2016 жылда әлемді қандай сын-қатер күтіп тұр?
2016 ж. 10 қаңтар
3109
0
Лаңкестердің үздіксіз шабуылы, Батыс пен Ресей арасындағы «қырғи-қабақ соғыс», мигранттардың толассыз ағыны, қытай экономикасының әлсіреуі және Еуропа одағынан Ұлыбританияның шығуы – әлем сарапшылары 2016 жылға арналған осындай саяси болжамдарымен бөлісті.
Босқындардың Еуропаға ағылуы, Ресейдің «Ислам мемлекетімен» шайқасы, 130 адамның өмірін қиған Париждегі Charlie Hebdo редакциясына жасалған және басқа да лаңкестік шабуылдар – мұның бәрі сарапшылар мен саясаткерлердің 2015 жылға жасаған болжамына кірмеген тосын оқиғалар болатын. РБК Ресей және шетелдік сарапшылардың 2016 жылдағы халықаралық саясат және әлемге төмуі мүмкін сын-қатерлер жайында білдірген пікірлерін топтастырып ұсынуда.
«Ислам мемлекетінің» шабуылдары
2016 жылда ИМ ұйымының географиялық аумағы мен күш-қуаты арта түседі. «Ислам атын жамылғандар іс-әрекеттерін Сауд Арабиясы, Египет, Йемен және Ливия сынды елдерде жалғастырмақ. Ұйымның қызу тірлігі араб әлемі шекарасынан да асып түсуі мүмкін: тропикалық Африкадан Оңтүстік-Батыс Азияға дейін», – деген болжамымен бөліскен болатын өткен жылдың желтоқсан айында Stratfor аналитикалық агенттігінің негізін қалаушы және Geopolitical Futures орталығының директоры Джордж Фридман.
Десе де, Фридманның пайымынша, Сирия мен Ирактағы жерін сақтап қалу ИСИМ-нің басты мақсаты болып қала бермек. Сарапшы болжағандай, содырлар Дамасктің немесе «ұстамды» көтерілісшілердің бақылауындағы аумақтың бір бөлігін де басып алулары ғажап емес. «ИСИМ-нің мүмкіндігіне тиісті мән бермеген Вашингтонның 2016 жылы жағдайды түзете алатыны екіталай», – дейді саясаткер.
«Ислам мемлекеті» проблемасын тез шешу мүмкін емес деген пікірді CENRG аналитикалық орталығының директоры әрі Atlantic Council аға сарапшысы Ариэль Коэн да қолдап отыр. «2016 жылы Башар Асадтың кетуі туралы мәселе де, ИСИМ проблемасы да тиісті шешімін таппайтын сыңайлы. Сириялық қақтығыс та осы күйде қалуы ықтимал», – деді ол. «Ауқымды коалиция» құру мәселесі бір жағынан – Иран мен Ресей арасындағы, екінші жағынан Парсы шығанағы елдері мен Батыс арасындағы келіспеушіліктер салдарынан күрделі кедергілерге тап болады.
Ресей, Батыс және Сирияның аймақтық ойыншылары ұстанған бағытты одан әрі үйлестіру 2016 жылдың басты мәселесіне айналады. «Егер Ресей мен Батыс ИСИМ-мен күресудің ортақ майданын құру туралы келісе алмаса, Батысқа қарағанда біздің жағдайымыз тіпті күрделене түседі», – дейді Ұлыбританиядағы Ресейдің бұрынғы елшісі және ТМД істері жөніндегі экс-министр Анатолий Адамишин. ИСИМ-ге деген адалдығын Солтүстік Кавказдағы жасырын лаңкестік ұйымдар дәлелдеп берді. Ресейдің ресми өкілдері болса, Ресей мен Орталық Азияда «исламшылдардың» шырмауына іліккендер саны мың-мыңдап артып жатқанын жасырмай отыр. Soufan Group компаниясының халықаралық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2015 жылдың аяғына қарай 2014 жылдың жазымен салыстырғанда ИСИМ үшін соғысып жүргендердің саны үш есе артып, 2,4 мыңға жеткен. Ыстық нүктелерден Ресейге қайтып оралғандардың 900-і қылымыс әлемінде көзге ілігіп үлгеріпті, деп хабарлайды РФ ІІМ.
$20-дан арзан мұнай машақаты
2014 жылдың маусымынан бері Brent мұнайының баррелі үш есеге құлдырап, 2004 жылдың жазындағы деңгейде ауытқып тұр – барреліне $35-40. Ресей рублі де осы уақыт аралығында екі есеге арзандады. Сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжан ұлттық валюталарының бағамын қайта белгілеуге мәжбүр болды, ал Сауд Арабиясы екі күрделі таңдаудың алдында тұр: 30 жыл бойғы доллар бағамына тәуелділіктен бас тарту немесе мұнай бағасы өседі деген үмітпен қордағы қаржысын «мұжи беру».
Экономикасы мұнай бағасына байланған барлық елдерді 2016 жылы аса күрделі сынақ күтіп тұр, деп ескертеді Royal Bank of Scotland сарапшылары. Банк болжамынша, қуат көзіне деген сұраныстың төмендеуі мен Ираннан алынып тасталған санкцияларға байланысты қысқа мерзімде мұнай бағасы алдымен барреліне $26, соңынан $16 дейін құлдырап кетуі мүмкін. «2016 жылдың алғашқы тоқсанында-ақ мұнай бағасы күрт төмендеп кетеді деген қауіп бар», – делінген RBS-тің желтоқсан айындағы баяндамасында. ХЭА пайымынша, мұнайға деген сұраныс күрт төменедейді, ал шикізат қоймалары онсыз да қара алтынға лық толы, деп түсіндірді мұны банк сарапшылары.
Алайда, Bloomberg агенттігі «2016 жылғы пессимист анықтамалығында» бұған мүлде қарама-қайшы болжам жасап отыр: ИСИМ тарапынан болуы мүмкін диверсия, Таяу Шығыстағы шиеленіс, Нигерияда өршіген қантөгіс, Венесуэладағы саяси дағдарыс мұнай бағасын барреліне 100 долларға дейін қайта қарыштатады. Бірақ желтоқсан айының соңында жарияланған ОПЕК баяндамасында барреліне 70 доллар бағаға кем дегенде 5 жылдан кейін ғана қайтып келетініміз айтылған.
Ал Ариэль Коэн: «Мұнай бағасы $100 және одан жоғары тұрған дәуір өтті, 2016 жылда ешқандай баға шарықтау болмайды», – деген сенімде. Оның болжауынша, мұнай бағасы 2020 жылға дейін барреліне 50 доллар төңірегінде болады.
Жаңа қырғи-қабақ соғыс
«Кейбіреулер Путин (Украинадағы – РБК) стратегиясы арқылы күш-қуатын асқан шеберлікпен көрсете алды деп айтқан болатын. Дәл қазір Ресей оқшауланып, экономикасы талан-таражға ұшыраған шақта Америка қуатты әрі одақтастарымен ұжымдаса білді», – деген еді 2015 жылдың басында АҚШ президенті Барак Обама. Ал Мәскеу «оқшаулау» туралы сөздерге қалжың ретінде қарап, аса мән бермеді де.
2016 жылда Ресей Украинаға қатысты Батыспен ортақ мәмілеге келеді деген үміт бар. Бірақ ол мәміле қалай жүзеге асатынын қазір айту қиын, дейді Geopolitical Futures өкілі Джордж Фридман.
Мәскеудің Украинаға қатысты үш амалы бар: қақтығысты ушықтыру, бәсеңдетуге бетбұрыс жасау немесе бықсуға айналған қарсылыққа қолдау көрсету, деген пікірімен бөлісті RAND Corporation сарапшысы, АҚШ-тың Еуроодақтағы бұрынғы өкілі Джеймс Доббинс. Батыс үшін Минск келісімін орындау «лаксум қағазы» тәрізді. Ал Фридман Мәскеудің негізгі мақсаты сол күйі қалады деген сенімде, яғни көршілердің саяси бейтараптылығын сақтап қалу. Тәжірибе жүзінде бұл дегеніңіз Ресей өз әскери күшін нығайтып, АҚШ Ресей айналасындағы «тежеу шекарасын» сызумен болады дегенді білдірсе керек.
Қытайдан төнген қауіп
2016 жылда Қытайдың, көлемі жағынан екінші әлем экономикасының, қарқыны бәсеңдейді. Әлем экономикасы үшін бұл мұнай мен басқа да шикізат тауарларына деген сұраныс қайта азаяды деген сөз. 2014 жылы қытай ЖІӨ-сі 1990 жылдан бергі минималдық дәреже – 7,4%-ға ғана өсті. Былтырғы көрсеткіш одан да аз болуы мүмкін – 6,3 пен 7% шамасында. Қытай тарапынан азайған сұраныс шикізаттық тауарлардың құнына кері әсер етті: Bloomberg Commodity индексі 2015 жылы 26%-ға құлдырап кетті, бұл – 2008 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш.
Bloomberg агенттігі өзінің «2016 жылғы пессимист анықтамалығында» мынандай сұрақ көтереді: ресми кытай статистикасы ҚХР экономикасындағы бәсеңдеу ауқымын дұрыс бағалай алмай қалса не болады? Жаман жорамал жүзеге асып қалса, қуаттардың дұрыс қамтылмауынан бірінші кезекте зардап шегетін Қытайдың ірі индустриялық орталықтарында әлеуметтік шиеленіс туындайды. Оны басу үшін Бейжің, бір жағынан, сөз бостандығына қойылған шектеуді күшейте түсіп, екінші жағынан – халықтың назарын экономикалық проблемадан аластату үшін түрлі популистік кампаниялар ойлап табады.
Осындай кампанияларға мысал ретінде Bloomberg Оңтүстік-Қытай теңізіндегі қауіп-қатер арта түсуі мүмкін дегенді алға тартып отыр. Қытай үкіметі шекаралық даудың ушығуы сынды «көзбояушылықты» «халқына ҚХР-дың аймақтағы алдыңғы қатарлы күшке айналғанын» көрсету үшін пайдалануға тырысады, деген пікірмен Фридман да келісіп отыр. Шын мәнінде әскери тайталасқа ешқандай негіз жоқ деген сенімде ол.
Коэннің айтуынша, 2016 жылдағы ҚХР экономикасының бәсеңдеуі Қытайдың ғана емес, оның сауда серіктестеріне де салқынын тигізуі әбден мүмкін. Қытайдың баяу даму қарқыны мен қатаң аймақтық саясаты Бейжіңнен көрші державаларды аластатып, олар өз кезегінде АҚШ-пен ынтымақтастығын кеңейтуге ден қояды, дейді сарапшы. Осы орайда өткен жылы бекітілген Транстынықмұхиттық сауда серіктестігі туралы шарт Штаттар мен Шығыс Азияны жақындастырудың алғашқы қадамына айналуы мүмкін.
Қарызға батқан Еуропа
2015 жылы еңсерілген грекиялық қарыз дағдарысына қарап, Еуроаумақ экономикасы «соққыдан» құтылды деп айту әлі ерте.
Фридманның болжауынша, Грекияның басына түскен күн Италияға да жетуі мүмкін. Әзірге, Италия экономикасы Еуроодақ ішінде enfant terrible санатында емес. Италияның ЖІӨ-сі мен сыртқы қарызының арасалмағы – 132% (Грекияныкі 171% болатын – РБК). Eurostat-тың қазан айындағы мәліметтері бойынша, елдегі жұмыссыздық деңгейі 11,5%, Грекия, Испания, Кипр мен Португалиядан кейінгі бесінші орында. Десе де, болжанған Италияның қарыздық дағдарысы көршілеріне қарағанда әлдеқайда қауіпті, деп жазады Stratfor сарапшылары: Италия – еуроаумақтағы Германия мен Франциядан кейінгі экономикалық салмағы жағынан үшінші орындағы ел (2014 жылы €2,14 трлн), оның ЖІӨ-сі «проблемалы» Испаниядан біржарым есе артық. Нақты алғанда, елдің сыртқы қарызы €2,3 трлн-ға тең. Грекияның €392 млрд қарызы оның қасында түк еместей көрінеді.
Осы орайда италиялық мемоблигациялар құнының тұрақсыздығы инвесторлардың алаңдаушылығын тудырып отыр. 2015 жылдың наурызында онжылдық италиялық бондтардың табыстылығы бірнеше жылдық минимум саналатын 1,2% шамасында болды, алайда шілденің басына қарай оның көлемі 2,3%-ға жетті.
Шенгеннің ыдырауы
Қазір Еуропа дүйім жұрттың ажалына себеп болған Таяу Шығыстағы соғыстың зардабын кеңінен тартып отыр. Салдарынан аймаққа Сирия, Ирак пен Ауғанстаннан бассауғалап қаншама босқын лап берді. 2015 жылда Еуроодақ елдерінде ресми түрде тіркелген босқындардың саны 1 млн адамнан асады – бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен төрт есе артық. Осынау миграциялық дағдарыс ЕО елдері арасындағы еркін қозғалыстың кепілі болған Шенген келісімін сынға алды. Парижде болған сериялы лаңкестіктердің кесірінен Франция, ГФР мен Швеция бастаған бірқатар мемлекет уақытша мерзімге шекаралық бақылау орнатты.
Енді, 2016 жылдың жазында Еуропа заңсыз миграцияның кезекті толқынына төтеп беруі керек болады, дейді Ариэль Коэн.
Bloomberg жаңа жылға арналған писсимистік болжамында Париждегідей жаңа лаңкестіктер орын алуы мүмкін деп ескертеді, соның негізінде ксенофобиялық көңіл-күй қалыптасып, оның соңы үлкен саяси сілкініске алып келеді, тіпті, ГФР канцлері Ангела Меркельді тағынан тайдыруы ықтимал, дейді сарапшылар.
Осылайша, істі насырға шаптырмас үшін, еуропалық елдердің билігі сөз бостандығына шектеу енгізуі мүмкін дейді Коэн. «Лаңкестікпен күрес жалауымен азаматтық еркіндік, оның ішінде сөз бостандығы мен адамдарның қол сұғылмауы тиіс жеке өмірі туралы құқықтары үлкен қысымға алынады», – деді сарапшы. Миграциялық дағдарыспен күресудің тағы бір амалы бар: ЕО сыртқы аумағындағы шекаралық бақылауды күшейту. Джордж Фридман болса, 2016 жылы келісім іргесіндегі әр елдің ұлттық үкіметтеріне емес, тек Брюссельге тікелей бағынатын арнайы шекаралық полиция түзіледі деген сенімде.
Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы
Grexit (Грекияның Еуроодақтан шығуы) мәселесі уақытша тасаға кеткен тұста, Еуропа астаналарында Brexit – Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы туралы әңгіме қозғала бастады. Алғаш рет бұл мәселені премьер-консерватор Дэвид Кэмерон 2013 жылы көтеріп, көктемгі сайлау алдында осы мәселеге қайта оралды. Көбі дәл осы тақырып Кэмеронға сайлауда жеңіс әкелді деп санайды. Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы туралы қауесет былтырғы босқындар дағдарысынан кейін шындыққа жанаса бастаған тәрізді. Кэмерон Брюссельдің жүргізіп отырған миграциялық саясаты «еркін жүріп-тұру келісімін» асыра пайдалану деп санайды.
Британия үкіметінің жоспарына сәйкес, елдің одақ ішіндегі мәртебесі туралы ұлттық референдум 2017 жылдан кешіктірілмей өткізілуі керек. Осы райда Royal Bank of Scotland сарапшылары Британия бұл референдумды 2016 жылы өткізуі мүмкін деп отыр. Дауыс беру қорытындысын сарапшылардың өзі де болжап біле алмауда.
Егер Ұлыбритания ЕО-дан шығатын болса, еркін сауда аумағында қалғысы келген банктер мен концерндер өз кеңселерін фунт стерлинг континетіне көшіруге мәжбүр болады, салдарынан британ қор нарығы талан-таражға ұшырайды – Bloomberg агенттігінің пессимистік болжамы осындай. Брюссельмен байланысын үзу Ұлыбртания үшін жыл сайын £11 млрд шығынға татитын болады. Одақ аясынан Британия ың-шыңсыз шығып кеткен жағдайда, тұтас Еуроодақтың ЖІӨ-сі 0,1-0,4%-ға азаяды, деп есептеп қойған Бертельсманн қоры.
РБК сайтында жарияланған мәліметтер пайдаланылды
baq.kz