Жас келiн өз тойы болған түнi қорада асылып қалды
2015 ж. 03 желтоқсан
7719
1
2 желтоқсан
Жамбыл облысында бiр отбасында ауыр жағдай орын алды. Бұл жөнiнде осы қаланың тұрғыны Дархан Мейiрман есiмдi азамат Замана басылымына хабарлаған.
Дархан Мейірманның айтуынша, келiннiң түскенiне әлi бiр ай тола қоймаған. Екi жақ қазақтың дәстүрiмен құда түсiп, сырға салып, жастарды үйлендiрген. Екеуi де оқуды Алматыда бiтiрген. Сол жақта танысыпты. Бойжеткен Шымкенттен екен. Белгілі болғандай, таяуда қаладағы ең үлкен мейрамханалардың бiрiнде екі жастың тойлары болыпты. Оған Шымкенттегi құдалар жағынан отызға жуық адам келiп, той өте қызықты өткен. Той тарқап, қонақтар елiне қайтқан. Той иелерi үйiне барғанымен бiрден жатып қалмай, келген қонақтармен қайтадан қуаныштарын атап өтсе керек. Түннiң бiр уағына дейiн той болған үйде жарық жанып тұрған. Ал таңертең үйдiң жетпiстегi қариясы қораға барғанда түнде ғана тойы өткен келiнiнiң асылып тұрғанын көрiптi. Содан үйдегi адамдар шығып, көршiлер келедi. Полиция мен «жедел жәрдемге» хабар берiлген. Бiрақ олар келгенiмен бәрi кеш болған. Дәрiгерлер келiншектiң бiрнеше сағат бұрын асылғанын айтыпты. “Келiн түсiрген отбасы көршiлерiне өте сыйлы болатын. Аталары да ұзақ жыл басшылық қызмет атқарған. Үйленген жiгiт бұл отбасыдағы екi ұл, екi қыздың ең кiшiсi. Өте ауыр жағдай болды. Той иелерi әлi күнге естерiн жия алмай отыр. Келiннiң түскенiне көп болмағанымен үйiне барғанда талай көргенбiз. Өте биязы, қазақилығы басым едi. Одан мұндай шығады деп ешкiмнiң ойына келмеген”, – дейді сұхбаттасушы. Кейін тойдан қайтқан құдалар Шымкентке барғанда соңдарынан қаралы хабар жетiп, қайтып келген. “Ешқандай дау-жанжал болған жоқ. «Аспа кеселге» кiм қарсы тұра алады дейсiз? Олар да түсiнсе керек, құдаларына ешқандай өкпе-ренiштерi жоқтығын айтып кетiптi», – дейді Дархан Мейірман. Сөз соңында азамат соңғы кездерi мұндай оқиғаның қалада жиiлеп бара жатқанын айтып, үлкен тасаттық бермесе болмайды дегендi айтады.Дереккөз: Zamana.kz