Өнерге еңбегі сіңген ағалар мемлекеттен құрмет көрмей кете бере ме?!.
2015 ж. 16 желтоқсан
5167
7
Тұрсынғазы Рахым – қазақтың Біржан, Ақан, Ыбырай, Мәди, Естай, Жаяу Мұса, Әсеттерден жеткен сал-серілердің негізінде, ұлттық классикамыздың, дәстүрлі әніміздің негізінде ән шығаратын композиторлардың ішінде XXI ғасырға жеткен жалғыз тұяқ, СОҢҒЫ МОГИКАН...
Кешелі бері әріптестеріміздің мемлекет тарапынан "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағын алып жатқанына қуанып жатырмыз. Барлығы орынды, әрқайсысы осы атаққа лайықты. Мұндай марапаттауларды әр өнерпаздың уақытында алғаны тіпті қуантарлық жағдай, әрі орынды. Дегенменен, Төкен ағамның "Әлем - шексіз, тіршілік - толассыз, өмір - мәңгі, ғұмыр - қысқа. Бірақ өмір өзегімен мәңгі жасар ғұмырлар бар. Оның бір саласы - өнер ғұмыры, өнер иесі өнерпаз ғұмыры" дегеніндей, бүкіл ғұмырын қазақ өнеріне арнап, әні күллі қазақ жұртының бесік жырына айналып, оның үні "қазақ жұртының қай ортасымен болсын өзектесіп кеткеніне көп болған", әні тыңдаушысын сүйсіндіріп, құлақ құрышын қандырып, құлай құмартып тыңдайтын биік өнер иесіне айналып, сол арқылы қазақ жұртының жүрегіне жатталған асыл ағаларымыздың дәл уақытында бағаланбай, қаға беріс қалтарыста қалып қоя беретіні көңіл қынжылтып, жаныңды ауыртады. Осындай өнерпаздардың бірі, ол - әнші-композитор ТҰРСЫНҒАЗЫ РАХЫМ. Қазақ әнінің ішінде осы күнге дейін "үздіктер қатарынан көріне беретін, соңғы 30-35 жыл көлемінде дүниеге келген ән кенеулісінің бәрін тыңдап, тыныстағанда, "Сәби болғым келеді" әнінсіз алар ләззатыңыз бен табар рахатыңыз кем болар еді"(Бұл әні қаншама фильмдер мен спектакльдерде де басты музыка ретінде қолданылды "Ақырғы аманат" фильмі, "Ұлым саған айтам..." қойылымы). Бұл ән - қанша сәбидің әлдиі болып, қаншама ұрпақ осы әнмен тербеліп өсті. "Пай-пай-пай" айғайы ұранға ұласқан "Қазағым-айы" есті тыңдаушының еңсесін тіктеп, рухын асқақтатты. "Өнерден кең пейіл, шындық сырын күткен тыңдаушыға әрқашан сырлас, серік "Ғашықпын", "Дәриға, домбырамды берші маған" әндері қандай, шіркін?! Сәбидей таза, адал да аңғал, селкеусіз сенгіш ақынның "Дұшпаның бар ма дейсің... Дұшпаным жоқ-ау деймін" дегенін "әлдекімге жайған өкпесі емес, еліне айтқан назы" екенін өзі де баладай пәк, жаратылысы сәл жақсылық көрсе, құрақ ұшып шабылып қалатын Түкең өте терең түсінсе керек... бұл да ғажап ән боп өмірге келді. "Жастықтың жалауын жықпағанмен, әр адымы санаулы, баланың бақытын тілеп, ар жаққа аттанған ата-ананың артынан қуған" отыз жас пен "ақыл-ары мен қылығы" бөлек қырық жас туралы әндері қандай десеңші?! "Дәм- тұзы қуат берген", "шалғыны мен жаңбыры", "масасының үні мен даласының бүрі", "самайын ақ басқан шалдары мен басын қар басқан таулары", "өредегі құрты мен жалаң аяқ су кешіп, отбасқан жұрты" туралы "Нені аңсаймын" әні нағыз шедевр ғой."Қанатынан дауыл тұрғызған мұзбалақ" әні - "Мен сені сағынғанда". Ол тіптен бітімі бөлек ән. Қысқа ғана санаулы ғұмырыңда "Не жақсылық көрсетті адам саған, не жақсылық жасадың адам үшін?..." деп толғанатын адамдық пен кісіліктің толғауындай "Санаулы күн" әні қандай, шіркін?! "Иә, Жаратушы Аллам! Қолдай гөр, Сүйей гөр мені, сүйей гөр! Қолдары да, қорғаны да жоқ жан ем, Құлап барам, сүйей бер, Пенделерге табына-табына болған ем" деп толғаған ақынның бұл сөзіне жазған әнін тыңдағанда, бейне бір Аллаға салауат айтып отырған адамды тыңдағандай болатыныңа күмән жоқ. "Шашыңнан иіскейін", "Бибігүлге", "Ақмарал" әндерінің лирикаға толы сыршыл да сұлу екенін тыңдарман жұрт жақсы біледі.
Жалпы тағдыр деген қызық қой. Түкең Мұқағалиды Тарбағатайда, ағасы ақын-жазушы Ерғазы Рахимовты іздеп келіп, өз үйінде қонақ болғанда көріп, өлең-жырын өз аузынан тыңдаған еді. Қазақтың "Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат" дегені рас екен, Түкеңе сол жолы Мұхаңның шарапаты тигені күмансыз сияқты. Әрі Мұқағали шығармашылығымен өз шығармашылығының ұштасуына қайран қаласың. "...Қазақтың осынау қасқайып тұрған төріндегі бабалар махаббатының басына барып, қасында тұрып" сол жолғы сапарда туған өлеңі - "Аягөз-Ару" еді. Бұл күнде жұрт аузынан түспей жүрген әндердің бірі. Бұл жазған әндердің барлығы қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерінің бір парасы. Мұқағали ақынның сөздеріне ән жазуда ақынның табиғатын дәл тауып, тамырын дөп басқан қазақта Тұрсынғазыдай композитор кездесе қойған жоқ. Сыдық Мұхаметжанов Абай өлеңдеріне музыкасы арқылы қандай дәлдік жасаса, Тұрсынғазы Рахимов та Мұқағали өлеңдеріне сондай дәлдік жасады. Екеуі де екі ақынға биік ескерткіш қоя білді, әрі әндері арқылы екі ақынның өлеңдерін одан әрі тереңдете түсті. Түкеңнің Мұқағалидан басқа да қазақ ақындарының сөзіне жазылған әндері қаншама. Тосын, кілт те шалт "Қабанбайлап" ащы айқаймен әруақ шақырғандай қайырып барып, күңірене басталып, шаттықты ырғақпен лекіте, тездете биікке қарай өрлеп, "Атақ-даңқың мәңгі алынбас қамалдай" деп шығандатып шыңға кететін "Батыр бабам - Қабанбай"(сөзі: А.Сапышев) әні рухыңды асқақтатпайма, асқақтатады, әрине. Қазақтың қайталанбас талантты әншісі Әміреге арналған "Ән атасы - Әміре" әні(сөзі: Әбубәкір Қайранов), "Әуелетіп отырсам, Әсет келіп қалмас па-ай" деп Әсетті келіп қалуы мүмкін-ау деп елеңдеп тосуын, сарғая сағынуын Тыныштықбек Әбдікәкімов ағамның сөзіне жазылған Әсетке арналған "Сағынбасқа не шара" әнінің көңіл толқытар үнінен аңғарғандай боласың.
Қазақта жылқыға арналған әндердің қатарын толықтырған Түкеңнің "Ерке жирен"(сөзі:Мерғали Ибраев) әні. Жылқы тақырыбына жазылған ондай ән XX ғасырда болған жоқ-ау, сірә. Мұхиттың "Зәурешіндей" жоқтау сарындағы элегиялық сағынышты, сыршыл лирикалы "Назым-ай" әні болса, "өзекті өксітіп, ішті өртеп жандырған" аға-досы Жәнібек Кәрменов дүниеден қайтқанда "Адасып жүрген ақ бөкен, қай жаққа ауып барасың" деп Ақбөкен-Жәнібекке арнап шығарған "Ақ бөкен"(сөз:Несіпбек Айтов) әні аңсау мен сағынышқа толы. Айта берсе Түкең туралы көп жазуға болады. Алдыңғы жылы Түкеңе осы бір атақтың берілетін уақыты жетті-ау деп, Бибігүл апам бастап, Есмұқан Обаев, Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Рамазан Стамғазиев сияқты өнердегі аға-апаларымыз қостап, министрлік пен ШҚО әкімшілігіне хат та жолдап едік. Сол кезде "апыр-ай, Тұрсынғазы әлі атақ алмаған ба? Түкеңе берілмеген атақтың кімге керегі бар? Енді кімге берейін деп жүр?" деп қайран қалып, қолдап, қол қойып беріп еді. Ұсынатын алдымен облыстық мәдениет департементі болғандықтан, ол жақтан "Осыдан екі жыл бұрын "Парасат" орденін алыпсыз, келесі марапатқа енді үш жылдан соң ұсына аласыз" деген жауап алды да, қойды. Ол үш жылға дейін кім бар, кім жоқ? Ал, министрліктен жауап та алмады. Әрі ол кісіге Сәбет үкіметі кезінде кез келген автоклуб меңгерушісіне берілетін "Қазақстанның мәдениет қызметкері" деген төс белгісі соғанға дейін де кедергі болып келгені тағы бар. (Шәмші де осы атақпен кетті бас бармағын көрсетіп. Өлгесін ғана Халық әртісі атағын берді). Сонда жасы келген, өнерге әбден еңбегі сіңген ақсақалдардың осылай мемлекеттен құрмет көрмей кете беруі керек пе? Мұны реттейтін уақыт жеткен сияқты. Бұл күнде Түкен ағам өмірі баяғы болғанмен, көңілі қаяулы. Дерт меңдегелі де біраз болды. Жамандықтың бетін ары қылсын. "Өлгенде де дұрыс өле алмайтын болдық-ау" деп отырды бірде. Тұрсынғазы Рахым - қазақтың Біржан, Ақан, Ыбырай, Мәди, Естай, Жаяу Мұса, Әсеттерден жеткен сал-серілердің негізінде, ұлттық классикамыздың, дәстүрлі әніміздің негізінде ән шығаратын композиторлардың ішінде XXI ғасырға жеткен жалғыз тұяқ, СОҢҒЫ МОГИКАН. Түкен ағам "шапанын желбегей жамылып, қамшысы жер сызып, ен даланы бетке алып жаяу кетіп барады". "Ұлым саған айтам..." спектаклі жүріп жатыр... Бекжан Тұрыс ағам "Сәби болғым келеді" әнін зарлатып жатыр... Көмейге өксік, көзге жас толып барады...
Еркін ШҮКІМАН,
qazaquni.kz