Шыңғыс Мұқан: Өзбекстанның салафизммен күрес тәжірибесін қолдануымыз керек
2016 ж. 01 ақпан
9666
18
Шенеунік бірнеше жылдан бері өңірде қыл үстінде тұрған діни жағдайды реттеудің басты жолы – күш қолдану деген ой салды.
Имамдарға мойынсұна бастаған уахабшылар бағытын түзегісі келгенімен, «бауырларынан» қорқатынын ашып айтып жатыр. Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан батыс өңірдегі діни ахуалды ушықтырып жатқандарға алаңдайтынын айтты.
Шыңғыс Мұқан діни қатынасты реттеу үшін Өзбекстаннан үлгі алуға ұсыныс тастады деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.
«Өзбекстан, Тәжікстан сияқты көршілес елдерде үлкен қауіп төніп тұрған салафизм ағымына шектеу қойылды. Біз әлі шектеу қоя алмай отырмыз. Осы мәселеге қайтып оралмай, түбегейлі шеше алмаймыз деп ойлаймын. Себебі, лаңкестікке барып жатқандар да, Сирияға кетіп жатқандар да басқа ағымдағылар. Басқа адам жоқ. Елдегі діни қатынасты реттеу үшін Өзбекстан мен Тәжікстан тәжірибесін қолдануымыз керек», – деді Шыңғыс Мұқан.
Шенеунік бірнеше жылдан бері өңірде қыл үстінде тұрған діни жағдайды реттеудің басты жолы – күш қолдану деген ой салды.
«2012 жылы түрлі лаңкестік әрекетке ұмтылудан кейін біраз жұмыс жүйеленді. «Дінмен тек діндарлар айналысу керек» деген түсініктен кеттік. Дін қоғамның проблемасы. Спортшылармен де жұмыс істеу керек. Олар өзге күштерге көбірек сенеді. Спортшыларымыз дінге бір табан жақын», – деген Шыңғыс Мұқанов тағы бір проблеманың шетін шығарды.
Қазіргі қоғамда сақалға құмар спортшылар өте көп. Облыс әкімі орынбасары оларға да көңіл аудару керектігін айтып қалды. Оның мәліметінше, Атырауда 96 адам экстремизм бағыты бойынша сотталған.
«Жамағаттың барлығы жұмада уағыз тыңдамайды. «Имамдарға құлақ асу иманыма селкеу түсіреді» деген пікірде. Әсіресе, өзге ағымда жүргендер. Бірақ, барлық дін ұстаушылар тыңдайтын «құтпа» деген бір уағыз бар. Ол аптасына бір рет оқылады. Қазақстанға ислам діні келгелі құтпа тек арабша оқылып келген. Құтпаның негізгі мақсаты қоғамда болып жатқан жағдайларға мешіттің молдалары ой салып отырады. Жамағаттың тоқсан тоғыз пайызы арабша түсінбейді. Не оқылып жатқанын өздері де білмейді, бірақ, барлығы тыңдайды. Сондықтан, осы құтпаны алғаш рет Атырауда қазақшаға аудардық. Қазір барлық жамағат соны тыңдап отыр», – дейді әкімнің орынбасары.
Атырауда теолог мамандардың көмегіне 916 адам жүгінген.
«Пікір қайшылықтар алаңында соғыстағыдай құлдықтағы адамды жай тартып ала алмаймыз. Санаға әсер етуіміз керек. Қазір бізде имамдарға сіздердікі дұрыс екен деп келіп жатқандар бар. Бірақ, «егер мен сіздерді тыңдасам, мені өз жамағатым күстәналайды.. Олардан сәл секем аламын» деп келіп жатқандар бар. Былтыр басқа ағымнан 55 адамды қайтардық. Біздің көршілес елдердегідей қамап та тастауға болады. Бірақ, кез келген нәрсенің теріс әсері болады. Диагнозын біліп, емін білмейтін секілді, – деді Шыңғыс Мұқан.
Дін тақырыбында тереңірек сөйлеген басшы оқушылардың діни сауатын мектептен ашу керек дегенді айтып қалды.
«Мықты математик жасау үшін мектептен тереңдетіп білім береді. Ал, имам болатындар тек мектеп бітіреді. Имамдыққа ҰБТ-дан тест тапсырып, түсе алмай қалғандар баруы мүмкін. Қайтеді енді… Тест келіспеген соң діни оқу орындарына барады. Мектепті «5» – пен оқып, алтынмен бітірген бала имамдыққа бармайды. Сондықтан мектептен бастап білікті діни мамандарды дайындауды қолға алмай, жағдайды түбегейлі шеше алмаймыз», – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары.
Дерек көзі: Нұр.кз