Бейсен Ахметұлы: ОТАНҒА ОРАЛҒАН АҒАЙЫНДАРДАН ДЕПУТАТ НЕ ҮШІН КЕРЕК?
2016 ж. 24 қаңтар
4193
10
2016 жылы 20 қаңтарда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға белгіленді.
Мәжіліс таратылатыны туралы дақпырт басталғаннан бері әр түрлі саяси партиялар мен әлеуметтік топтар, зялы қауы өкілдері түрлі деңгейде мәлімдемелер жасап, Мәжілістің кезектен тыс сайлауы мен оған кімдердің қатысқысы келетіні туралы көзқарастарын білдіріп жатыр.
Соның бір Атажұртқа оралған ағайындарды Депутаттар арасынан көргісі келетіндердің бар екені әрі көп екендігі. Бұл туралы экс сентор Әділ Ахметов ағамыздан бастап, ғылымдар мен жазушылар, кәсіпкерлер мен журналистер бастама көтеруде.
Жалпы, бұл мәселе төңірегіндегі әңгімені, бірінші, Атажұртқа оралған ағайындар бізге не берді дегеннен бастаған жөн.
Ол үшін, сөзі алдымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жәрдемқұлұлы Жақиянов мырзаға береген дұрыс.
Талғат Жақиянов:
1) Халқымыздың санын арттырды, қоғамға этнодемографиялық өзгеріс енгізді. Репродуктивтілігі жоғары отбасыларының есебінен халық санын жыл сайын еселей түсті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздегі саны 50 пайыздан аспайтын қазақ ұлтының сандық басымдығын қамтамасыз етіп, сапалық қасиетін арттырды. Мемлекетқұрушы ұлт ретіндегі рухын көтеріп, егемен еліміздің келешегін сенімді етті.
2) Мәдениетімізге тың серпіліс әкелді. Түрлі саяси кезеңдерде ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізді жаңғыртып, кем-кетігін толықтырды. Рухани және материалдық мәдени мұрамызды байытты. Жалпыұлттық тұғырына шыға алмай жатқан қазақ тілінің мәртебесін көтерді. Ұлттық болмысымызды, халықтық менталитетімізді терең түйсінуге жол ашты. Төл тарихымызды тәуелсіздік тұрғысынан таразылауға негіз болды.
3) Әлеуметтік-экономикалық әлеуетімізді арттырды. Мыңдаған кәсіби мамандар мен білікті ғалымдар, өнер қайраткерлері келіп, еңбекке араласты. Ел байлығын еселеді. Ұлтымыздың зияткерлік, жасампаздық әлеуеті көтерілді. Сондай-ақ шетелдік қандастарымыз қазақстандық ортаға тез бейімделгіштік, мобилділік, жаңашылдық, еңбексүйгіштік қасиеттерімен еніп, нарықтық қатынастар жағдайында халқымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырды.
«Келешекте не береді?» дегенге келер болсақ, осы бағыттардағы ел әлеуетін одан бетер арттырады деген сенімді жауап беруге болады.
Екінші сурақ, Атажұртқа оралған ағайындардан Мәжілісте депутаттар болса не ұтамыз?
Әрине, ұтарымыз көп:
- Бұл – бір жағынан үлкен саяси-идеялогиялық жңістің белгісі. Егемендігіміздің жарқын бейнесі. Ұлтымыздың патриоттық сезіміне тың серпін беретін күш болмақ. Әрбір үшінші қазақтың Шетелде өмір сүріп жатқанын ескерсек, бұл олар үшін өте үлкен рухани қолдау, демеу азық. Олардың Атажұртқа оралу тебінін арттырып, экономикалық және адами капиталдың Қазақстанға бағытталуына күш бере түсетіні анық.
- Естеріңізге сала кетейік, қазір Изарил еліндегі депутаттардың 30 пайызы Шетелден оралған еврей қандастары. АҚШ Мемхатшысы Мэдлен Олбрайт Чеxиядан барған. 1996-жылы 11 жасқа келгенде Канада еліне қоныс аударған Мәриям Монсеф 2015 жылы Канадада министр атанды. АҚШ президенті Барак Обама, Украинаның бір облысының губернаторы Михаил Сакашвили де басқа елдерден келгендер. Жалпы мұндай мысалдар өте көп. «Сырт көз сыншы» демекші, олар қазақстан қоғамындағы кей проблемаларға өзгеше көзқараспен қарайтындықтан, алтернативті ұсыныстар мен жаңаша бағыттар ұсына алады. Бұл әсіресе, экономикалық өндіріс пен орта-шағын кәсіпкерлікке кедергі болып отырған көп мәселелерді шешуге ықпал ететіні сөзсіз. Тіптен, шетелде білім алған «Болашақтықтарға» қарағанда жұмыс тәжірибелері бар екенін де ескерген жөн деп есептеймін.
- Елбасымыз Көші-қон саясатына, оның ішінде шеттегі қандастарымыздың атажұртқа көптеп оралуына тәуелсіздіктен бері баса мән беріп келеді. Алдағы жылдарда олардың саны да арта түспек. Соған байланысты, шешім табуды талап ететін мәселелері де туындайды. Алыстан келген ағайыннан депутат болса, оның шешім табуы оңайлай түсетіні белгілі. Өткен жылы талқыланып, жаға жылдан бері қолданысқа енген Көші-қон заңын талқылауға шеттен оралған екі азаматтың қатысуы соның бірден бір айғағы. Әрине, жаңа Заңның өзгертулер мен толықтырылуына пәрмен берген Мемлекет Басшысы Н.Назарбаев екенін естен шығармаған жөн. Халық тиімді заң қабылданды деп, қуанып жатыр.