Н. Назарбаев: Кез-келген маманға ең алдымен орнын басатын адам дайындау керек
2015 ж. 19 қараша
2654
10
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында «Әр маман өзінің орнын басатын адамды дайындауы керек. Бұл - бәрімізге де қатысты мәселе» деп мәлімдеді.
Астанада Қазақстандағы 2015 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың аралық қорытындысына арналған үкіметтің кеңейтілген жиыны өтті.
Жиынға төрағалық еткен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаржы министрлігінің жұмысын, биліктің жоғары тармақтарында жаңа кадрлардың жетіспейтінін, шенеуніктердің мемлекеттік қызметте ұзақ уақыт отыруы мен елшілердің жұмысын сынады.
Жиында елдегі жағдай туралы көбіне көңіл көншітпейтін мәліметтер айтылды - инфляция болжанған межеден асып кеткен, елдің төлем балансындағы тапшылық 4 миллиард долларға жеткен, экспорт 42,5 пайызға, импорт 23,8 пайызға азайған. Ал ішкі жиынтық өнім биылғы 10 айда 1 пайыз ғана өскен.
Қазақстан президенті жиында инвестиция және даму министрлігіне индустрияландыру бағдарламасына арналған жалпыұлттық телебайланыс кезінде түрлі шоулар ұйымдастыруға тыйым салды. Бірақ мұндай шығындарды азайту, мемлекеттік бағдарламаларды қысқарту, қатаң үнемге көшу, шикізат бағасының төмендеуі мәселелері бұрын да айтылып келген.
«ОРНЫҢА ҚОЯТЫН АДАМ ІЗДЕУ»
Президент Назарбаевтың шенеуніктерге "орнын басатын адам іздеу" туралы айтуы тосындау болды. Ол кадр дайындауға көп қаржы бөлінетінін, бірақ биліктің жоғары тармағында жаңа кадрлар жетіспейтінін айтты.
"Кез-келген маманға ең алдымен өзінің орнын басатын адам дайындау туралы міндет қою керек. Бұл барлығымызға қатысты. Алмастыратын адам іздесең, ешкім жоқ. Сұрасаң, "Орныма қоятын ешкім жоқ. Барлығын жалғыз өзім атқарып келемін, менен кейінгілер мүлде нашар" деп жауап береді. Егер іс жүрмей жатса басшыны ауыстыру керек деп талай айттым" деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті "мәселенің шешімін білмейтін басшының өзі проблема екенін" айтып, "ондайлардан құтылу керек екенін" ескертті. Оның сөзінше, "жас, білімді адамдарды өсірмейтіндер" бар.
«БІЗ ДЕРЖАВА ЕМЕСПІЗ»
Президент Назарбаев бұған қоса шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктерді азайту жайлы да айтты.
- Біз дипломатияда саясатты айқындайтын держава емеспіз. Қайда барсаң - елшілер. Немен айналысатынын білмейді. Экономиканы да білмейді. Сондықтан... барлық жерде елшіліктер аша беру қажет пе? Елшілердің сапасын талқылайық. Қазақстан мүддесі бар жерде ғана өкілдіктеріміз болуы керек, - деді Назарбаев.
Оның пікірінше, Қазақстан елшілері экономикаға инвестиция тартумен айналысуы керек.
«ЖӘМІШЕВ ЖАҚСЫ ЕДІ»
Нұрсұлтан Назарбаев үкімет жиынында қаржы министрі Бақыт Сұлтановты сынады.
- Егер бізде дені дұрыс қаржы министрі болғанда ол әр тиынды қадағалайтын еді. Ал сен кім қанша сұраса, сонша ақша бердің. Мемлекет қазынасын саған тапсырғанмын. Сен - мемлекеттің қалтасысың, қаржы мен қазынаның қалай жұмсалатынын қадағалайтын жеке өкілімсің. Жәмішевті қойған дұрыс шығар, - деді ол.
«ЖЕКЕ СӨЙЛЕСЕМІН»
Тағы бір назар аудартқан мәлімдеме жекешендіруге қатысты айтылды. Президент Назарбаев Қазақстандағы ірі кәсіпкерлерді капиталды заңдастыру және жекешендіру науқанына қатысуға шақырды. Ол әзірге бұл шараның нәтижесі шамалы екенін айтты. Назарбаев «жылтыр журналдарда өзін бай ретінде көрсететін» адамдарға «Қазақстанға ақша салу» туралы өтініш айтты. Бірақ бұл жолы да ешкімді атамады.
«Мемлекет осы жылдар бойы сіздерге баюға мүмкіндік берді… Енді [заңдастыру мен жекешендіру науқанына қатыссаңыздар] халыққа, баюға мүмкіндік берген елге жақсы жауап берген боласыздар. Мен бұл туралы біздің адамдармен жеке сөйлесемін» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«ӨМІР ҰЗАРЫП БАРАДЫ»
Қазақстан президенті жиында шенеуніктердің зейнетке шығу мәселесін айқындау қажет екенін де айтып, мемлекеттік қызмет туралы заңға вето қойғанын хабарлады. Ол заңды парламентке қайтаратынын айтып, онда мемлекеттік қызметкерлердің зейнет жасына жетуіне байланысты зейнеткерлікке шығу ережелерін қайта қарап шығу қажет" деді.
Бірақ ол нақты қай шенеуніктер екенін айтпады.
Назарбаев қазақстандықтардың зейнет жасының ұзаруына да түсініктеме берді. Оның пікірінше, зейнетке шығу жасын ұлғайтпаса, Қазақстанда зейнетақы төлеуге қаржы қалмайды.
- Зейнет жасын бекер көтермедік. Қазақстандықтардың өмір сүру жасы ұзарып барады. 10 жылда ғана өмір сүру ұзақтығы 64-тен 72 жасқа жетті. Егер біз зейнетке шығу жасын көбейтпесек, онда зейнетақыға ақша қалмайды. Мұны барлығы түсінеді деп ойлаймын, - деді президент Назарбаев.
Жиында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев сөйледі. Оның сөзінше, Қазақстанда 10 айда өнеркәсіп өндірісі 1,3 пайызға қысқарып, машина жасау – 29 пайызға, өңдеуші өнеркәсіп өсімі – 0,5 пайызға азайған. Оның болжамынша, биыл мұнай өндіру көлемі жоспарланған межеден 1 миллион 500 мың тоннаға азаяды. Ол Қазақстанның төлем балансы нашарлағанын да мәлімдеді.
75 жастағы президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1989 жылдан бері билеп келеді. Биыл мерзімінен ерте өткен президент сайлауында ол 97,7 пайыз (ресми дерек) дауыс алды. Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын Батыс бақылаушылары демократиялық ережелерге сай өтті деп мойындаған жоқ.
http:www.azattyq.org