Сапарбаев министрлерді де демалтар емес...
2016 ж. 18 қаңтар
4057
3
18 қаңтар
Бердібек Сапарбаев жексенбіде Ақтөбе облысына Ауыл шаруашылығының министрі Асылжан Мамытбековты шақыртты деп хабарлайды өңірден NUR.KZ тілшісі.
“Жұмыс,жұмыс жəне жұмыс!” деп ұран тастаған Сапарбаев министрлерді де демалтар емес. Жексенбіде Ақтөбе облысына ауыл шаруашылығының Министрі Асылжан Мамытбековты шақыртты. Себеп жоқ емес. Италияндық ірі топ құрылымына кіретін Inalka Eurasia ірі агроөндірістік трансұлттық корпорациясы Қазақстан нарығына кірді. Алпауыт корпорация Ақтөбедегі “Актеп” компаниясымен меморандумға қол қойды. Шетелдік компаниямен бірлесе жұмыс жасауға Қостанай жəне Батыс Қазақстан облыстарының əкімдері шақырылды. Үш облыс ауыл шаруашылығында бірлесе жұмыс жасауды бастады. Inalka Eurasia еліміздің ет саласына 100 млн еуродан аса қаражатты инвестициялау жөнінде шешім қабылдады. Қаражат республиканың үш облысында бір мезгілде бордақылайтын 44 мың бас қуаттылығымен бордақылау алаңдарының құрылысы үшін вертикалды-ингеграцияланған компаниялардың құрылуына бағытталмақ. “Актеп” компаниясы 2015 жылы тұрақты сиыр етінің экспортын ай сайын 200 тонна көлемінде қамтамасыз етті. 2016 жылы экспорт көлемін жылына ет өнімдерін 12 000 тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. “Бірінші деңгейдегі мал бордақылау алаңдарын көбейтуіміз керек. Осы бағытта 500-ден аса жобаларды қолға аламыз деп жоспарлап отырмыз”, – деген Қостанай облысының əкімі жерлестерімен жүздескеніне қуанып отырғанын да айтты. “Ақтөбеге келіп, жерлестерімді көргеніме қуанып отырмын. “Актеп” фирмасы орналасқан Алға ауданы менің туған жерім. Əлі де бірлесе жұмыс жасаймыз. Бердібек Машбекұлына алғысымды білдіремін, жерлестерімді көргеніме қуаныштымын”, – деп ағынан жарылды Архимед Мұхамбетов. Табысты жүздесу кезінде Мұхамбетов Қостанай облысында өтетін форумға Сапарбаевты шақыратындығын хабарлады.Дереккөз: NUR.KZ