Н.Назарбаев: "Түрлі оффшорларың түкке жарамай қалады»

«Ақшаңды осында әкел. Біз сені кешіреміз. Алғашқы жекешелендіру, алғаш жиналған ақша ешқашан мүлтіксіз таза, ашық болған емес.  Бүкіл әлемде солай. Біз сондықтан кешіреміз».

13849637047006

Бүкіл жиған-терген қаражатын шекара сыртына ала қашқан қалталыларды Қазақстан экономикасын дамытуға, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға, отандық өндірісті күшейтуге, салуға шақырған Елбасы 2017 жылдан бастап жалпыхалықтық кіріс пен шығысты ашық көрсету туралы декларация жарияланатынын, сол кезде заңсыз қаражатты «ақтап» алу қиынға түсетінін және ешкімнен ешнәрсені жасыру мүмкін еместігін ескертті.

«Өздерің де, ақшаларың да елге қызмет етсін»

2013 жылы отандық сарапшылар қауымы Қазақстаннан оффшорлық аймақтарға шығарылған қаражат көлемін 138 миллиард долларға бағалаған. Мәжілісте арнайы мәселе көтерген депутаттар сол кезде заңсыз шығарылған ақшаны елге қайтару үшін еуропалық депутаттардың көмегіне жүгінуді де ұсынды. Көп ұзамай, Қазақстанда заңсыз шығарылған қаражатқа амнистия жариялау туралы заң жобасын түзу қолға алынды. Былтырдан бері орталық билік пен құзырлы органдар заңсыз ақшаны елге қайтару үшін түрлі насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Өткен аптада «Нұр Отан» партиясының Астанада өткен құрылтайында: «Біз қаншама байды – миллиардерлер мен миллионерлерді өсірдік. Олар қазір «Forbes»-тің суреттеріне шығып жүр. Өте әдемі көрінеді, беттеріне опа жаққан, киімдері де керемет. Бірақ осы ақшаның барлығын табуға біздің еліміз, мемлекетіміз – Қазақстан мүмкіндік берген. Ендеше, қаражатты осында құю қажет. Түрлі оффшорларың түкке жарамай қалады», – деп ескерткен Елбасы қалталыларды Қазақ елін дамытуға шақырды. 2015 жылы Үкімет арнайы қабылданған заң бойынша, сыртқа кеткен ақшаны заңдастыруды қолға алған болатын. Бұл науқан 2016 жылдың соңына дейін созылады.

Бүгінгі таңда әлемдік деңгейдегі байлар тізімін жиі жаңартатын «Forbes» журналы арқылы Жер шарына танылған бірнеше миллиардер бар. Сонымен қатар аталған басылымның Қазақстандағы нұсқасында ондаған қалталы қазақстандық бар. Олардың жиған-тергендері 2,6 миллиард доллардан 90 миллион долларға дейін жетеді.

«Мен бәріңе де кепілдік беремін»

Партияның құрылтайында отандық кәсіпкерлерді елді дамытуға үлес қосуға үндеген Нұрсұлтан Назарбаев: «Ақша таба жүріп, сіздер қазақстандықтар үшін жаңа жұмыс орнын ашасыздар, Қазақстандағы өндірісті дамытасыздар. Өзіңе де жақсы, өзгелерге де. Елімізде тұрақтылық болады», – деді. Ақшаны заңдастыруға біздің бизнесмендер аса құлшынып отырған жоқ. Оның себебі белгілі – сенімнің жоқтығы. Бірақ Президент кәсіпкерлер көңіліндегі күмәнді сейілтуге тырысты: «Ақшаңды осында әкел. Біз сені кешіреміз. Алғашқы жекешелендіру, алғаш жиналған ақша ешқашан мүлтіксіз таза, ашық болған емес. Түрлі жағдайлар болды. Бүкіл әлемде солай. Біз сондықтан кешіреміз».

Кәсіпкерлерге деген үндеуін Елбасы былтыр да айтқан. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Рахым Ошақбаевқа: «Барлық бизнесменнің құлағына жеткізу керек. Өткен заңдастыру кезінде біз ешкімді жазалаған жоқпыз ғой, ешкімді тексерген жоқпыз. Мен тағы да кепілдік беремін. Ақшаларыңды Қазақстанға әкеліңдер, бізде жұмыс істеңдер», – деген ол. 2017 жылдан бастап, елімізде кірісті ашық жариялататын жалпыхалықтық декларация қабылданатынын, сол кезде кәсіпкерлердің ұйқысы тыныш болуы үшін осы бастан сыртта жүрген қаражатын заңдастырып алу керектігін ескерткен. Президенттің айтуынша, келесі жылдан бастап Қазақстанның 17,5 миллион халқы түгел кірісі мен шығысын ашық жариялап, есеп береді: «Сол кезде жағдай қиындайды. Біріншіден, ештеңені сырт көзден жасыра алмайтындарыңды ұғасыңдар. Жуырда ағылшын банкі әлемнің түкпір-түкпірінен қаржы салған 100 мың адамның тізімін жариялады».

Отандық сарапшылар пікірінше, ақшаны заңдастырумен қатар шағын және орта кәсіпкерлікке салынатын салықты жеңілдету, бизнесті қолдауға қатысты бағдарламаларды оңтайландыру, көпшілікке қолжетімді ету т.б. мәселелерді қарастыру қажет.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

«Түркістан»