Қытайлық компания басшысы Сапарбаевтан сөз естіді
2016 ж. 14 қаңтар
3944
2
Ақтөбедегі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының бас директоры жалақыны 10 пайызға көтеру керек деген ұсынысқа ойланып қалды. Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Сапарбаевтың өңірдегі кезекті кездесуі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да өтті. Компанияның бас директоры мен қызметкерлері, бұрын соңды жұмысшылармен кездесу өткізіп көрмеген аумақтың кәсіподақ басшысы да жиында болды. Облыс әкімі мұнайшылардың жалақысын 10 пайызға көтеру керектігін нұқып көрсетті, жолын табуды тапсырды. Бірақ бұл ұсыныс Ван Цзюньжанья мырзаның оң жамбасына оңай тиген жоқ. Аймақ басшысына ештеңе айта алған жоқ. Ал, осы «жалақы көтеріле ме?» деген сұрақты қойған қызметкеріне «ақылға қонымсыз сауал» деп күліп жауап берді. «Біз 18 жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Осы жыл ішінде өңірді дамытуға 13 млрд, теңгедей қаржы бөлдік. Ал, өткен жылы 600 млн теңгеден аса қаржы аударылды. Жергілікті әкімшілік тарапынан да көп қолдау көріп жүрміз, ол үшін рахмет. Осы жылы жағдай қиын. 2006-2007 жылдары да оңай болған жоқ. Бірақ, қазіргі жағдай басқаша. Мұнай бағасы түскен дағдарыс кезінде жалақы көтеру туралы ұсыныс ақылға қонымсыз-ау деп ойлаймын. Тек мұнай бағасы 60 пайызға көтерілсе ойлануға болады»,- деп әрең күлген Ван Цзюньжанья жауабы аймақ басшысына ұнаған жоқ. Іле жауапқа жауап қатты, қытай компаниясын ойлантып тастады. «Жақын арада мұнай бағасы 60 пайыз болмайды, 40 пайызға көтерілсе қалай?! Елбасының тапсырмасы бар «жұмысшылар жалақысын көтеру керек» деген. Осыны ұмытпау керек. Талдама жасап, керек емес шығындарды қысқартып, жұмысшылардың жағдайын ойлаған дұрыс. Мұнай бағасы төмен деп өндіріс көлемін азайтпаған жөн. Инвестиция тартуды ойлаңыздар. Компанияда 220 жұмысшы қысқарған. Бұл дұрыс емес. Әр адамның тағдырын қарау керек, олардың орнына өздеріңді қойыңдар, отбасын қалай асырайды? Елбасы тапсырмасын есте ұстаған жөн», – деген Сапарбаевтың өктем ұсыныстары қытайлық компания басшысының мысын басты.