Қазақстан Президенті өз сөзінде баршаны алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтады және марапатталушы азаматтар үшін бұл рәсімнің маңыздылығын айтты.
- Құрметті қазақстандықтар, құрметті қауым, марапат иелері! Алдымен баршаңызды ертеңгі болатын Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл қазақ елінің атының жаһанға жайылып, игілігіміздің бастауы болған мәртебелі мейрам. Бүгін Ақорданың түріне жиналған баршаңыз үшін қуанышты күн, мейірімді сәт. Сіздер осындай айтулы күннің қарсаңында жоғары марапат мәртебесіне ие болайын деп отырсыздар. Қуаныштарыңыз құтты болсын. Тәуелсіздік деген еш уақытта ештеңеге айырбастамайтын ең жоғары мәртебелі құндылығымыз болып саналады. Біз азаттықтың арқасында ел ретінде еңсе тіктеп, мемлекеттік тұғырымызды бекіттік. Оған бүгінгі марапат иелерінің әрқайсысының қосқан үлесі зор. Сіздер өнегелі істеріңізбен көпке үлгі болып, ел құрметіне бөленіп келесіздер. Өз саласында ерекше жетістікке жеткен азаматтарды ең жоғары наградаларға лайық деп санаймыз. Қазақстан бойынша жүздеген, мыңдаған адам жоғары мемлекеттік наградамен марапатталды. Соның ішінде сіздердің еңбектеріңіз өте үлкен, зор. Сіздерге марапат тапсыру арқылы мен бүкіл қазақстандықтарға тапсырдым деп санаймын, - деді Н.Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік наградалармен атап өтілген азаматтардың жетістіктеріне тоқталды.
Атап айтқанда, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы ұзақ жылдар бойы өндіруші салада жұмыс істеген, өз кәсібінің үздік маманы ретінде зор құрметке ие болған Р.Әмреновке берілді.
Дәл осындай жоғары атаққа М. Искандиров та лайық деп танылды, оның бүкіл еңбек жолы фосфор өнеркәсібімен байланысты. Ол бұл салаға 30 жылдан астам өмірін арнаған.
Осы атақ аграрлық салада 40 жылдан аса жұмыс істеген және ұжымына жақсы қамқорлық жасайтын ілгерішіл шаруашылықты басқаратын Б.Князевке берілді.
«Отан» орденімен танымал әнші әрі композитор Е.Хасанғалиев атап өтілді, оның әндері халықтың рухын көтеріп, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеп келеді.
«Парасат» орденімен Ш.Катсу марапатталды. Ол бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу ісіне сарапшы ретінде елеулі үлес қосты, ал Назарбаев Университеті оның басшылығымен халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орнына айналды.
II дәрежелі «Достық» орденіне этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту ісіне зор үлес қосқан этномәдени бірлестікті басқаратын Л.Кан лайық деп танылды.
Биыл бірінші рет «Еңбек Даңқы» ордені тапсырылып отыр. Оның үш дәрежесін иеленген лауреаттарға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріледі. Бұл марапатқа алғаш ие болғандар қатарында Атырау қаласынан «Каспий Құбыр Консорциумы-К» АҚ операторы Е.Жұмағалиев, Қарағанды облысының Теміртау қаласынан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ темір кесушісі М.Ибраев және Алматы облысынан «Алматы» асыл тұқымды зауыты» АӨК аға шопаны К.Сейтенбекова бар.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы С.Ақшолақовқа берілді. Оның еңбегі ғылымға, сондай-ақ еліміздегі нейрохирургия технологияларын ілгерілетуге қосылған үлес болып саналады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде Алматы қаласының ішкі істер департаментінің аға инспекторы Е.Абдрахимовтың ерлігі «Айбын» орденімен атап өтілді.
Мемлекет басшысы бүгін мемлекеттік наградалармен мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау саласының қайраткерлері, өндіріс пен бизнес саласының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметшілер марапатталып жатқанын айтты.
- Бүкіл ел бойынша марапатталушыларға менің атымнан ордендер мен медальдар тапсырылуда. Сіздердің әрқайсыңыздың Отанымыздың игілігі жолындағы жұмыста үлестеріңіз бен тәжірибелеріңіз бар. Әрқайсыңызды Қазақстанның мақтанышы деп айтуға әбден болады. Осының бәріне еңбекпен жеттіңіздер. Біз еңбек адамына құрмет көрсетуге тиіспіз, сондықтан «Еңбек Даңқы» орденін алған адамдардың қызметін айрықша атап өткім келеді. Бұл – экономикалық қуатты еселеп жатқан еңбекшілер үшін үлгі болсын, соның негізінде барлық өзге салалар дамып жатыр», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев барлық марапатталушыларды алдағы мерекелермен құттықтап, мықты денсаулық пен табыс тіледі.
***
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ «Восточный» разрезінің механигі, Павлодар облысының Екібастұз қаласынан – Р.Әміреновке, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Тараз қаласынан – М.Искандировке, «Алтынсарино» ЖШС директоры, Қостанай облысының Қамысты ауданынан –, Б.Князевке берілді.
«Отан» орденімен «Камышинское-2» ЖШС директоры, Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданынан – В.Акулов, жазушы, Астана қаласынан – Ә.Әшімов (Әкім Тарази), сазгер, Алматы қаласынан – Е.Хасанғалиев марапатталды.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденіне Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин лайық деп танылды.
ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Парламент Мәжілісінің төрағасы Қ.Жақыповтың, «Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» РМК ректоры Е,Сыздықовтың еңбегі атап өтілді.
ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Петропавл қаласындағы «Орта Азия электр-энергетика корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы А.Клебанов, Астана қаласындағы «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы» кәсіподақтар республикалық бірлестігінің төрағасы Ә.Құсайынов марапатталды.
«Парасат» орденіне Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев, «Назарбаев Университеті» ДББҰ президенті Ш.Катсу, Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков лайық деп танылды.
ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Тараз қаласындағы «Корё» Жамбыл облысының корейлер ассоциациясы» ҚБ президенті Л,Канның еңбегі атап өтілді.
«Құрмет» орденімен Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласындағы «Түркістан медицина колледжі» МКҚК директоры Ғ.Бимұрзаев, Ақмола облысының Шортанды ауданындағы «Жакен-1» ЖШС директоры А.Бренер, Жоғарғы Сот судьясы Ұ.Сүлейменова марапатталды.
ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденіне Атырау қаласындағы «Каспий Құбыр Консорциумы-К» АҚ «Теңіз» станциясының операторы Е.Жұмағалиев, Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ темір кесушісі М.Ибраев, Қостанай облысының Таран ауданындағы «Адлет-Т» ЖШС механизаторы Н.Капранчиков, Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданындағы «Дайындық» ЖШС комбайнері А.Сағындықов, Алматы облысының Талғар ауданындағы «Алматы» асыл тұқымды зауыты» АӨК аға шопаны К.Сейтенбекова лайық деп танылды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы С.Ақшолақовқа, Алматы қаласындағы «Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры» РМҚК әртісі А.Иманбаеваға берілді.
І дәрежелі «Даңқ» орденімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары В.Жұмақановтың, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен Б.Ашқаровтың, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Ғ.Байжановтың қызметі атап өтілді.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ішкі істер министрлігі Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің жол-патрульдік полициясының аға инспекторы Е.Абдрахимов, Мемлекеттік күзет қызметінің департамент бастығы Р.Нұркин, Қорғаныс министрлігі 03534 әскери бөлімінің командирі С.Поплавский марапатталды.
akorda.kz