісінде ешкім бағаламады, енді әдетімізше, өлтіріп алып, небір нәрсені айтып зарлаймыз» деп ренжіген сияқты. Мұның шындығы да жоқ емес шығар, алайда өз басым, сонау сексенінші жылдардың аяғында «қазақ үшін Высоцкий мен Окуджава сияқты бардтар бір төбе де, Табыл бір төбе» деп бірталай жаздым. Оның ерекше қырларын айттым. Өкініштісі, ол ойдың бәрі Қарағанды облысы аумағынан аса қоймады. Оны Табылдының өзі де білді. (Айтпақшы, кеше ғана естідім, Қарағанды қаласындағы студент жастар Табылды дүниеден өткенде қаралы митинг жасап, өлеңдерін оқып, әндерін орындапты). Алдағы уақытта да жазармыз деп жүрдік қой. Аяқ астынан көз жазып қаламыз деп кім ойлайды. Ертеңіміз бар деп үміттендік. Сөйтіп жүргенде Табылды досымыз да домбыраның ширыққан шегі секілді үзілді де кетті. Ұлы төзім де түгесіледі екен. Шексіз кеңістікті көксеп құсадан күйген қоңыр қозы ақырында сол әйгілі Қараойдан сая тапты.
Құлтөлеу МҰҚАШ. 10.11.2010
qazaquni.kz