КӨП ӘЙЕЛ АЛУ КЕРЕК ПЕ - КЕРТАРТПАЛЫҚ ПА?
2016 ж. 17 қаңтар
8338
10
Өз халқыңның тарихын мақтан тұту жақсы. Бірақ болмағанды болғандай етіп көпшілікті, әсіресе жастарды шатастыру үлкен қателіктерге апарып ұрындыруы мүмкін. Соңғы кезде еліміздің өткен тарихы, әдет-ғұрыптары туралы әсірелеп айту, жазу жиі кездесіп қалып жүр. Мысалы, өткен ғасырларда қазақтар көп әйел алған деген сөздер айтылады. Бұл нағыз өтірік. Қазақтар жаппай көп әйел алған жоқ. Тек байлығы жетіп асып-тасығандар ғана - хандар, сұлтандар, билер, байлар ғана көп әйел алған.
Ақан сері Қорамсаұлының «Күйеуің сексен бесте шал Қадиша» деген сөздері бар кеңінен танымал «Балқадиша» әні дүниесі мол байлардың нәпсіқұмарлығы салдарынан, көптеген қазақ қыздарының көз жасына қалғанының дәлелі. Бұл ән бүгінде де көптеп шырқалуда. «Жігіттер» тобы осы әнге бейнебаян түсіріп жас қызды алуға келген кәрі күйеудің иығына шапан жабылып жатқанын жақсы көрсетті. Жас жігіттердің «Қалыңмалды бай төлейді, қызығын біз көреміз» деген сөзінің шығу төркіні де осыдан.
Тарихты талауға салмай нақты шындықты айтқан жөн. Қазақ тарихында ер адамдардың басым көпшілігінің бір ғана әйелі болған. Тіпті кедейлердің қалың мал төлеуге жағдайы болмай, үйлене алмай өмірден ұрпақсыз өткендері де тарихи шындық. Бұны ешкім де жоққа шығара алмайды.
Жақында мен елімізге танымал «Айтуға оңай» теледидар бағдарламасына қатыстым. Тақырып көп әйел алу мәселесі төңірегінде болды. Бағдарламаның жүргізушісі сөзін бастағанда бұл тақырыпқа көптен бері барғысы келмегенін айтып өтті.
Бағдарламаға қазақтың атақты әнші қызы Майра Ілиясова, бір ғалым, мәдениеттанушы ретінде мен және төрт әйелі бар бір кісі, екі әйелі бар бір әнші шақырылыпты.
Майра Ілиясова көп әйел алу дегенге қарсы екенін нақты дәлелдер келтіріп айтты. Ал «бірнеше әйел алу себебіміз жалғыз қалған әйелдерге қамқорлық жасау ниетімен үйлендік» дегендерге Майра Ілиясова «Жалғыз қалған әйелдерге үйленбей-ақ қамқорлық жасауға болмайды ма?» деп турасынан дұрыс сұрақ қойды.
Көп әйел алуды жақтап келгендердің бір уәжі қазақ халқының санын көбейту керек, деуі. Бұлай деген жігітке мен «Қытай халқы сан жағынан әлемдегі ең көп халықтың бірі, сонда олар өз санын көп әйел алу арқылы іске асырды ма?» деп сұрақ қойдым. Бірақ бұл сұрағыма жүйелі, нақты жауап ала алмадым. Қытайлардың көп әйел алмайтынын бәріңіз білесіздер.
Осы тұста халқымыздың санын көбейту жөнінде қандай шара қолдану жөнінде мен былай деп өз ұсынысымды білдірдім: жас жұбайлар бірінші сәбиін перзентханадан алып шыққан күні әкімшіліктің өкілі келіп жас ата-анаға бір бөлмелі мемлекеттік пәтердің кілтін табыс етуі тиіс. Жастар өз кезегінде сол пәтерде бірнеше балалы бола жүріп жаңа пәтерге кезекке тұрып мемлекеттік үйге қол жеткізсе, немесе жақсы табыс тауып жеке үй сатып алса, олар тұрып келген мемлекеттік бір бөлмелі пәтер келесі жас жұбайларға тұңғыш рет сәбилі болғанда берілуі тиіс. Менің бұл ұсынысым іске асса халқымыздың демографиялық жағдайына игі әсері етеріне сенімдімін.
Бағдарлама барысында асыра сілтеушіліктер де болып жатты. Мысалы, көп әйел алуға барлық ер адамдардың мүмкіншілігі бар екенін дәлелдемек үшін, қазақтардың барлығының үйі бар деген пікір айтылды. Мен, бұл дұрыс емес, көптеген қазақтардың үйі жоқ болғандықтан пәтер жалдап тұрып жатқаны бәрімізге аян, дедім. Барлық қазақтың үйі болса, үй алуға жазылған тізімдер де болмас еді. Солай ғой құрметті оқырман?
Дана бабаларымыз бізге небір нақыл сөздерді қалдырды. Соның бірі «Ойыннан от шығады» деген сөз. Тұрмыстық жағдайы қиын азаматтар кейбірде қиындыққа шыдай алмай қылмыс жолына түсіп жататыны белгілі. Турасын айтқанда біреулер «тоңып секіріп жатқанда» баз біреулердің «тойып секіріп» көп әйел алып жатуы әлеуметтік қақтығыстарға әкеліп соқтыруы мүмкін. Бір ауылда материалдық жағдайы бар бір адам бірнеше әйел алды делік. Тура сол ауылда жағдайы нашар, үйлене алмай жүрген бірнеше жігіт өздерінің жақсы табыс таба алмағанына ызаланып, арақ ішіп алып көп әйелі бар үйді тонап, әйелдерін зорлап кетуі мүмкін бе? Әбден мүмкін.
Және «Кедей бай болғысы келеді, бай құдай болғысы келеді» дегендей әбден байып «болып, толып», көзін шел қаптаған қайсыбіреулердің Мұхаммед пайғамбардың 12 әйелі болған (Қараңыз – кітап «Мусульманские имена», Құрастырған Ибн Мирзакарим ал-Карнаки», «Диля» баспасы, Москва, 2007. 16-бет.), мен де сонша әйел алуым керек демесіне кім кепіл?!
Қоғамдағы қай мәселенің болса да рухани, психологиялық жағы бар екенін әсте естен шығармаған жөн. Қазақстанда өткен ғасырдың басынан бері бір әйел алу заңды түрде қабылданған. Еркек пен әйелдің тең екенін ислам діні де растайды. Бүгінгі Қазақстанда дұрыс қалыптасқан осы жағдайды бұзу рухани ауыр келеңсіздіктерге әкелуі мүмкін. Мысалы, басқа үйдің балалары көп әйелді үйдің балаларын мазақтауы мүмкін. Ал бұндай жағдай терең психологиялық күйзеліске апарып соқтыруы мүмкін. Оның арты сезімі пәк жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауына да апаруы мүмкін.
Жалпы көп әйел алуды жақтаушылар бір үйде тұрған бірнеше әйелдің және олардың балаларының психологиялық жағдайын ойлап жатқан жоқ. Олардың бәйбіше-тоқал балалары болып бөлінбейтініне кім кепіл бола алады? Бұл мәселенің өте қиын екенін қазақтың ұлы жанашыры, ғұлама жазушы Мұхтар Әуезұлының «Абай жолы» роман-эпопеясын оқыған әр қазақ біледі. Романның «Жолда» атты тарауында Абайдың туған інісі Оспан мен Құнанбайдың тоқалы Айғыздан туған інісі Смағұл ұрысып қалады да Смағұл Ұлжанға тіл тигізеді: «Абай өз анасы үшін күйіп кетіп:
- Өй, ақымақ!.. Ол оның шешесі болса, сенің де шешең. Бұны кім
- Мә, жеңдер! Талап түтіп жеңдерші бұл қуарғанды! Жабылыңдар, мә