Астанаға "Оңай" келе жатыр. Ол оңай бола ма?
2016 ж. 11 ақпан
2694
7
Елордадағы қоғамдық көліктердің қызмет сапасына қатысты арыз-шағымдар бұрын да аз айтылмайтын еді. Соңғы кезде тіпті жиілеп кеткендей. Бұл мәселеге Астана қаласы әкімі де баса назар аударып, жыл басында автобус паркінің басшыларына қатты-қатты айтып, қатаң ескертулер жасаған болатын. Бірақ... бұл мәселе жуық арада оңтайлы шешілетін сыңайы байқалмайды. Неге?
Жүргізушілердің жетіспейтіні – өзекті мәселе
Бұл саладағы ең бірінші мәселе – қоғамдық көлік жүргізішілерінің жетіспеушілігі. Мұны сонау кеңес заманынан күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселе десек те еш қателеспейміз. Біз қаладағы бірқатар парк басшыларымен сөйлескенімізде бұған көзіміз анық жете түсті. Мәселен бұдан екі-үш жыл бұрын қоғамдық көліктердегі жүргізушілердің жалақысы қазіргіден біршама аз болған. Ол уақытта қалаішілік тасымал тарифінің төмен болуы көптеген парктерге жүргізушілердің жалақысын көтеруге мүмкіндік бермеген. Шамамен 2007 жылдардан ауыспаған тариф күні кешеге дейін ересектер үшін 60 теңге, балаларға 20 теңге болып келген еді. Бұл жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындарды шығынмен жұмыс жасауға мәжбүрлеген. Сол уақыттарда жүргізушілердің жалақысын ең көп дегенде 120 мың теңге әзер көтерген екен. Сол себепті көптеген тәжірибелі жүргізушілер табысы мол кәсіпорындарға кетіп қалса керек. Көпшілігі табысы қомақты жүк көліктерінің жүргізушісі болып шыға келген. Автобус паркінің басшылары бұл тығырықтан шығу үшін қала әкімдігіне тарифті көтеру жөнінде бірнеше рет өтініш жолдаған. Бірақ, бұл мәселе кейінге шегерілумен келіпті. Күн өткен сайын қаладағы жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың жағдайы қиындап бара жатқанннан кейін барып, 2014 жылдың 31 тамызында қоғамдық көліктердегі жол жүру ақысы ересектер үшін 90 теңге, балалар үшін 40 теңге болып белгіленеді. Содан бастап бұл саладағы кәсіпорындардың жалақы жағдайы ептеп реттеле бастаған. Бірақ, жүргізушілердің жетіспейтіндігі күрделі мәселе күйінде қалды. Қазіргі уақытта да автобус парктерінде жүргізушілер жетіспей жатқанын бұдан бұрын бізге Астана қаласы Жолаушылар көлігі басқармасы бастығының орынбасары Әбдіхамит Тамабаев та айтқан болатын.
Қала ішіндегі жол жүру ақысы өскеннен кейін соңғы уақытта көпшілік автопарктер жүргізушілердің жалақысын 200-250 мың теңгеге көтеруге мүмкіндік алыпты. Солардың бірі – «№3 автобус паркі ЖШС».
«Оңайға» көшсек, оңай болар еді
– Бізде қазір жүргізушілердің орташа жалақысы 200-250 мың теңге шамасында. Болашақта оның көлемін тағы өсіруге мүмкіндік туады деп ойлаймын. Бізге де Алматыдағы сияқты «Оңай» электронды төлем жүйесі енгізілсе, көп мәселенің шешімі табылары сөзсіз. Біріншіден, «кондукторлардың мәдениеті төмен, дөрекі, адамдармен сөйлесе білмейді» деген сияқты шағымдардан біржола құтыламыз. Адамдардың бәрін бірдей қылып тәрбиелеу мүмкін емес. Біздер кондукторлармен үнемі жұмыс жасап, оларға жолаушылармен мәдени қарым-қатынас жасау жолдарын түсіндіріп отырамыз. Психологиялық кеңестер береміз. Жұмысқа кірісер алдында барлық жүргізушілеріміз бен конукторларымыз арнайы медициналық тексерістен өтіп отырады. Халықпен жұмыс жасағаннан кейін бұған баса мән бермесе болмайды. Жақын уақыттарда электронды төлем жүйесі енгізіледі деген әңгіме бар ғой, соның біз үшін тиімді жағы көп. Кондукторлар болмағаннан кейін жалақы шығынымыз біршама азаяды. Сол үнемделген жалақы есебінен жүргізушілердің еңбекақысын тағы бір кішкене өсіруге қол жеткіземіз. Мұның бәрі қызмет сапасын бұрынғыдан жоғарылата түсері анық. Тәжірибелі жүргізушілердің қатары көбейеді. Қазіргі уақытта бізге жаңадан 40-50 шақты жүргізуші келсе де артық етпес еді. Жасырмаймыз, жүргізушілерге сұраныс бар. Дегенмен, бұл мәселе биылғы жылы біршама реттеліп қалады деп үміттенеміз. Автобус жүргізушілігіне үміткер бір күнде алынбайды. Ол бізге ұзақ процесстерден өтіп келеді. Бірінші автобазаның жұмысымен танысады, содан кейін арнайы тағлымдамадан өтеді. Оның мерзімі әрқайсының қабілет-қарымына байланысты әртүрлі болады. Тағылымдамадан өткеннен кейін, тағы біраз уақыт өзі жүретін маршуртпен танысып, бізге сынақ тапсырады. Содан кейін барып жұмысқа қабылданады. Көпшілігі жұмысты ауырсынып кетіп қалатын жағдайлар да кездеседі. Негізі автобус жүргізушілерін екі ауысыммен алмасып отыратындай етіп жұмыс жасатқан ыңғайлы. Оған біздің шамамыз толық жетпей отыр. Біраз бөлігі бір ауысыммен ғана жұмыс жасайды. Әйтседе, мүмкіндігіне қарай жүргізушілерді екі күннен кейін демалтуға тырысамыз. Өйтпей болмайды, жұмыстан қатты шаршап жүрген жүргізушінің жүйкесі де тозып жүреді. Ал жүйкесі шаршап жүрген адам түрлі қателіктерге бой алдыруы, орны толмас өкінішке ұрынуы әбден мүмкін, – дейді «№3 автобус паркі» ЖШС директоры Бауыржан Тілеубергенов.
Жол апатына ұшыраған автобустар аз емес
Бауыржан Тұяқұлының бұл айтқан сөзінің жаны бар. Шаршаған жүргізуші жол апатына ұшырауға да көбірек бейім келеді. Астана қаласындағы сақшылардың ұйымдастыруымен өткізілетін «Автобус» алдын алу іс-шарасы кезінде жол жүру ережесін бұзатын қоғамдық көлік жүргізушілері көп анықталып, жазалатын жатуының бір себебі осы болуы да әбден кәміл. Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция басқармасы Жол-техникалық инспекциясының аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бақытжан Алтыбайдың айтуынша, соңғы екі жылда қоғамдық көліктердің қатысуымен 100 жол-көлік апаты тіркеліп, оқиға салдарынан бес адам қаза тауып, бірнешеуі ауыр жараланған екен. Бұл да аса өзекті мәселенің бірі.
– Тек өткен 2015 жылы қоғамдық көліктердің қатысуымен 39 жол-көлік оқиғасы тіркелген болатын. Оқиға салдарынан екі адам көз жұмып, 47 жолаушы ауыр жарақаттанды. Ал автобус жүргізушісінің тікелей кінәсінен бір адам қаза тапты. Одан бұрынғы 2014 жылы автобустардың қатысуымен орын алған 52 жол-көлік оқиғасы есепке алынды. Оның екеуі ірі жол апаты болатын. Оқиға салдарынан үш адам мерт болды. Бұлардың бәріне тексеру жүргізе келе, екі жыл көлемінде 3500 жүргізуші мен 53 лауазымды тұлғаны жауапқа тартқан едік, – дейді Бақытжан Алтыбай.
Орай келгенде айта кетейік, Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция басқармасының қызметкерлерімен «Автобус» алдын алу іс-шарасы жылына төрт рет өткізіліп тұрады екен. Шара барысында көшеде жолаушылар тасымалдында жүрген қоғамдық көліктер ғана емес, автобус парктерінің материалдық-техникалық жағдайына да тексерулер жүргізіліп, ескертулер жасалады. Ең біріншің әрине, автобустың техникалық жағдайына, жүргізушілердің тәртібіне баса назар аударылады. Автобустың жарықтандыру жүйесі, тежегіші сияқты жол қозғалысындағы маңызды бөліктер арнайы тексеріледі. Сондай-ақ автопарктің дәрігерлерімен бірге медициналық тексеру жүргізіп, алкоголдік сусындарды ішкен-ішпегенін анықтайтын тест тапсыртып, қан қысымын да өлшеп, денсаулығын да анықтайды. Техникалық жағдайы тиісті талаптарға сәйкес келмеген автобустар анықталып жатса, дереу автопарк басшылығына тиісті ұсынба жолдап, кемшілікті тез арада ретке келтіруді талап етеді. Былайша айтқанда, қоғамдық көліктер апатының алдын алуда полиция қызметкерлері де аз еңбек сіңіріп жатқан жоқ. Қатаң қадағалаудың нәтижесінде соңғы уақытта техникалық жағдайы нашар автобустар қала көшелеріне шықпайтын болған. Үнемі үлкен мөлшерде айыппұл төлеу автобус паркінің қожайындарына да оңай тимегенге ұқсайды. Көптеген автобус парктері жүргізушілердің денсаулығын да үнемі қатаң қадағалайды.
Қаладағы №7 автопарктің дәрігер-наркологы Нұрлан Қалиевтің айтуынша, әрбір ауысым алдында жүргізушілердің денсаулығы қатаң тексеріледі. Сол себептен болар, бұл паркте жүргізуші ауырып қалса немесе ауысымнан келгеннен кейін алкоголді ішімдік ішсе, алдын ала өзге жүргізушілермен ауысады екен. Әйтпесе, медициналық тексеруде бәрі анықталып, бәрібір ауысым ретімен көлігіне отыра алмайтынын біледі.
Қоғамдық көліктердің аралық қатынасы кейде ұзарып кетуіне көшедегі көлік тығыны бір себеп болса, тағы бір үлкен мәселе – жаңа шведтік автобустардың ауа райына тым сезімталдығы. Ауа райы күрт өзгергенде жаңа автобустардың қозғалтқышындағы қысым аяқ асты төмендеп, мотордың от алмай қалуы жағдайлары жиі кездеседі. Оны ретке келтіргенше де біраз уақыт өтіп кетеді де, соның салдарынан автобустардың аралық қатынасы ұзарып кетіп жатады. Бұл да назар аударатын мәселе.
Қоғамдық көлік қызметінің сапасы туралы сөз болғанда бір жақты сын мақалалар да көп жазылатыны жасырын жай емес. Автобус парктерін аралауға шыққанымызда бірқатар парк басшылары бізбен байланысқа түскісі келмей, тілдесуге ынта танытпау себебі – соған байланысты шығар деген ой келді. Сондықтан бұл жолғы мақалада осы саланың ауыртпалығын көтеріп жүрген кәсіпорындарды толғандырып жүрген мәселелерді жан-жақты көрсетуге тырыстық.
Қанат НҰРТАС, Дерек көзі: "Шын-ақпарат"