Жақында ғана 1-желтоқсан күні айдарын асқақтатып, арқа-жарқа болып «Тұңғыш Елбасы күнін» баршамыз өттік. Тиесілі бір күнінде демалдық. Президентіміздің өзі Елордадағы жаңа жылдық бас шыршаны жағып берді. Жұрт мәз-мейрам. Мәдениет министрі Арыстанбек мырза айтпақшы, «бақытты кезде өмір сүріп жатқан» халық үшін бұдан асқан қуаныш бар ма? Енді не керек? Билік дәлізінде жүрген кейбір саясаткерлердің пікірінше, қазақ өзінің мыңжылдық тарихында мұндай бақытты кезеңде өмір сүріп көрген жоқ. Мұның бәрі Елбасымыздың арқасы. Дауымыз жоқ.
Жалпы біздің өзіміз кез келген мерекені Президент Назарбаевтың есімімен қиылыстырып көрсетуді жақсы көретініміз жасырын емес. Себебі, біз Оны сүйеміз. Еліміз Тәуелсіздік алған ширек ғасырда айтарлықтай жетістіктерге жетті дейміз. Экономикалық әлеуетіміз артты. Үздің елулікке кірдік. Оны қойшы, енді алғашқы отыздыққа ұмтлып келеміз. Мұның бәрі Тұңғышымыздың арқасы екеніне көз жұма алмаймыз. Обьективті баға берер болсақ, айтарымыз осы. Әрине, халқымыз кедейшіліктен 100 пайыз құтылып, үлде мен бүлдеге оранып отыр дей алмаймыз. Мұндайда «Күйеуім жоқ болса да, күйім жақсы» деген сөз еске түсетіні рас. Біздің дәл қазіргі жағдайымыз осындай.
Жә, менің айтпағым мүлде басқа еді ғой. Рас, жақында шетелдік басылымдардардың бірінен біз туралы доғал деректі көзім шалып қалды. Онда біздегі мақтамауды өтінген сайын, мадақталатын басшылар мен жеке басқа табынушылық деген қоғамда денден кеткен құлдық психилогия туралы айтылыпты. Рас, қазақ – басшысын мақтаудан дүниежүзінде үздік үштікке кіріпті. Алдымызда ашық диктаторлық мемлекеттер Солтүстік Кореа мен Өзбекстан. Содан кейін барып біз тұрмыз.
Таң қалдым. Қысқасы, халық егіні бітік шықса да, малы төлдесе де, ең ақыры қайғысыз ішкен қара суына да шүкір етіп, Басшысына алғысын айтып, оның тілеуін тілеп отырады, бізде. Бұл бір жағынан кезінде кәмпескелеуден және тапқан дүниесін, тіпті, қойынан қырыққан жүніне дейін үкіметке өткізіп зәрезап болған халықтың кеңшіліктегі жасаған шүкірі, Патшасына айтқан алғысы шығар. Халық – тәубешіл, шүкіршіл.
Енді саясаткерлер арасында Елбасын мақтаудан алдына жан салмай жүрген басшылар аз емес. Жағымпаздықтың дүдәмәл додасы әлдеқашан басталып кеткен.
Жақында Азаттық сайты Елбасын мақтаушылардың бірсыпырасын тізіп шығыпты (http://www.azattyq.org/contentinfographics/infographics/27399828.html).
Владимир Нехорошев, экс-депутат (2011 ж)
«Қазір жұрт: Бұл адамның бойында күн бар, оның Нұр-сәулесі жолымызға жарығын түсіре берсін, дейді. Нұрсұлтан Әбішұлы Құдай берген данымпаш. Оның Нұр-сәулесі елімізді одан әрі нұрландыра берсін»
Қанат Саудабаев, Мәжіліс депутаты (2012 ж)
«Қазақстанның джаму жолы мен Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа тәуелсіз мемлекет құрған стратегиясы, жасампаз еңбегі әлемдегі көптеген елдерде салмақты талдаулар мен терең зерттеулердің нысанына айналды»
Мұхтар Құл-Мұхамед, ҚР Президентінің кеңесшісі (2012 ж)
«АҚШ үшін Джордж Вашингтон мен Томас Джефферсон қандай тұлға болса, Назарбаевта сондай деңгейдегі тұлға. Ешқандай көтермелеусіз-ақ, Назарбаев – барлық қазақстандықтар үшін елдің негізін салушы»
Бақытжан Жұмағұлов, экс-БҒМ (2012 ж)
«Планетарлық деңгейдегі саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлының халықаралық деңгейдегі ұсыныстары қолдау тауып отыр. Болашақты болжаған Абай бабамыз қандай ұлы болса, халық, заман сынынан мүдірмей өтіп келе жатқан Назарбаев та сондай тұлға»
Смағұл Рахымбай, жазушы (2012 ж)
«Айтары жоқ, Елбасымыз – расында қайталанбас қасиетті, дара тұлға»
Олжас Сүлейменов, ақын (2013 ж)
«Біз дамуымыздың 25 жылында жақындаған алтын қима – Ұлы саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси өнері арқасында қол жеткізген үлкен табысымыз»
Әбсаттар қажы Дербісәлі, экс-бас мүфти (2013 ж)
«Хан Абылай мен өзге де сұлтандар қазақтың басын біріктіре алмай өмірден өтті. Олардың алдында қаншама рет халық ретінде жойылып кету өауіпі тұрды. Халықты мұндай қауіптен құтқару Аланның қалауымен Нұрсұлтан Назарбаевқа бұйырды»
Арыстанбек Мұхамәдиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі (2015 ж)
«Енді Нұрсұлтан Әішұлы, шынын айтқанда бақытты кезде өмір сұріп жатырмыз ғой. Тәуелсіздіктің, сіздің арқаңызда»
Михаил Подоляков, Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, (2015 ж)
«Елбасы кез-келген мақтау сөзге лайық. Ол қарапайым, көпшіл адам. Жақсы және ақжарқын адамға тән қасиеттердің барлығы біздің Елбасымыздың бойынан кездеседі. Сондықтан Президентті жақсы көрмеу мүмкін емес»
Мырзатай Жолдасбеков, профессор, абыз (2015 ж)
«Менің “Кемеңгер” деген мақалам Тәуелсіздік мерекесінен бір күн бұрын шықты. Мен онда бәрін жазып едім. Таңертең Иманғали Тасмағанбетов қоңырау шалып, «Аға, құтты болсын. Мақалаңыз шығыпты. Керемет жазыпсыз» – деді. Артынша Нұрекеңнің өзі хабарласты. «Мырзеке сен Тәуелсіздіктің шежірешісі болдың деді». Мен де қуандым. Президенттен мұндай бағалану деген кез-келгеннің бағына бұйыра бермейді. Ол Алланың қазаққа берген сыйы»
Түйін: Сонда бүтіндей бір мемлекеттің тұрғындарының билікке көзқарасын санаулы адамның пікіріне қарап бағалау әділеттілікке сая ма?
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai kz