Румын жігіттері Есентаеваның "Гүл-әпшесін" қайтарып алмай қоймайтын сыңайлы

гул1«Гүл әпше» төңірегіндегі дау қыза түсті. Осыған дейін жазғанымыздай, Баян Есентаеваның продюсерлігіндегі «Алау» тобы «Гүл әпше» әнін 30-шы жылдары румын әншісі Мария Лэтэрэцудың әнінен көшіріп алғандығы мәлім болды. Нақтырақ айтқанда, «алаулықтар» румындық әннің өзгертілген нұсқасы «Ро-Мания» тобының әуенін алған. Бастапқыда бұл ұқсастықты Gakku арнасы байқап, жігіттерді ұрлық жасады деп айыптады. Бұл туралы Baistars.kz хабарлайды.

Баян ханым бұл жағдайды жауапсыз қалдырмай, ән ұрлық емес, кавер нұсқа екенін айтты. Және бұл айыптауы үшін Gakku арнасы кешірім сұрағаны ләзім деді. Ал Gakku арнасы кешірім сұрамақ түгіл, бейнебаянды өз Youtube арнасынан алып тастады.

Бұған себеп те жоқ емес, Gakku арнасына Румын мәдени орталығының негізінде құрылған «Дакия» этнофольклорлық ансабльдің солисі хабарласқан. Дәл осы ансамбль осы әнді Қазақстан территориясында шырқауға рұқсат алып, орындап шыққан. «Бәріміз Қазақстанның патриотымыз және мемлекетіміздің заңдарын ұстануымыз тиіс, басқалардың құқығын таптамауымыз керек! Баян Есентаева бастапқыда кавер деп айтпады, румын тобының аранжировкасын таза күйінде алып алған. «Ро-Мания» тобымен біз жақсы қарым-қатынастамыз. Біз қоғамдық қауымдастық болғандықтан концерттерімізден еш пайда таппаймыз, олай болса неге құқығымызды қорғамауымыз керек?!» — деп жазды Алекс Мурашев есімді ансамбль солисі Gakku арнасының жеке парақшасына.

Сонымен бірге, бұл әннің плагиат екені анықталғанда ғана, Баян Есентаева кавер хэштегін қосқандығы жайлы жазғандар көп. Оған қоса, кавер нұсқа ешқашан таза нұсқасын қайталамауы керек, оған бейнебаян түсірілмейді және арналарға ротацияға жіберілмейді, тек орындаушының жеке топтамасында тұруы тиіс дегендер болды.

Баян Есентаева бұл әнді бір кездері Эдит Пиаф та орындағанын алға тартқан, алайда мәлім болғандай Эдит Пиаф осы әнді орындаған сайын авторға гонорар төлеп отырған.

Румын мәдени орталығының мүшесі жақында осы әннің аранжировкасын жасаған авторлар Қазақстанға келетінін мәлім етті. Келген бойда Баян Есентаевамен диалог жүргізбекші. Және Gakku арнасына оларды қолдағаны үшін алғыс білдірді.

Дерек көзі: baistars.kz