ОРАЛМАН ДЕПУТАТ НЕ ҮШІН КЕРЕК?
2016 ж. 24 қаңтар
5393
43
Қазір сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да, Қазақстан қоғамында оралман дейтін қауым бар. Статистика оларды 1 миллионнан астам дейді. Демек, елімізде 1 миллион адамның мәселесі бар деген сөз. Біреулер айтады: «Оралман мәселесі» деп, бөліп қарауға болмайды" дейді. Бұл шет елдің қас-қабағына қараумен, құлданып қалған қарақтардың сөзі. Мұнда оралман мәселесі бар, бар болғанда тым шектен шығып барады. Дәлел керек пе?
Онда мені тыңдаңыз. Өз басым 1991 жылы күзде (еліміз әлі Тәуелсіздігін жарияламай тұрған заманда) көшіп келген пендемін. Содан зарлап жүріп, күні-түні жоғары-төмен жазып жүріп, 1999 жылы ҚР азаматтығын алған едім. Және сол кездегі оралмандар арасында мұндай бақытқа қол жеткізген тұңғыш 50 адамның бірімін (осы тізім әлі күні өзімде сақтаулы).
Ақыл-есі сау, хат-хабар танитын мен неге 9 жыл азаматтық ала алмай сандалдым. Өйткені, құжат дайындайтын кеңселерде менің үнімді тыңдайтын, мұңымды еститін адам баласының болмағандығынан... Басқа түк те емес.
Қазір ше... тіпті қиын. Дәлел керек пе?! Моңғолиядан бір қазақ көшіп келді дейік, осы адам әуелі өзінің қазақ екенін дәлелдеуі керек. Қазақша сайрап тұрғаның, орта жүздің бір арысы керей екенің есепке жатпайды. Қысқасы, қазақсың, бірақ қазақ екеніңді дәлелдеу керек, өйткені, заңда солай. Бұл заңды кім қабылдады?. . 2011 жылы Парламент қабылдаған. Дәл осы бапты жұмыс тобының жетекшісі Уәлихан Қалижан және жұмыс тобының мүшесі, жазушы Алдан Смайыл енгізді.
Міне, қазақтың мұңын мұңдайды, жоғын жоқтайды деген ағалардың ісі. Бұлар мың жерден ұлтжанды шығар, бірақ «оралман мәселесін» білмейді. Ақырында не болды? Моңғолдың бір қауым қазағы өздерінің қазақ екенін дәлелдей алмай сандалғалы міне, 5 жыл. Дәл осы қазақ екенін дәлелдейтін қағазы болмаса оларға «Оралман куәлігі» берілмейді. Бұл куәлік берілмесе, сені тұрақты тіркеуге алмайды. Сөйтіп, дәл қазір қаншама отбасы сандалып екі ортада жүр. Егер Парламентте бір мұңлық лралман отырса, осыны айтар еді ғой. Өз басым оншақты депутатқа еңіреп отырып айттым, былқ еткен пенде болмады. Өйткені, мың жерден ғұлама болса да, оралман мұңын білмейді екен...
Айта берсе әңгіме көп. Шешілмей жатқан оралман мәселесі шаш етектен. Тіпті 1991 жылы көшіп келген менің өз басымда шешілмей жүрген дүние қаншама. Айталық, әйелім екеуміздің неке куәлігіміз Моңғолия елінікі, балаларымыздың тууы туралы куәлігі тағы моңғолдікі, бірақ біз Қазақстан азаматымыз. Ана құжаттарды мына жаққа ауыстырып, беретін заң жоқ. Банкке немесе тағы сондай бір мәселе бойынша бір жерге бара қалсаңыз барлығы «неке куәлігіңіз» деп, мөлиіп қолын созады, ана бір жемтір-жемтірі шыққан куәлікті ұстата қоямыз. Тік секіріп, ыршып түседі. Тауың шағылып, шығып кетесің. Себебі, неке куәліктегі аты-жөнім мен паспорттағы аты-жөнім екі бөлек, бірі – моңғолша, бірі – қазақша.
Дәл осы мәселе бойынша кезінде Баспрокуратураға дейін айтысып көрдім, Әділет министрлігіне бардым, сөзіңді естігісі де келмейді. Қаттырақ айтсаң: «Сені мен шақырғаным жоқ». Болды, бітті.
Ей, ағайындар, бір уақ шындықтың бетіне үңіліп қарайықшы! Менің айтқаным көп мәселенің шет жағы ғана. Қазып айтсам, қабырғаларыңыз қайысады. Ақымақтау біреулеріңіз, «осы оралмандардан көрдік ғой» деп, тағы едіреңдеп шыға келесіздер.
Бекен Қайратұлы,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
qazaquni.kz