Отырар ауданының әкімі: Ауданның әр бұрышынан қазақылық аңқып тұруы керек
2016 ж. 05 ақпан
5758
1
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар ауданына жаңадан тағайындалған әкім Ерлан Айтаханов жергілікті тұрғындарды тағы бір қырымен таң қалдырды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Аудан басшысының тапсырмасымен орталық Шәуілдірдегі мәдениет сарайында «Қазақ» және «Шалқар» радиолары қосулы тұр. Алғашында жұртшылық мұны таңсық қабылдады. Тіпті мәдениет сарайында сайрап жатқан әнді естіп, концерт болып жатыр деген тұрғындар мәденет ошағының алдына жинала бастаған. Енді алдағы уақытта да бұл мекеменің алдында әуен әуелетіп тұратынын естіген жұртшылық әкімнің бұл бастамасына ризашылықтарын білдірді.
"Тек қана мәдениет сарайы емес, автовокзал мен пошталарда да радио қосулы тұр. Бастысы ол білім және денсаулық сақтау мекемелерінен алысырақ болуы қажет. Әрине, бұл тапсырмамды алғашында ыңғайсыз қабылдағандар болды. Бірақ, біз қазыналы Оңтүстікте, соның ішінде киелі Отырарда тұрып жатырмыз. Ауданның әр бұрышынан қазақылық аңқып тұруы керек. Шетелдің «былдырлаған» әндерін естіп өсіп келе жатқан жастардың оң тәрбиесіне де өз септігін тигізеді деп ойлаймын", - деді аудан басшысы.
Айта кетейік, Ерлан Айтаханов ағымдағы жылдың 22 қаңтарында Отырарға әкім болып тағайындалған. Билік тізгінін ұстағанына бір апта өтпей жатып атқарылған жұмыстары туралы есеп беріп, көпшілікті таң қалдырған болатын.
Дереккөз: Nur.kz