Азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевқа Алматы қаласы Алмалы аудандық соты қаңтардың 22-сі күні екі және үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сотты жүргізген судья Марал Жарылғасова айыпталушылардың «кінәларын мойындамағанын» және «өкінбегендерін» атап айтты.Сот үкіміне сәйкес олар жазасын жалпы режимді түрмеде өтеуі тиіс болады және түрмеден шыққан соң бес жыл саяси-қоғамдық істермен шұғылдана алмайды. Үкім оқылған соң зал сотталушылардың туыстарының жылаған дауысы мен билікке айтқан лағнет-қарғысымен жаңғырып кетті. Мәмбеталин мен Нарымбаевты қолдауға келген ондаған жақтасының ішінде саясаткер Әміржан Қосанов пен журналист Гүлжан Ерғалиева да болды.
«Алауыздық тудырды» деп айыпталған белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталинге жұма күнгі отырыста соңғы сөз берілген. Нарымбаев судьяны «ағат пікір ұстанды» деп айыптап, тергеуде өзінің іс-әрекетінде қылмыс белгісі болғанын дәлелдей алмағанын, соттың «айыптау мәнерінде» өткенін айтқан.
Нарымбаевтың сөзінше, негізгі куәгерлер, оның ішінде өзіне және Серікжан Мәмбеталинге қарсы істе аты аталатын Гүлбахрам Жүністен жауап алынбаған. Нарымбаев пен Мәмбеталин әлеуметтік желіде авторы Мұрат Телібеков деп сипатталатын баспадан шықпаған кітаптан үзінді келтіргендері үшін жазаға тартылды.
Жарыссөзде Ермек Нарымбаев сөйлей алмай, денсаулығына байланысты орындықта жатқан. Дәрігерлер сот басталар кезде оның сотқа қатыса алатынын айтып, көмектесіп тұрды. 18 қаңтардан бері судан басқа ешнәрсе ішпей, аштық ұстаған Нарымбаев кейін жарыссөзге қатысқысы келген. Бірақ судья жарыссөз аяқталғанын, соңғы сөз берілгенде сөйлейтінін айтып, оған сөз беруден бас тартқан.
Мәмбеталин соңғы сөзінде өкінбейтінін және айыбын мойындамайтынын айтқан еді. Ол туыстары мен туғандарынан оларға «бейнет көрсеткені үшін» кешірім сұраған.
Жарыссөз кезінде прокурор соттан Нарымбаевты бес жылға, Мәмбеталинді төрт жылға соттауды сұраған. Прокурор сотталушылар іс-әрекетінде «алдын ала сөз байласқаны» дәлелденбегенін айтып, тағылған айыпты 174-баптың 2-тармағынан 1-тармағына («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру») ауыстыруды сұраған болатын.
Мәмбеталин жарыссөзде істің «саяси астары барын» мәлімдеген. Мәмбеталиннің анасы істің «саяси астары бары бадырайып көрініп тұрғанын» айтқан. Адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары Мәмбеталин мен Нарымбаев қылмыс жасамағанын айтып, соттан оларды босатуды сұраған.
Құқық қорғаушылар Қазақстанда «араздық қоздыру» айыбы бойынша қозғалған қылмыстық істердің көбейіп бара жатқанына алаңдайды.
Қазақстандағы адам құқығын қорғау бюросы кеңесінің төрағасы Евгений Жовтистің айтуынша, қылмыстық кодекстің «алауыздық тудыруға» қатысты 174-бабы бойынша 2014 жылы 44 іс қозғалса, 2015 жылы мұндай іс саны 88-ге жеткен. Жовтистің сөзінше, «араздық қоздыру» бабының қылмыстық кодексте бұлыңғыр жазылғаны соншалық, «араздық қоздыру деген не?» деген сұраққа нақты жауап жоқ».
Құқық қорғаушы билік осы бап арқылы жеке ой-пікірін білдірген азаматтардың әрекеттерін «араздық қоздырды» деп жазалай алатынын айтқан. Оның ойынша, 174-бап азаматтық белсенділікті әлсірететін мемлекет қолындағы құралға айналып отыр. Қаңтардың 19-ы күні арнайы мәлімдеме жасаған Жовтис бұл сөзіне дәлел ретінде Мәмбеталин мен Нарымбаевтың істерін мысал етіп келтірген.
Биліктің екі азаматтық белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғауын жергілікті құқық қорғаушылар мен бірқатар әлеуметтік желі қолданушысы сынап шыққан. 2015 жылғы қазанның 16-сы күні Human Rights Watch ұйымы да Астанадан оларды босатуды талап еткен еді.
Азаттық радиосы
Мәмбеталин мен Нарымбаевқа түрме жазасы кесілді
2016 ж. 23 қаңтар
2194
1