Шахановты жамандау - қазақ халқын жамандаумен тең

...Кім ұлтқа тас лақтырса, сол билікке ұнай ма?

Ұлтын сүймеу, қарсы шығу емес пе бұл Құдайға?

Енді біздің көнбіс қазақ оңға, солға ойқастап,

Өз халқының іштен шыққан жауларымен шайқаспақ.

Рухын тартыс тоқтысы еткен қаптап кетті көкпарлар,

Бұл қорлықты көрген сайын намысыңды от шарлар.

Қызметінің ыңғайымен ұлт мүддесін сатқандар,

Сендерге де есеп берер күн келеді, тоқтаңдар...

                                                                      М. Шаханов

Иә, қазақтың біртуар аяулы арысы Мұхтар ағамыз айтуындай айтып келеді есі дұрыс жандарға. Бірде қу тілді бір жігіт: «Билікке  жағыңғың келсе, Шахановты жаманда» деген еді. Сол ретпен келгенде «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысында Шаханов туралы пікір білдіріп қалған ақын Ауыт Мұқибектің де қызметі жуырда өсетін шығар деп ойлаймын

>

Мұхтар Шаханов – қазақ әдебиетінде, қазақ мәдениетінде, жалпы, өркениетінде мүлде оқшау, өзгеше құбылыс. Тас жарған табиғи дарыны қаншама ақын жазушылардың ішін өртеп қызғаныш деген қызыл итін қыңсылатты. Ақиық ақын, наркескен азаматтың қаламынан туған кез-келген шығармасын: мейлі сезім буған лирикалық өлеңдерін, мейлі ой толғатқан әлеуметтік поэмаларын, шер толқытқан философиялық балладаларын, астарлы да асқарлы монолог-драмаларының қай-қайсысын да алып қарасаңыз, мүлде өзгеше. Жазу тәсілінің өзі ешқандай стандартқа, қалыпқа сай келмейді. Ол: 

   « ...- Кеңес Одағының озбырлық саясаты ұмыттырып жіберген Наурыз мейрамын қайта тірілтті;

- Арал апаты асқынып тұрған тұста оған әлем назарын аударып, Орта Азия мемлекеттеріне Аралды сақтауды міндеттеп өткізді;

- Мәскеу мен жергілікті билік, қазақты қорлап, жастарды қан-жоса қылып қырып, қуғынға ұшыратқанда, Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын қасқайып тұрып жалпақ дүниеге жария етіп, жазықсыздарды арашалап, қылмыскерлердің бетін ашты;  

-  Қазақ, орыс тілдеріне қатар Мемлекеттік мәртебе әперген заң қабылданып кеткенде алған бетінен қайтпай алабөтен мінез көрсетіп, ана тілінің мәртебесі үшін ақырына дейін айқасты;

- Қазақ ұлтын «қазақстандық ұлт» дейтін, тілі, діні, рухы, салт-санасы, әдет- ғұрпы, ұлттық реңі жоқ  «әлем ұлтына» кіргізіп, қазақты жер бетінен жою саясатына бірден-бір қарсы тұрып қорғап тұрған да -  Мұхтар Шаханов. Осылардың бәріне Шаханов басын бәйгеге тігіп, ара түспегенде, не болар едік? Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бет-келбеті, бәлкім, бүгінгіден де басқаша қалыптасар ма еді? Ең ақыры, кім үшін жазып жүргендерін білсе де, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысына ат ізін салмайтын қаламдастарымыз баяғыдай ұлттық мүдде жолында бас біріктіруден қалып бара жатқаны, «қазақстандық ұлт» идеясына кейбір зиялылардың үнсіз бас шұлғығаны - бәрі-бәрі бір азаматты емес,бар қазақты ойлантуы тиіс дегіміз келеді»деп жазады 2009 ж. «Ана тілі» газетіне Дағжан Белдеубайұлы.

Шахановтың бүкіл саналы өмірі қазақ ұлтын сақтау үшін күреспен өтіп келеді. Шахановтың әрбір айтқан ойы, сөйлеген сөзі, істеген ісі, жазған өлеңі тек ұлтына арналады. Өз өмірін ұлтынан төмен қойған ардақты азаматтың еліне, халқы үшін жасаған бес ерлігі тарихымызда, ұлттың санасында мәңгі сақталады. Ал, ақындығы бір төбе. «... Мұхтар Шаханов  поэзиясының көркемдік қуаты, әлеуметтік - философиялық маңызы, идеялық өміршеңдігі, қазақ оқырманын былай қойғанда, халықаралық деңгейде танылған, мойындалған айқын құбылыс болса да, мені таңқалдыруын қоймайтын бір нәрсе бар. Ол – ақынға деген халықтың өлшеусіз ықыласы. Кездесу сайын өлеңдерін оқырмандары, жасынан кәрісіне дейін, жаттап алып оқитын әрі сахнаға шығып, жатқа оқу үшін топырлап кезекке тұратын осындай құрмет иесі – ақынды өз басым кездестірген жоқпын. Сонымен қатар тек Қазақстанда ғана  емес, шет елдерде, Гете, Шиллер, Гейне секілді әлемдік поэзия алыптарының шығармаларымен талғамдары қалыптасқан неміс елінде Мұхтармен болған кездесулерге қатысу үшін бүкіл отбасымен қала-қаланы аралап, оның соңынан еріп жүретін оқырмандардың болуы мен үшін таңқаларлық оқиға екені рас...» -деп жазады шын ниетімен ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы ағамыз Төлен Әбдікұлы ағынан жарылып.

Тумысынан өзгеше болып жаратылған Мұхтар Шахановтың алты күнде жазылған «Танакөз» поэмасы алты алашқа мәлім болды. Қазақтың кәрі-жасы жатқа оқыды. Өкінішке орай, Шымкенттен Алматыға ауысқанда ақын-жазушылармен тіл табысып кете алмады. Өйткені, айнала тамыр-таныстық, жағымпаздық, КСРО көсемдеріне арнап жазған ода мен әндерін жоғары марапаттап, бір-бірінің бетіне өтірік күлу жайлаған. Рухани жұтаң мұндай орта Мұхаңды жирендірді әрі адалдыққа, ұлтына деген кіршіксіз махаббатқа тәрбиеледі. Атақты деген ақын -жазушылардың өлеңін, романын ешкім оқып жатпаса да кәрілері мемлекеттік сыйлыққа, жастары комсомол сыйлықтарын алу үшін ар-ождан, ұлттық мүддесінде сатып жіберетініне көзі жетті. Әсіресе, олардың өз ара топ-топқа бөлініп, өзгені кекетіп, мұқатып бір жиналғанда өздерінің айтқанымен жүрмеген адамның үстінен домалақ арыз ұйымдастыру қалыпты жағдай болатын. «...Соңғы жылдардағы поэзия кештері мен кездесулерде М.Шаханов өлең оқығанда, қалың жұрт неге қол соғып тұрып алады? Мұның әзірге ешкім аңдамаған өзіндік сыры бар. Шаханов ел ерекше назар аударар жиындарға өз ағайын-туғандарын, достарын, таныстарын шақырып, солар арқылы “ду қол шапалақтау” ұйымдастырады. Бұл – ежелгі римдіктер қолданған тәсіл. Орталық Комитет тарапынан Шаханов поэзиясының қолдан жасалып жатқан осындай культіне үзілді-кесілді тыйым салуы қажет деп білеміз!”* деп жаза салу күншілдерге түкке тұрмайды. Сондықтан да дара, саяқ жүрген ақын Мұхтар, қос талант Төлеген мен Шәмшіні бауыр тұтты. Даралығы емес пе, 1958 жылы алғашқы өлеңі жарық көргеннен, Кеңес Одағы құлаған 1991 жылға дейін бірде - бір рет «Ленин, компартия, көсем немесе коммунизмге» арнап төрт шумақ болса да бір өлең жазбапты. Оны айтамыз-ау, Қазақстан Ленин комсомолы, Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын алып тұрып, «комсомолға» бір ауыз өлең арнамау ол заманда қылмыс жасаудан кем емес еді. 33 жыл Кеңес Одағының ауасын жұтып, нанын жеп, жұмысын істеп, сол ортада өмір сүріп өзін сақтай білу, жан-дүниесін жамандықтан қорғау миллионнан бірдің қолынан келмейді. Мүйіздері қарағайдай болып мемлекет қайраткері атанып жүргендер: «Ол кезде заман солай еді. Солай істемесең өмір сүру мүмкін емес еді»  деп тәуелсіздік алғаннан кейін де сол зұлымдықтарын жалғастырып келеді. Енді заманды емес, өзгелерді кінәлі санайды. Міне, осындай адами құндылықтардан ада жандардың Мұхаңа жапқан жаласы мен жасаған қысастықтарының ара-жігін ертеңгі ұрпақ ажыратып, ақтап алады...

 Ал, Ауыттың «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысында; «...Бірақ оларды кім қабылдайтынынын немесе олар кімдермен көбірек кездесетінін айтайын ба?! Мұхтар Шахановпен! Мұхаңның әлем ақыны екенінде дауым жоқ! Бірақ, шеттен келушілерге Қазақстан туралы не айтатынын өздеріңіз жақсы білесіздер! Мырзатай Жолдасбековке жолықса, «Тарихи отанымыз Қазақстан екен деп осында үдере көшіп келуді доғарыңдар!» деуі әбден мүмкін!...» депті. Сонда шетелден келген қазақтарға Шаханов не айту керек? Шахановты бір «сүзіп» өтпесе ауырып қалатын Ауыттың есегінен ауып қалған Қожанасырға ұқсап не айтқысы келгенін түсініп алыңыз. Бақыт Сұлтанов, Елжан Біртанов, Аслан Сәрінжіпов, Ерболат Досаев, Владимир Школник сияқты министрлер оларға (Атажұрттың тыныс-тіршілігімен танысуға келетін немесе келіп қайтуы ықтимал сырттағы қазақ жастары туралы айтады. - ред) уақыт бөліп кездессе мұрнымды кесіп берейін. Әлде осыларға кездестіру үшін міндетті түрде Шаханов пен Жолдасбековты жамандау керек пе? Қытайдағы бір жарым миллион қазақ Шаханов десе ішкен асын жерге қояды. Олар үшін, Шаханов – қазақ, Шаханов – қазақ елі. Қытайдағы қазақтар: «Анау министрді көрдім, мына министрді көрдім» деп мақтана алмайды. Өйткені ол бүгін министр болса, ертең жемқор аталып сотталып кетуі де мүмкін. Жемқормен ол қалай мақтанады. Ал, Шахановпен кездесу – тарихи оқиға, бала-шағасына үлгі-өнеге.

Бірде үлкен банктің төрайымы мынадай әңгіме айтты: «Банктің қатардағы қызметкері етіп Шахановтың бір туысын жұмысқа алғанмын. Ол жігіт тек қазақша жазады, қазақша сөйлейді, басқалардан қазақшаны талап етеді. Менің орынбасарым – орысша оқыған қазақтың әйелі, екі күннің бірінде: «Шахановтың туысы қазақша сөйле» деді, «іс-қағаздарын қазақша жаз» деді», - деп оны жамандап келе берді. Бір күні мен оған: «Осыдан жүз жыл, екі жүз жыл өткесін бе бізді біреулер еске алатын болса; «Шахановтың дәуірінде өмір сүрген кісілер» деп Шахановтың арқасында ғана тарихта аталатын боламыз», -  деп едім, аузы аңқиып, көзі бақырайып аңырайған бойы орынан тұрып кете берді. Екінші қайтып ол жігітті жамандамайтын болды,  – деп бір рахаттанып, сылқ-сылқ күлген еді. Сол кісі айтпақшы, жүз жылдан соң Ауытты біреулер еске алса, «Шахановтың дәуірінде» өмір сүрген демей «министр Школьниктің кезінде Ауыт ақын өмір сүрді» деп еске алмайтын шығар. Мүмкін «Шахановты бір мұқатып қалған ақын» деп те тарихта қалатын шығар.

...Айта берсек бір кітапқа симас еді. «Нұр Отанда» отырған азаматтар да бұл екеуін қадір тұтады. Ауыт қазақтың екі арда ұлын осылай күстәналағанда қандай мақсат тұтты екен?

Тоғайбай Нұрмұратұлы

АЛДЫМЕН «АШЫҚ ЕСІК» КЕРЕК

 24 желтоқсанда «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті.
Отырыстың күн тәртібінде «Шетелдегі қазақ диаспорасының мәдениеті мен тілінің дамуына Қазақстан тарапынан қолдау көрсету мәселелері: шетелдегі қазақ диаспорасының бүгінгі жағдайына шолу жасау, шетелдегі қазақ мәдени орталықтарының жұмысын жандандыру, шетелдегі қазақ мәдени орталықтары мен Қазақстандағы уәкілетті органдардың өзара қарым-қатынасын нығайту» мәселелері қаралды. Отырысқа «Мирас» республикалық кеңесінің толық құрамы, мемлекеттік атқарушы органдардың өкілдері, «Нұр Отан» партясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәлиұлы және сарапшы ретінде ақын Ауыт Мұқибек қатысты. Жиналысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халқаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің және Бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» республикалық кеңесінің төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев басқарып ашты. Төменде ақын Ауыт Мұқибектің осы отырыста сөйлеген сөзінің жазбаша нұсқасын беріп отырмыз.  «Абай.кз» ақпараттық порталы  Ауыт Мұқибек, ақын. «Нұр Отан» партиясының мүшесі: АЛДЫМЕН «АШЫҚ ЕСІК» КЕРЕК Жасыратыны жоқ, шетелден көшіп келген қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіп, 2013 жылы 10 желтоқсанда қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасы алыстан келген және келуге ниетті болып отырған ағайынның Атажұртқа деген көңіліне ауыр қаяу түсірді. Азаматтық мәселесін былай қойғанда, тұрақты тіркеуге тұруда талап етілетін қисынсыз анықтамалар олар үшін көлденең қиындықты көбейтіп жіберді. Қысқасы, туысқандар айдың-күннің аманында екіге бөлініп, кеңестік кезеңнің күйін кеше жаздады. Осы барыста қиналған қауым да, оның мәселесін көтеріп жүрген біз де, көбнесе, тәуелсіз БАҚ-қа жүгінуге мәжбүр болдық. Ол ақпарат құралдары, әрине, мәселені шешуге барын салғаны, ағайынның жанайқайын билікке жеткізу үшін барынша ащы айтқаны рас. Қуанарлығы сол, мәселе оң шешімін тапты. Құдайға шүкір, міне, Елбасымыздың көрегендігінің арқасында қателіктер түзетіліп, жаңа Заңға қол қойылып, Көш өз арнасына түсудің алдында түр. Ел қуанып, ақжолтай жаңалықты жарнамалап-ақ жатыр. Дегемен, жоғарыдағы жағдайдан көңілде қалған көлеңке түбегейлі сейілді деп айтуға әлі ерте. Жұрт жүрегінде, суыну демей-ақ қояйын, тартыну бар. Мұндай жағдайда, ең алдымен не істеу керек?! Елбасымыз екі журналистке берген бейресми сұхбатында «Ол саясат өзгермейді. Бізге қайтып келем деген ағайындарға – қазақтарға есік ашық. Мен көбірек келгенін қалаймын ол адамдардың!» деді. Демек, бәрі айқын, түсінікті болды... Сондықтан, бізге енді іркілуге, бүгежектеуге, салғыртсуға, немқұрайды болуға болмайды. Батыл қадамдар, тың бастамалар жасайтын кез келді!  Жалпы, бүгінгі сөз болып отырған «шетелдегі қазақ мәдени орталықтары мен Қазақстандағы уәкілетті органдардың өзара қарым-қатынасын нығайту» секілді барлық шаралардың көздеген мақсаты,  жетпек нәтижесі немесе түпкілікті астары біреу болу керек! Ол – шеттегі қазақтарды елге оралту. Оларды Қазақстанға қызықтыру – жүрегін, санасын жаулау! Менше, алғашқы адымда алыстағы ағайынның жоғарыдағы келеңсіз жағдайларға (Қатал заң мен жалған жалаларға) байланысты жүрек түкпірінде қалған сол күдік пен күмәнді жоятын, көңіліне нұр құятын, сенімін бекемдейтін шараларға апару керек деп ойлаймын. Ол шараның аты «АШЫҚ ЕСІК» деп аталсын! Мәртебелі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кеше ғана екі журналистке берген сұхбатында Көші-қон саясатының өзгермейтінін қадап тұрып айтты. Сонымен бірге, Ұлт Көшбасшысы «Әсіресе, олармен келген жастар тез арада мынау қоғамның ішіне еніп, білімін, мамандығын алып, адам боп өсіп жатыр. Қазақстандық болып кетті. Үлкен кісілер. Әрине, оларға қиындау. Ондай жағдайлар болады ғой! Егер естеріңізде болса, 1961 жылы жүз мыңнан артық қазақ Қытайдан келген болатын. Кәзір олардың бәрі қазақстандық болып кетті ғой! Олардың балары, немерелері...» деді. «Жастардың көбірек оралуы» туралы бұл сөзді Мемлекет басшысы бірінші рет айтып тұрған жоқ! Үнемі қайталаумен келеді. Енді Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 қарашадағы №1188 «Кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде адамдардың жекелеген санаттары үшін қабылдау квотасын белгілеу туралы» Қаулысындағы Кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беретін білім ұйымдарына оқуға түсу кезінде бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысынан «Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға берілетін 2 пайыз квотаны 20 пайызға көбейтетін мезгіл жетті. Алдағы жерде «Нұр Отан» партиясы және оның «Мирас» қоғамдық кеңесі осы «АШЫҚ ЕСІК» акциясына баса назар аударса, тиянақты жоба жасап, Үкіметке заңнамалық күші бар құжат қабылдатуға ықпал етсе екен деймін. Мысалы, Шығыстағы көршіміз Қытай Халық Республикасында, соңғы санақ мәліметі бойынша, 1 542 600 этникалық қазақ тұрады. Оның 60 мыңы кәсіптік орта және жоғары оқу орындарының студенттері. Сол алпыс мыңның 15 мыңы Қытайдың ішкі өлкелерінде әр түрлі мамандықта оқиды екен. Бір қуанарлығы, осы он бес мың студенттің өз беттерімен құрған «Қытай Қазақ студенттер бірлестігі» деген ұйымы бар. Өз ішінен сайланған төрағасы, 22 өлке мен Орталыққа тіке қарайтын үш үлкен қалада бөлімшесі жұмыс істейді. Әр жылы Құрылтайлар ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шаралар өткізіп келеді. Биыл «Қазақ хандығының 550 жылдығын, Хакім Абайдың 170 жылдығын шама-шарқынша атап өткенін мен жақсы білем. Наурыз мерекесін де жыл құрғатпай тойлап отырады. «Тоғыз құмалақтан» спорттық жарыстар өткізіп тұрады... Олар Қытайдағы Қазақстан елшілігімен тығыз байланыста. Елімізден сапарлай барған Үкімет басшыларына тілмәш болып жүргендері де бар. Мысалы, жақында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа Мәрмәр Қанатқызы деген қарындасымыз аудармашы болды. Демек, осындай қазақ студенттер Маңғолия мен Өзбекстанда, Ресей мен Батыс елдерінде де көп... Олардың да осы тектес студенттік ұйымдары бар болуы әбден мүмкін! Демек, Қазақстан тарапы ең алдымен осы жастармен жұмыс істегені жөн. Ол үшін, осы жастардан жазға қарай Қазақстанға арнайы делегация ұйымдастыру керек. Делегатция құрамы жай студенттер емес, ғылымда ашқан жаңалығы бар, озат оқитын, өз ортасында биік беделі бар қыз-жігіттерден жасақталсын. Келген бетте, Оларды «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қабылдап, Партияның бас штабы орналасқан мекемені аралатуы, өз кеңсесіне кіргізіп, фотоға тусуге мүмкіндік беруі, Бас партия жөнінде түсінік жасауы, мағлұмат беруі тиіс. Сосын бұл топ Парламенттің қос палатасында қонақта болсын. Қос Төрағаның да кәбинеттерін көрсін, таныссын. Бір-екі депутат қабылдап, кеңес өткізсін. Қ.Тоқаевтың өз елдерінде шыққан кітаптарын ала келіп, авторлық қолтаңба жаздырып алсын. Одан арғы жерде, Үкімет үйін аралап, Премьер-министрдің креслосына отырып көрсін. Ары қарай, бұл сапар Ақордада жалғассын. Елбасымыздың кәбинетін, кітапханасын, жиналыс залдарын тамашаласын. Сосын Назарбаев университетіне барып, өз құрбыларымен кездессін, таныссын, пікірлессін!.. Студент жастар өздері тапқан, патенттеген ғылми жобаларын, мүмкіндік бар, бірге ала келетін болсын тағы. Айырым уақыт бөліп, қаржы саласында оқып жатқан жастармен Бақыт Сұлтанов, медицина мамандығын оқып жатқандарымен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары болып Елжан Біртанов, болашақ педагоктармен Аслан Сәрінжіпов, экономистермен Ерболат Досаев, энергетиктермен  Владимир Школник жеке-жеке кездесіп, әңгімелессін. Сапар соңына таман Астананың, Қазақстанның көрікті жерлерін араласын, кетерде Астана қаласының әкімі қонақасы беріп, шығарып салсын. Аспа-төк дастарханның керегі жоқ, пейілмен берген бір шынысүтті шай жеткілікті. Екінші кезекте, шаруа қожалық басшылары мен дихандардан, кәсіпорын иелерінен, қолөнер шеберлерінен, жеке кәсіпкерлерден ұйымдасқан топты шақыру керек. Олар да жоғарыдағы студент саяхатшылардың ізімен сапарын жалғастырғаны оң. Бұларды Ауыл шаруашылығыминистрі Асылжан Мамытбеков, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Әсет Исекешов, «Атамекен одағы» Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасы басқармасының төрағасы АбылайМырзахметов,  Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев және Ахметжан Есімовтар бір-бірлеп қабылдасын, кеңессін. Ең есте болатын бір нәрсе, екінші топқа қала сыртындағы ауылдарды, шаруа қожалықтарын, базарларды, Астананың Индустриалық паркін... көрсету керек. Сонымен бірге, ұлттық өнімдерінің көрмесін өткізуге жағдай жасалсын...Мұндай барыс-келіс әзір де жоқ емес. Келіп-кетіп жатқандар там-тұмдап бар. Бірақ оларды кім қабылдайтынынын немесе олар кімдермен көбірек кездесетінін айтайын ба?! Мұхтар Шаханов! Мұхаңның әлем ақыны екенінде дауым жоқ! Бірақ, шеттен келушілерге Қазақстан туралы не айтатынын өздеріңіз жақсы білесіздер! Мырзатай Жолдасбековке жолықса, «Тарихи отанымыз Қазақстан екен деп осында үдере көшіп келуді доғарыңдар!» деуі әбден мүмкін! Менің бұл ұсынысым, бәлкім тым «қарабайыр» немесе тосындау сезілетін шығар. Сол үшін бір-екеуін толығырақ түсіндіре кетейін. Мысалы, өзіміздің Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданымен шекаралас ҚХР-дың  ШҰАР аймағында Шәуешек деген қала тұр Сол өңірде атақты бай Башпайдың арқармен будандасқан алты мүйізді қойлары жайылып жүр. Оған Қытай үкіметі «Башпай қойы» деген ерекше статус беріп, жалпыластыру үшін арнайы жобамен мемлекет жағынан қамқорлық жасап отыр. Әрқайсысының салмағы 200-250 келе тартады. Етті, жүнді. Әрі қазақ даласының табиғатымен біте қайнап бірге туған төл. Қытайда ең бағалы қойлар. Кәдімгі қазақтар бағады. Бренд есептеледі! Маңғолияда үш миллион халық бар. Адамдардың негізгі кәсібі малшаруашылығы болып келеді. Орта есеппен әрбір адамға 12 бас мал келеді. Соның бір үлесі қазақтарға тән. Мен 37 мың бас сиыры бар қандасымызды білем. Ал, сол Башпай қойын бағатын шопан мен маңғолиялық сиыршы, жылқышы келсе, неге оны А.Мамытбеков қабылдамасқа, тәжірибесін сұрап көрмеске?! Бұл – бір. Кәзір Қытай медицинасы әлемнің алдыңғы қатарында. Қазақстандағы жүрек, бүйректің күрделі оталарын сол жақтан келген қандас дәрігерлердің жасап жатқаны бар. Манағы 15 мың студенттің ішінде осы мамандық бойынша білім алып жүргендері жетерлік. Осы топтың ішінде сол кардиологтар келсе, оны неге Елжан Біртанов қабылдап, сөйлеспеске! Шеттегі қазақ кәсіпкерлері ақшасын Гонко́нгтың банктеріне қояды. Елімізде қаржы орталығы ашылғалы жатыр. Сол кәсіпкерлердің ақшасын елімізге құйдыру үшін А.Мырзахметов, Бақыт Сұлтанов немесе  Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев олармен неге дидарласпасқа?! Тағысын, тағылар... Бәрі-бәрі қабылдасын, сөйлессін, сырлассын, ой бөліссін! Елге шақырсын. Келіп, кәсіпорын ашқан не қаржы құйған жағдайда, еліміз жағынан көрсетілетін жеңілдіктер мен берілетін кепілдіктерді айтсын... Қысқасы, әлемдегі бар қазақтың барар жері – Қазақстан. Сондықтан, осы бастан олардың «құлағын бұрай» беру керек қой! Қазақ айтады ғой, «Мың естігеннен, бір көрген артық» деп. 25 жылда Н.Назарбаевтың қандай мемлекет құрғанын, Қазақстанның, шын мәнінде қай деңгейге көтерілгенін, қандай кадырлар қосынын тәрбиелеп өсіргенін олар да өз көздерімен бір көрсін! Отанымызды әлемге одан ары таныта түсу үшін, ең алдымен мемлкет құраушы ұлт – қазақтың өзі терең танығаны жөн елімізді! Демек, жоғары деңгейде жақсы ұйымдастыра білсек, осы екі шара-ақ шетелде жүрген қандастарымыздың Ұлы Дала еліне деген көзқарасын түбегейлі өзгертетініне менің сенімім кәміл. Ол үшін, бұл сапарларды отандық БАҚ кең көлемде таратсын. Келуші ағайындардың өздері де WhatsApp, уйшат арқылы күнбе-күн біздің сол БАҚ-тан бір кем хабар тартпасы тағы анық... Сосын, елімізге ешқайда кетпейтін нағыз ұлттық инвесторлар тартылады, қаржы да құйылады, мамандар да ағылды. Баласы келсе, артынан аңыратып ата-анасы да жетеді. Ұлт Көшбасшысы айтқандай, кездесулердің бәрінде біздің лауазымды тұлғалар «олар келгенде, көкірегінен итермей», тек қана жылы қабақ, шынайы пейіл танытса болғаны! 24.12.2015 Астана