БҰЛ – БАУБЕК БҰЛҚЫШЕВТЫҢ ЕМЕС, ӘЛИ ЕСМӘМБЕТОВТІҢ КЕСКІНІ!
2016 ж. 19 ақпан
6969
0
Кейінде республикалық басылымдар әйгілі жауынгер жазушы Баубек Бұлқышевтің кескіні ретінде сол майдан даласынан оралмаған дарынды ақын Әли Есмәмбетовтің суретін жариялауды әдетке айналдырып барады. Тіпті, осы бейнені Түркияда өтетін Баубек Бұлқышев құрметіне арналған бір халықаралық дүбірлі шара аңдатпасынан да көріп қалдық...
Бұл қалай деп, «зерттеу» жүргізіп көрсем, кінәнің басым бөлігі бетті безендіруші мамандар үлесінде жатқан сияқтанды. Мәселен, интернеттен Баубек Бұлқышев кескінін іздесеңіз, әскери киімдегі бірнеше бейне шыға келеді. Бұлардың ішінде Әли Есмәмбетовтің фотосуреті бірінші болып тұр. Міне, дизайнерлер осыны алады да, түр-сипаты ұқсай ма деп бас қатырып жатпай-ақ Баубек орнына сарт еткізіп сала қояды. Жалаңбас. Сұп-сұлу. Сымбатты. Ылғи тартымдылық іздейтін безендіруші шеберге керегі де осы. Ал бұл нақты кімнің бет жүзі – бұған редакторлар да, жауапты хатшылар да мән беріп жатқан жоқ. Өйткені, өздері Әли мен Баубектің түрлерін ажырата алмай, дизайнерлерге сенеді. (Бәрібір бұл оларды жауапкершіліктен босата қоймаса керек).
Баяғыда жас тілшілердің өзі білмейтін, көзі жетпейтін нәрсесін үлкендерден, кәнігі мамандардан сұрап, біліп отыратын үрдіс болатын еді. Кейінде бұл да біртіндеп қала бастағандай. Бүгінде ысылмаған жастардың бәрін алды-артқа қарамай төпей беретін дағдысы өршіп тұрғандай. Соның салдарынан ел адасады, ұрпақ шатасады. Бәрінен бұрын мұндай жаңсақтық сонау арманда кеткен арыстардың аруақтары алдында күнә шығар...
Біз бұдан бірталай бұрын Әли ақынның туған қарындасы Раушан Толыбекова-Алтайбаеваның ағасына қатысты мақаласын жариялаған едік. («Зарықтырған қайран ағам ақыры оралмады». – Қазақ үні. №41 (650), 21-қазан, 2014.).
Автор бізге сол материалынна қоса дәл осы кескінінді өз қолымен берген еді. Енді көпшілік назарына апайымыздың мақаласын ұсынуды жөн көрдік. Себебі, осылай тоқтау салмасақ, қателік жалғаса беретін түрі бар.
Құлтөлеу МҰҚАШ, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы
ЗАРЫҚТЫРҒАН ҚАЙРАН АҒАМ АҚЫРЫ ОРАЛМАДЫ...
Қазақстан Жазушылар одағының кіреберісінде Ұлы Отан соғысында майдан даласынан қайтпаған қаламгерлердің аты-жөні қашалған мәрмәр тақта тұр. Соның бел ортасынан Әли Есмәмбетовтің де аты-жөні анық көрінеді. Ол сонау отызыншы жылдары қазақ поэзиясына Қасым Аманжолов, Қалижан Бекхожин сынды бір шоғыр ақындармен қатар келген дарынды жастардың бірі болатын. Арманда кеткен сол арыстың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай майдангер шайырдың туған қарындасы Раушан Есмәмбетқызының ой-толғанысы жарияланып отыр. Біз ағайынды алтау едік. Әли – бес ұлдың ішіндегі ең кішісі. Екеуміз тетелеспіз. Сондықтан, егіз қозыдай қатар өстік, басқа төрт ағам бір төбе де, Әли бір төбе болатын. Мені айрықша жақсы көруші еді. «Ақ Раушаным, Назымханым» деп еркелететін-ді (кітабында «Раушанға» деген өлеңі де бар). Өзі Абай атындағы Қазақ педагогика институтын үздік тәмәмдап, екі жылдай Зайсан қаласында мұғалім болып жұмыс істеп келген. Одан кейін әскер қатарында қызмет етіп қайтқан-ды. Сонда жүргенде абайсызда аяғынан қатты жараланып, дәрігерлер кесеміз деген екен, оған келіспей, жарақаты кейін жазылып кеткен-ді. Баласы майданға аттанарда Есмәмбет әкеміздің: «Қап, Құдай-ай, ең болмаса, сонда аяғынан зақым келіп, Әлижанымды фронтқа бармайтындай қылып та қоймаған екен!» деп егіліп жылағаны да есімде. 1941 жылы тамыздың 13-і күні бір топ жолдастарымен екеуміздің үлкен ағамыз, сол кездегі ҚазПИ-дің ректоры Серғали Есмәмбетұлы Толыбеков бар, бәріміз республикалық әскери комиссариат алдынан майданға аттандырдық. Әли көп уақыт хабарсыз жүрді. Кейінірек «Қазір толарсақтан қан кешіп, сұрапыл майданның ішінде жүрміз. Жылап-еңіреген шал-кемпір, улап-шулаған бала-шаға... Ыңырсыған жаралылар... Енді солардың кегін қайтару үшін қалайда жеңуіміз керек!» деген мазмұндағы хаттары да келе бастаған. Күндердің күнінде «Сендер неге үнсіз қалдыңдар? Мен Павлодарда немесе Шымкентте командировкада жүрген жоқпын ғой! Майданда жүр емеспін бе!» деп жан даусы шыққан хаттары да көбейді. Ең соңғы хаты 1942 жылы сәуір айында келген. «Қарақтарым-ау, неге хат жазбайсыңдар?! Жаным, Раушан-ау, Серғали-ау, Тінәлі аға-ау (Бұл да үлкен ағамыз. – авт.), неге тым-тырыс жатырсыңдар? Менің ұлым не қызым болуы керек еді ғой, соны неге айтпайсыңдар, неге үндемейсіңдер?! Бойымда кейінде бір беймәлім үрей билеп жүр» депті. Бәріміздің жүрегімізге тиген оқтай еді бұл хат. Себебі, Әли соғысқа аттанған кезде екіқабат қалған әйелі Сақыпжамал Құсайынқызы (белгілі драматург-жазушы Шахмет Құсайыновтың туған қарындасы) 1941 жылдың желтоқсан айында бала үстінде қайтқан-ды. Сәбиі де аман қалмады... Сөйтіп, туған-туыс бір емес, екі адамды қатар жерлеп, қатты күйзеліп, сорлап жүргенбіз. Әлгіндей қасіретті хабарды Әлиге қалай естіртпекпіз! Әйел-балаң өліп қалды, қапияда айырылып қалдық деуге аузымыз бармай, ақылдаса келіп, қоя тұрайық деп сол күйі жаза алмағанбыз (сонымыз үшін өзімді Әлидің алдында әлі күнге дейін кінәлі сезінемін). Қайтейін, қайран бар ма! Әли офицер еді. Майданда Айрықша бөлімнің (Особый отдел) бастығы қызметін атқарған екен. Кейін, бертіндегі бейбіт заманда ғана белгілі болғанындай, ол 1942 жылы мамырдың 25-інде сарбаздарды бастап шабуылға шыққаннан қайтпапты. Бірақ, осы орайда, жанға батса да бір шындыққа тоқтала кетпесе болмас. Ә.Есмәмбетов соғыстан қайтпағаннан кейін біздің кезінде Қазақ ССР-інің Мәдениет Министрі, академик болған ағамыз Серғали Толыбековке өшіккен біреулер атына кір келтіру пиғылымен «Мұның туған інісі сатқын Мұстафа Шоқайдың легионына өтіп кеткен опасыздардың бірі» деп қаңқу сөз таратыпты. Біз хабарсыз кеткен Әли бауырымыздың мән-жайын анықтау үшін Мәскеудегі әскери комиссариатқа хат жаздық. Ол Омбы қаласы арқылы кеткен еді, онда да хабарластық. Менің бірде Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі екінші хатшысы Жұбан Молдағалиевке барғаным бар. Ол өзі де майдангер адам... Әлгі сөздің ақ-қарасын анықтап, бір хабарын біліп берер деп... Сөйтіп жүргенде бір күні «Жазушы» баспасында менімен бірге қызмет ететін ақын Қабдікәрім Ыдырысов деген жігіт: – Рәке, сүйінші, ағаңыздан хабар бар! Мәскеудегі орталық Әскери Комиссариаттан жауап хат келіпті, – деді. Қуанғаннан екі өкпемді қолыма алып үйге жетсем: «Реке, Әли Есмәмбетов деген ақынды білеміз деген қағаз ЦК-ға баяғыда келген екен ғой, тіпті!» деп жолдасым Жүсіп Алтайбаев мәз болып отыр. Сөйтсе, Ж.Молдағалиевтың сұратуынан кейін Орталық Комитеттен жауап келіпті. «Ә.Есмәмбетовті білеміз. Бізде құжаттары сақтаулы. Үлгілі офицер еді. Шабуылдан қайтпаған. «49-69» деп аталатын әскерлер полкында Айрықша бөлімнің бастығы қызметін атқарған. Ал, ол туралы сіздердің араларыңызда шығып жүрген өсек-аяңда ешбір негіз жоқ» делініпті онда. Осыдан кейін көп ұзамай «Қазақ әдебиеті» газетіне Қалижан Бекхожинның Әли Есмәмбетов туралы үлкен мақаласы шықты. Жүгіріп оған барып, бетінен сүйіп: – Ойбай, айналайып кетейін, бауырым-ау, Әлиді жарыққа шығардың-ау! – деп қуанғаннан жылап жүрмін егіл-тегіл. Онда Сәбит аға да, Ғабит аға да бар. Жұбан – хатшы. Ол кезде бірінші хатшы Әди Шәріпов пе екен, есімде жоқ... Әйтеуір, 1970 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында майданнан қайтпаған қаламгерлердің туған-туыстарын құттықтап, түрлі сыйлықтар да үлестіріп жатты. Маған да талантты ақын Әлидің қарындасы ретінде қызғалдақ гүл шоғы мен үлкен құтылы «Красная Москва» әтірін сыйлағаны есімде. Соны алып тұрып не дегенімді де білмеймін, президумға келіп отырған төрағаларына рахметімді айтып, ағыл-тегіл алғыс-сезімімді жеткізіп, тағы бір жолы қатты қуанып, толқығаным бар. Осыдан соң Әли Есмәмбетовтің аты Қазақстан Жазушылар одағындағы соғыстан оралмаған майдангер жазушыларға қойылған мемориалдық тақтаға ойылып жазылды. Өлеңдері де мерзімді баспасөз беттерінде жиі қайта жариялана бастаған. Әли өз елін, қазақ жерін, Отанын өте бір нәзік сезіммен сүйген аса патриот ақын еді. Мәселен, оның өлеңдері көбінесе:
– Күлімдеп қарап күншығыстан, Күн сияқты көрінген нұсқаң. Күміспен көктеп асқар таулары Сап-сары құйма алтынды құшқан, Қазақстан, Қазақстан!..
...Сыңсыған қолға тайсалмай шапқан, Қобыланды батыр, Тарғынды тапқан. Көкала түтін көп жорықпен Ғасырлар бойы келе жатқан Қазақстан, Қазақстан!..
...Жержүзілік мәжіліс болса, Барлық ақындар бастарын қосқан. Талайлар сонда сөйлемек болып, Уәкіл болып әрбір тұстан: – Мен Парижден, – Мен Берлиннен, – Лондоннан... Сонда мен айғайлармын: – Мен – Қазақстаннан! – деген сарында жазылатын. Өзінің соғыстан бұрын шыққан бір кітабы бар еді. Қазір жоқ. Қайда қалғанын да білмеймін. Бірақ жекелеген өлеңдерін кейінгі кейбір ірі ақындардың жинақтарынан ұшыратып қалғаным да жасырын емес. Одан бері де талай заман өтті ғой. Кейініректе Әлидің бұрынғы газет-журналдарда жарияланған, үйде қалған, туған-туыс, жора-жолдастардың қолында жүрген өлеңдерін жинастырып, «Жазушы» баспасына тапсырғанмын. Ол жинақ 1969 жылы «Жырлап өткен өмірді» деген атпен жарық көрді. Ал, бертінірек, жаңылмасам, Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында болу керек, өзіміздің атамекеніміз, атап айтқанда, Қызылорда облысы, Қазалы ауданына қарасты Байқожа стансасының басшыларына: «Сол жерден Әли Есмәмбетов деген белгілі ақын бауырларың майданға аттанған. Енді осындай жерлестеріңнің атын ұмыт қалдырмағандарың жөн ғой» деген мазмұнда хат жазғанмын. Көп ұзамай жауап та келді. Кеңтүбек аталатын елдімекендегі «Қазалы» ақ қой кеңшарының «Железнодорожная» көшесін Әлидің атымен атау туралы шешім қабылданыпты. Қазір ол көше Ә.Есмәмбетов атында. Міне, менің қыршын, боздақ ағамның әруағын риза ету үшін істеген жұмыстарым осылар ғана. Басқа үлкен шаралар қолымнан келмеді... Осы тұста айта кетейін, менің бір қызымның есімі – Шолпан. Соғыс біткеннен кейін арада екі жыл өткенде дүниеге келген қыз еді ол. Майдангерлер лек-легімен елге оралып жатқан кез болатын. Соғыстан қайтқан солдаттардың сауы бар, балдаққа сүйенгені... Қолы шолақтары бар... қайтып жатқан тұс еді... Сол кезеңде, Әли осылардай бір мүшесі кем болып келсе де, оралса екен деп зарыға күткен кезде туған перзент қой. Бұл қыздың атын өзім қояйын дедім үлкендерге. Әлидің «Шолпан» деген поэмасы бар. Соның құрметіне қойдым. Кейін жақсы бойжетіп, тұрмыс құрды о қыз. Ғылым кандидаты болды. Бірқатар кинофильмдерге түскен. Олардың арасында ең белгілісі «Тақиялы періште» кинофильміндегі Айшаның рөлі болар. Мұны айтып отырғаным, Шолпан Алтайбаеваны білетін көпшілік қауым оның есімінің ертерек мерт болып кеткен Әли Есмәмбетов деген дарынды ақынға да тікелей қатысты екенін біле жүрсін деген ой ғой... Сондай-ақ баяғыда кейбір құрбы-құрдастарымның «Ағаңызға ақындық кімнен жұққан?» деп сұрап қалатыны бар еді. Қазір ойласам, Әлиге ол қасиет шешеміз Шекерден дарыған сияқты. «Оқудан менің қалқам майда келер, жадырап күн жылыған айда келер. Сағынып ата-анаңды алаңдама, оқысаң түбі білім пайда берер» – деп оқуда жүрген Әли баласына деп сәлем жолдайтын сауатсыз анамыздың ақындығы жоқ емес-ті. Сондай мейірімді, ақылды жан еді жарықтық. 1944 жылы қайтыс болды. Жылап-еңіреп жүріп, Әли баласының қайғысын көтере алмады. Көп үміт күткен кенже ұлының уайымы әкемізге де оңай тиген жоқ. Сол ауыр күндердің бірінде жылай-жылай екі көзінен айырылған ол да бақилыққа озған еді... Енді маған Әлиді көру жоқ шығар. Бірақ, неге екенін қайдам, күдерімді үзе алмадым... Кейде бір ақ бас шал есік қағып «Раушанжан-ау!» деп келіп қалатындай елеңдеймін. Әли қатарлыларды көргенде оларға қызығып та, қызғанып та қараған кездерім болды ғой. Бірақ қайтейін, қайран ағам келмеді!.
Раушан ТОЛЫБЕКОВА-АЛТАЙБАЕВА
Сөзсіз көрнекті әдебиет қайраткері болар еді
Отызыншы жылдардағы республикалық баспасөз бетінде Әли Есмәмбетовтің есімі жиірек кездесетін... Өлеңді еселей жазған Әли өз қатарынан бұрынырақ өлең кітабын шығарып, әдебиет айналасына келешектен жақсы үміт тудырған талант есебінде танылып та қалған еді. Ал қырқыншы жылдардан кейін Әли Есмәмбетовтің есімі біздің поэзия әлемінен біржола жоғалғандай ұзақ уақыт тасада қалды. Бір кезде өлеңсүйгіш жұртшылыққа, баспасөз бетінде есімі белгілі болған және кезінде ақындық өнерімен, жас та болса өнегелі мінезімен ортамызда қадірлі бола бастаған бұл ақынның аты жиырма жылдан астам уақыт неге аталмады деген сауал туары әбден ықтимал. Әлидің алғашқы өлеңдер жинағы 1938 жылы шықты. Сол тұстардағы жалпы жинақтарда да Әли шығармалары недәуір көбірек жарияланған еді. Майданға аттанар алдында Әли «Көркем әдебиет» баспасына жаңа өлеңдер жинағын тапсырып кеткен болатын, сол жинақ ұшты-күйлі жоғалды да, жарық көрмеді. Ол: – Көрінсе өлеңімнен біздің заман, Жеңімпаз жаңа дүние жарқылдаған. Құлпырған қырмызыдай жастық шағым, Құрметпен қол көтерсе сонда маған. Сөзімді болашақ жас ұғып көрсе, Тарихтан келешек күн орын берсе! – деп армандаған еді. Әли тегінде Қасыммен мен секілді думаншыл емес те еді. Онысынан ұтымы да көп болды. Біз, Қасым, Әли, Әлжаппар, Әбу – бәріміз 1939 жылы Москвада жас жазушылар мәслихатына қатыстық. Бұл сапарымызда біз атақты Алексей Толстоймен, Александр Фадеевпен, Николай Тихоновпен, Леонид Соболевпен, тағы да сондай белгілі жазушылармен кездесіп, кеңес құрдық. Сол кездесулерде есімі аталған жазушылармен бірге түскен суреттеріміз де бар. Еске түсіргім келіп отырғаны, бір күні біз Қасым екеуміз думаншылап жүргенде Әлилер даңқты ұшқыш Чкаловтың қасында үлкен планда ойлы көзбен қарап қалыпты. Мінезінде ұстамдылық және кісілік өнегесі басым Әли Есмәмбетов талантын өсіре отыра, ертедей қаза таппағанда қазір әдебиетіміздің көрнекті қайраткері болар еді деген пікірдемін мен.
(Ақын Қалижан Бекхожиннің «Өз шағының жас жыршысы» мақаласынан үзінді.1969 жыл).
Жарқ етіп өшкен жасындай екен
Әкемнің айтуынша, Зайсан қаласында жоғарғы класта оқып жүргенде бұларға әдебиеттен Әли Есмәмбетов деген жігіт сабақ беріпті. Өзі Қызылорда облысының тумасы сияқты. Зайсан – заманында Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, «Қазақ қызы» романын жазған татар Ғалімжан Ибраһимов сынды басқа да бірқатар белгілі тұлғалар қызмет атарған үлкен мәдени орталық қой. Әлиді де сондай дәм тартқан секілді. Әкем – ақын Есет Әукебаев екеуі кластас. Соғыстың алды о тұс. Әли Есмәмбетовтің аты талантты жас ақын ретінде қатты дүркіреп шығып жүрген кезі көрінеді. «Лениншіл жас», т.б. газеттерде өлеңдері жарқырап жиі шығып жүрген шағы. Әсіресе, оның «Шолпан» деген поэмасы ерекше әсер туғызған (оқиғасы Зайсан көлі маңында өрбитін ол шығарма Қазақ-совет поэзиясының екітомдық антологиясына енген). Әлидің мұғалім ретіндегі бір ерекшелігі – сабағын өткізумен шектелмей, оқушыларды өлеңге баулиды екен. Содан Есет аға бар, біздің әкеміз Оразбай Есдәулетов бәрі жабылып өлең жазады. Әли айтатын көрінеді: «Ақындардың аты қысқа болу керек. Абай деген сияқты. Сәкен деген сияқты. Ілияс деген де ұзақ емес. Ал енді, сенің есімің Есмағамбет. Ұзақ. Сондықтан, сенің атыңды қысқартып, Есет деп алу керек. Ал сенің атың Ораз болсын!» деп. Әкейдің: «Сөйтіп, Есмағамбет Есетке айналды. Ал мен ақын болмағандықтан, өз атымды қысқартпай, толық алып қалдым, әйтеуір» деп күліп отыратыны есімде. Соғыс басталғанда, алдымен Әлиді әкетіпті. Содан көп ұзамай менің әкем бастаған жоғары сыныптың оқушылары да біртіндеп аттана бастайды. Әкемнің кейін Әли Есмәмбетов туралы: «Тірі болғанда қазақтың Қасым сияқты маңдайалды ақыны болатын-ақ керемет бір дарын иесі еді!» деп тамсанып айтып отыратынын талай естігем. Бірақ, амал не, Әли ақын да небір боздақтарымыз секілді майдан даласынан оралмапты.
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Әлидің хаттарынан
Серғали, амансыңдар ма? Жағдай жақсы. Мен осы кезде сені командировкада болар деп хат жазған жоқ едім. Мен мұнда НКВД-ның әскер қатарында істеп жатырмын. Оқу – қысқа мерзімді. Қазір аяқтап қалдық. Енді ертең-бүрсігүндері қызметке аттанамыз деп тұрмыз. Біз мұнда кәдімгі Ішкі Істер Халық комиссариатының штаттағы тұрақты адамы болып саналамыз. Толық айлық алып жүрміз. Ал қай бағытқа кетеріміз әзірге белгісіз. Мүмкін, майданға кетуіміз. Қалай қарай кетсем де кезінде хабарлаймын. Тінәлімен хат алысып тұрамын. Ауылға Сәкенге хат жазып жіберген болатынмын. Секе, осыны алысымен, тезірек хат жазып, аман-саулықтарыңызды білдіріңіз. Ералыдан хабар бар ма екен? Бөтен сөз жоқ. Туған-туысқандарға, үй-ішіне сәлем. Әли. Новосибирск. 7 қыркүйек, 1941 жыл.
Серғали! Тегіс амансыңдар ма? Менің денім сау. Көп күннен бері Ленинград маңындағы бір елдімекенде едік. Міне, бүгін майданның өзіне кетіп бара жатырмыз. Енді бір-екі күннің ішінде ұлы күрестің ішінде боламыз. Денім сау, қызметті атқарудамын. Енді менен ұзақ уақыт хат-хабар болмай кетуі мүмкін. Оған аса уайымдап, күйзелмеңдер. Кемпір-шалға, Сәкеңе, Тінәліге менен сәлем. Болатжан мен Алмасбекті сағындым. Олар «Кімнің інісісің?» дегенде, «Әлидің інісімін» деп жауап беретін еді. Сұрап, айтып қойыңдар. Ұмытып кетіп жүрмесін. Бөтен сөз жоқ, қош болыңдар! Шахметтің үй-ішіне, Ажарға көп-көп сәлем! Әли. 2 қазан, 1941 жыл.
Серғали! Денім сау. Майдандамын. Жаңбырдай жауған оқтан, жарылған снарядтан есен-сау жүрмін. Жау жеңіледі. Оған сөз жоқ. Біздің қызыл ерлер тамаша қимылдауда. Хат жазуға да уақыт жоқ. Сендерді әбден сағындым. Осыны алысымен тез хат жаз. Телеграмма бер. Қандай қиыншылық болса да қарсы барамыз. Совет жерін жаудан тазартамыз. Біздегі мақсат осы ғана. Анау Сақыш қолдарыңда ғой. Туысқандық сезіммен қарап, көмектесіңдер. Оған үш-төрт рет ақша жіберген едім. Алып-алмай жүргенін де білмеймін. Бөтен сөз жоқ. Туысқандарға, Болат пен Алмасжанға сәлем! Мені көп уайымдамаңдар. Соғыста жүрген кісінің өмірінде өзгеріс деген тез болып тұрады ғой. Дегенмен, оған қайғырып жүрген біз жоқ. Алдағыны көрерміз. Серғали! Егер менен ұзақ уақыт, үш-төрт айдай хабар болмай кетсе, «Новосібір қаласы, ерекше бөлім, СИБВО, Никитинге» деп хат жазып, менің жайымды білуіңе болады. Өйткені, ол менің хабарымды біліп жүреді. Хош болыңдар! Әли. 17 желтоқсан, 1941 жыл.
Сүйікті Сақыш! Сенен осы ұзақ уақыт ішінде бір-ақ рет открытка алдым. Неге жиі жазбайсың? Я ждал сына, или дочку. Почему вы молчите? Хочу знать. Денім сау. Майдандамын. Серғалидан екі рет хат алып, жақсы боп қалдым. Әбділда, Шахмет неге хат жазбайды? Апам, Сара, Раушандардың дендері сау ма? Жағдайларың қалай? Толық етіп жаз. Бөтен сөз жоқ. Хош! Әли. 13 наурыз, 1942 жыл.
Әй, Сақышжан, келесі хатыңда жазшы, мен саған күзде екі-үш рет ақша жіберген едім. Алдың ба? Егер ақша дұрыс барып тұратын болса, тез арада тағы да жіберемін. Хош! Сүйем, сүйем, сүйем! Менің қалай сүйетінім, қалай әурелейтінім өзіңе мәлім ғой! Вот, солай жаным, ерке Сақышым. Хош! Әй, әлгі кішкентай баланың атын кім қойдыңдар? Тез хабарлаңдар. Әлиің. 13 наурыз, 1942 жыл.
Серғали, келесі хатыңда Тінәлінің және Ералының хабарын жаз. Олар қайда? Шахметке сәлем айтыңыз (Шахмет деп отырғаны өзінің сүйікті жары, Сақыштың ағасы, белгілі жазушы-драматург Шахмет Құсайынов – Р.Т-А.). Хат жазсын. Қазақ әдебиетіндегі жаңалықтарды жазуын сұраймын. Раушан мен Жүсіпке сәлем айтыңдар. Әли.
Сақыш! Сен майдандағы кісінің жағдайын түсінуің керек. Мен Шымкентте, болмаса, Көкшетауда командировкада жүрген жоқпын ғой. Оқ ішінде, Герман фашизмімен күресте жүрмін. Сондықтан, сен маған көмектесуің керек. Жиі хат жаз. Келесі хатпен суретіңді жібер. Және Болат пен Алмастың суретін жібер. Украинаның кең даласында жүріп жатырмыз. Жаз келді. Қандай жақсы. Хош! Әлиің. 7 сәуір, 1942 жыл.
Жүсіп, Раушан, дендерің сау ма, қарақтарым? Кішкене Сәулетай мен Саиджанның дендері сау ма? Сендердің жазған хаттарыңды алып, қатты қуанып қалдым. Мұндай алыс жерде фашистермен алысып жүргенде, туыстардан хат алу өздерін көргенмен бірдей. Сондықтан сендерге көп рахмет! Осы хаттарың арқылы елден көп хабар білдім. Амандықтарыңа қуанамын. Раушан, айналайын, Назымханым! Ағамның көзін қаратып, операция жасатқаның өте жақсы болған. Осыдан қан тілеген жауды жеңіп қайтқан соң, ағам мен жеңешемді («Ағам мен жеңешем» деп отырғаны әкесі Есмәмбет пен анасы Шекер. – Р.Т-А.). Сақыш екеуіміз қолымызға алып, бағамыз. Мен келгенше сендер де көз қырын сала жүріңдер. Сердалы ағамнан, Серғалидан, Тінәліден хат алып тұрамын. Ералыға да қарасып, халдарын біліп тұрыңдар. Ал енді менен хал білмек болсаңдар, зұлым, қан тілеген жаумен арпалысып жүрміз. Біздегі жалғыз тілек пен мақсат – осы жауды жеңіп, елге жеңіспен оралу. Ол сөзсіз! Жау жеңіледі, жауды талқандаймыз. Оған күмән жоқ. Хош, сау болыңдар, Жүсіп, Ақырауым-Назымханым! Әли. 2 ақпан 1942 жыл.
Дайындаған Құлтөлеу МҰҚАШ, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы qazaquni.kz