Әзімбай Ғали. БІЗ САЯСИ ҰЛТ ҚҰРУҒА ТИІСПІЗ

Марксизм – ленинизм  ілімінде ұлт пен ұлысқа сол заманға сай сипат берілген. Марксистер, әсіресе, КСРО-ның марксистері мен ленинистері ұлттың тек капитализмнің туындысы екенін айтып оның коммунизм басталысымен өз-өзінен жоғалатынын «ғылыми» деректер негізінде дәлелдеп , идеологиялық постулатқа айналдырған болатын[1]. Ұлт –  капитализмнің туындысы. Ұлт болып ұйысу үшін алдымен экономикалық өмір бірлестігі болуы керек. Ұлыс болып қалыптасқан  елде территориялық ұйысу қалыптасады. Алдымен  жеке тайпалар, тайпалар одақтары дүниеге келеді, ал тайпалар одағы ұлысқа, кейіннен соңғылары экономикалық және жергілікшілдікке апарды, бара келе экономикалық жергілікшілдік экономикалық топтасуға әкелді. Сонымен рулық сананың орнына территориялық жергілікшілдік негізге сүйенген бірлестік пайда болады. Буырқанған капитализмнің әсері ауылдық - өлкелік мешеулікті қопарып, ұйыстырады. Ауылдық-  рулық және кенттік - махалләлық сана құрдымға кетеді. Сонымен, экономикалық өмір рулық – феодалдық қатынастардан тас қалмайды. Экономикалық мүдделер, нарықтық үрдістер  ең пәрменді , басқа факторлармен салыстырсақ , ең басымдық көрсететін маңызды феномен. Бірақ ұлыстың  ұлтқа айналуы тек экономикалық және әлеуметтік әсерлерден қалыптаспайды. Рухани өмір мен тіл, ортаға негізделген сана ауқымды мемлекет шеңберімен алмасады, сөйтіп, бірте бірте сандық, демографиялық, урбанизациялық факторлар қосындысы  және дамушылық,  сапалық, саналық деңгейге өтеді. Рулық және феодалдық кезеңде өлкелік диалектілер ұлттық әдеби тілге айналады. Әрине, бұл үрдістің пісіп жетілуі ондаған, тіпті жүздеген жылдарды  керек етеді. Ұлтты шыңдайтын фактор – ол соғыс, бірақ соғыс сәтті болса, тым ұзаққа созылмаса және салтанатты түрде жеңіспен аяталса ғана позитивтік әсер етеді. Басқа жағдайда  істің насырға шабуы  ықтимал. Қазақ көршілерімен соғысты  және әскери қақтығыстарда  ұлт болып қалыптасты. Қазақ  – Жоңғар (шығыс моңғолдар) соғыстары тым ұзаққа созылып, оның үстіне жоңғарлар екі майданда соғысты. Олар соғысқа төзе алмады. Ақыры Қытайдан соңғы соққыны алып ғайып болды. Бірақ, қазақта бұл соғыстардан тым шаршаған еді. Бізде бірқатар себептерден ұлттық дағадарыс болды. Бұл дағадарыстан біз 1991 жылы толық айықтық. Ресей - Грузин соғысында  соғыс Ресейдің  жеңісімен аяқталды. Бұл соғыс бар болған бес-ақ күнде аяқталыпты (8-12 тамыз 2008 жыл).  Оңтүстік Осетияны қорғаған болып Ресей Грузияға әскери соққы беріп, Оңтүстік Осетияны өзіне қаратып алды.[2]Грузин-Ресей соғысы Ресей басшыларының милитаристік пиғылын қоздырды. Ресейдің Украинаға шабуылы керісінше Ресейге сәтсіз әскери кампания болайын деп тұр. Адамзат тарихына Бірінші Дүниежүзілік соғыс және Екінші  Дүниежүзілік соғыстар  белгілі. Әр Дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлы державалар халықаралық тәртіп орнатты. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Бірінші Қырғи қабақ соғыс (1945-1991жж.) болды. КСРО Бірінші Қырғи қабақ соғыста жеңіліп, ыдырады. Қазақстан сияқты КСРО-ның  құрамындағы одақтық республикалар бөлініп,  егемен елдерге айналды. Біздің ойымызша, адамзат бүгінгі таңда Батыс елдері альянсы мен Ресей арасындағы  Екінші Қырғи қабақ соғысқа куә болып отыр. Батыс елдері Ресейге экономикалық көпсалалы шектеулерді – санкцияларды салды. Батыстың мақсаты Ресейді экономикалық коллапс пен әлеуметтік дағдарысқа ұшырату.[3]Президентіміздің геосаяси көреген саясатының арқасында біз соғыс алаңдарынан тыс, аман сау отырмыз, Құдайға шүкур. Бүгінгі заманда  мемлекеттер бір біріне қарсы түрлі саяси  технологиялар пайдаланады. Әлемде болып жатқан валюталық , сауда соғыстары және ақпараттық соғыстардан  тыс қалу мүмкүн емес және оларға   мән беру керек.Біздің еліміздің  ақпарат  көздері бұл сюжеттерді саралап халқымызды ұлтжандылыққа тәрбиелеуі керек. Этнологтар бүгінгі таңда саф таза, біртекті  ұлттар мен этностар жоқ екенін дәлелдейді. Тіпті, қазіргі замандағы қазақтардың қанында қырғыздың да , қалмақтың да қаны бар, ал өзбекпен кезінде бір халық болғанбыз. Сауда қатынастарының ұлыстарды тіл  бірегейлігіне әкелетіні бесенеден белгілі. Сауатты адамдардың көбеюуі, молда- ишандардың  рухани талаптары – діни әдебиеттке зәрулік тудырады. Діни әдебиет пен халық ауыз әдебиеті тұтасып, ақырында жырауларды  төкпе ақындар, соңғыларды жазба ақындар алмастырады. Қала мәдениеті аккумулятор және ретранслятор рөлін ойнай бастайды. Жұртшылықтың шаруашылық , экономикалық, әлеуметтік мақсаттарымен миграциялық көші-қоны тағы да бар. Бейбіт өмір орта ғасырларда дүркін-дүркін соғыстармен алмасып тұрды. Халықтың сапырылып босуы, қайтадан орнығуы,  бірегей ұлттың қалыптасуының сара жолы. Орталықтанған мемлекетте ұлыс ұлтқа айналады.Сонымен бірегей территория, бірегей экономикалық өмір, орталықтанған мемлекет психикалық, менталдық , тілдік, рухани бірізділік тудырады. Дәстүр мен  салт, некелер: эндогамия мен экзогамия әдеті ұлттың  антропологиялық және генетикалық типажын қалыптастырады. Антропологтар қазақтың ғасырлар бойы өз елінде қалыптасқанын дәлелдеді. Оны автохтон деп атайды. Орталық Азияда жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазақ пен қырғыз инцест некеге бармайды,   басқалары- тәжік пен өзбек, ұйғыр мен жергілікті ортаазиялық арабтар туысқандық некелерді әдет қылады. Ұлттық сананың қалыптасуының шарты жоғары да аталған. Марксизм-ленинизм  тек аталған факторларды тізбектеді. Ал, енді біз аталмаған жағдайларды саралайық. Ұлт болу үшін көреген элита мен истеблишмент болуы керек. Бұл – бірінші. Екіншісі. Әр ұлттың ғұмыры өзін өзі қорғану иммунитетіне байланысты. Өзін өзі қорғай алмайтын ұлт түбінде мемлекеттік егемендігінен, бара келе ана тілі мен ұлттық санасынан айырылады. Әлемнің алғашқы державасы –Ассирия, ол қазір қайда?[4] Аса қуатты әлем державасына айналған мемлекет Қосөзен Месопатамия өлкесінде пайда болды. Біздің дәуірімізге дейін XIII—XII ғғ. ассириялықтар ең биік шыңына жеткен. Бірақ басқа басқыншы –арамейлер сол супердержаваны жоқ қылды. Ал бүгінгі таңда ассирийліктер ауыр халде, бірнеше мемлекетте босып жүр. Олардың шағын топтарын  Иранда,Иракта , Сирияда кезедестіруге болады. Ал манчжурлар қайда? Кезінде Қытайды басып алып династия орнатып 1644—1683 жж., қазаққа да қатер төндірді емес пе? Солар бүгін қайда? Жеңімпаз деп есептелген манчжурлар бақ тайған тұста 1911 жылдары өздері геноцидке ұшырады. О тоба , қазақтың қарғысы оларға өтіп кетті ме? Бүгінгі  күнде Қытайда манчжурмін дейтіндердің  саны қазақтан аз. [5] Тағы маңызды ұлт қасиеті – ол ұлттың мобилизациялық мүмкіндігі. Егер ұлт элитасы мен истеблишменті өз халқын маңызды мақсаттарға көтере және жетелей  алмаса, ұлттың құрығаны. Ал элита мен истеблишмент прогрессистік сипатта болуы керек. Оған қарасты халық өз элитасының дұрыс бағытын қолдағаны жөн. Болар ұлттың маңызды қасиеті –төзімділік және сабырлылық. 1990-шы жылдары  Қазақстанда өте ауыр болды. Тұрмысымыз тым ауырлап кетті, одан КСРО-дағы өміріміз тәуірлеу еді  деп, егемендіктің бізге керегі шамалы деп, төл жас мемлекеттік институттарға қарсы шыққанда не болар еді? Ол жағдайда құрдымға кетер едік. Бірақ қазақ төзді, күйреген совхоздар мен колхоздардан қалаға көшіп келді, нарықтың қиын шарттарын игерді. Бүгінгі таңда қазақтың 60% қалады турады, ортаң қол дәулеттілер 40%-дан жоғары. Орта Азия мемлекеттерінің арасында тұрмысы тәуірі қазақтар. Біздің билік нарықтық принципті қолдайды, біздің ел басқа елдердің әскері саяси авантюрасына қосылғысы жоқ. Ресейдің Украинаға  , Грузияға, Батыс елдерге қарсы қоқан лоққы саясатын қолдамайды. Біздің элита мен истеблишменттің халыққа талабы нарыққа тереңірек ену, ағылшын тілін үйрену , балаларды шет елдерде оқыту және оларды өз елінде қызметпен қамтамасыз ету. Бұл қиын ба? Иә қиын, бірақ орындауға келетін талаптар. Болатын ұлтың  тағы бір белгісі – ол демографиялық және ассимиляциялық мүмкүндігі. Өспейтін ұлттың  белгісі төмендей беретін  демографиялық потенциал. Депопуляцияға(ұлт санының табиғи жолмен азайуы) ұшыраған ұлт тек ассимиляциялар арқылы санын толтыра алады.Төл ұлтымыздың қарқынды өсуіне  иммиграцияның әсері маңызды. Сонымен  қазақтың қарқынды өсу жолдары-табиғи өсім, иммиграцияық өсім- қазақ репатриациясы, ең соңғы маңызды ресурс-ассимиляциялық өсім.  1989 жылы қазақтың саны 6 млн. 534 мың , 1999 жылы -   7 млн. 985 мың, 2009 жылы -10 млн. 096 мың,     ал 2015 жылдың 1 қаңтарындағы  мемстат агенттігінің болжамы бойынша -   11 млн. 497 мыңға жетіппіз. 1989-2015 жылдары  қазақтың жалпы өсімі-  5 млн.(нақтырақ айтсақ 4 млн.963 мың) болыпты. Өткен ширек ғасыр(26 жыл) кезеңде 76% өсіппіз. Бұл аталған табиғи өсім, иммиграциялық өсім және ассимиляцияның қосындысы. Бүгінде қазақтың жылма жыл табиғи өсімі мөлшері -200 мыңдай, қалғаны – негізінен оралмандардың үлесі. Соңғы онжылдықта қазақтың  ассимиляциялық өсімі елеулі статистикалық көрсеткіш беретін болды. Қазақтың санының өсуіне тағы бір себеп: Қазақстанға  көшіп келген қарақалпақ пен өзіміздің  ұйғырлардың қазақтыққа өтуінен болып отыр. Бұл жағдай келесі онжылдықтарда өзіміздің өзбектердің қазақылануына  әкеледі.   Бұл позитивті үрдіс. Басқа ұлттарды шеттетпей олардың ұлттық болмысының , ұлттық санасының және  идентификациясының өзгеруіне шек қоймай, қызғанбай, қазақтануына жол ашу – демократиялық үрдіс екенін айтамыз. Бәрінен де жаман нәрсе ол сегрегация. Сегрегация мектептен басталады. Мәселенки, өзбек , ұйғыр, тәжік  мектебін бітіріп,  одан кейін не іске, не оқу жалғастыруға жарамай жағдайы жәйсіз жүрген азаматтарды қайтеміз. Сол сияқты орыс мектебін бітірген орыс балалары, тіпті,  университеттің  орыс бөлімін бітіріп,  қазақша білмегендіктен офис қызметіне де жарамай жатыр. Егерде орыс балалары қазақша оқымаймын, Ресейге кетемін десе, ұйғыр, өзбек,тәжік мектебінің  түлегі шетінен кетпенші мен дүкеншіден  аса алмай жүр. Орта мектеп пен университет әлеуметтік өсуге , карьера жасауға жол ашуға керек. Сондықтан аз ұлттар(орыс мектебі соның ішінде) мектебін жаппау керек шығар, бірақ ол  мектептерде 80% сабақ қазақ тілінде  өтуі керек, сонда ғана ұлттық азшылықтар  мектебін бітіргендер өз талабы мен талантына сәйкес орнын Қазақстанда табады, тіпті тәуір қызметтік карьера жасайды. Ұлт пен мемлекет сақталады, егер ұлттық идея мен соған сәйкес идеология болса,.. Қазақтың ұлттық идеясы мен идеологиясында  бірнеше маңызды талап бар: ол мемлекеттік тіл іс жүзінде өз құзырында болуы керек; қазақтың дәстүрлі дінінің  мызғымауы; төл мемлекетіміздің  мәңгілік екенін баян ету. Экономикалық дағдарыс кезінде жоғары билік ұлтжандылықты саяси технологиялық ресурс ретінде пайдалана бастады.Бұл – жақсы. Еліміздің егеменді мемлекет ретіндегі тарихи бастауы  Путин айтқандай, 1991 жылдан емес,  550 жыл бұрын басталғаны ресми түрде мойындалып, мерейтой ретінде атап өтілді. Қазақ елі этноцентризмге емес, лингвацентризмге негізделуі керек. Біз саяси ұлт құруға тиіспіз. Түбі өзбек текті қазақ, ұйғыр текті қазақ  деген тіркес қазақтықтың қосымша дәлелі сияқты болады. Себебі қазақ санатына кіру өте абыройлы, озық болу дегенді білдіреді. Қазақша сөйлеу асқан мәдениеттіліктің белгісіне айналады. Мен шет елдерде бір айдан артық болсам бітті, басым ауырады, айналамда қазақтілінде сөйлейтін орта болмағандықтан зардап шегем. Біздің елімізде әр азамат тегіне тиіссіз, меритократияға тәуелді  орнын табуы керек. ………………………………
  1. http://www.esperanto.mv.ru/wiki
  2. http://www.kavkaz-uzel.ru/articles/210899/; http://inosmi.ru/sngbaltia/20140218/217621457.html
  3. Азимбай Гали Новая мировая «холодная война». altyn-orda.kz. 13 октября, 2013
  4. http://www.historie.ru/civilizacii/242-assiriya-pervaya-mirovaya-derzhava.html
  5. http://e-history.kz/ru/project/view/3?type=publications&material_id=991