Сонымен, жылдағы әдетіне басып, жаңа жылдың шыршалары Астанада ерте бой көрсете бастады.
Бірінші болып, бұл бастаманы биыл «КЕРУЕН» сауда орталығы бастапты.
Қарап тұрсақ, жаңа жылға әлі бір жарым айдан артық уақыт бар. Шыршасын орнатып, бастай берсінші дейін десең, Арада Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне арналған «Тұңғыш Президент күні» мейрамы тұр. Оның арғы жағында қасиетті «Тәуелсіздік күні» мерекесі.
Екі бірдей ұлық мерекені баса-көктеген көргенсіздікке «қой дейтін Қожа, ай дейтін Ажа қайда»?!
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли бұл туралы жақында ғана ескерту жасады. Соған мына мықтыларыңның құлақ асар түрі жоқ!
Не істемек керек?!
Белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы Facebook-тегі парақшасында зиялы азаматтары шырша қойғызбау үшін шапқылап жүріп, «жеңіске жете» бастағанын сүйіншіледі. Амангелді Кеңшілікұлы бұл туралы: «Кеше ғана "Нұр Отан" партиясы жанындағы "Мирас" қоғамдық кеңесі мүшелері мен зиялы қауым өкілдері Үндеу жариялаған болатын. Еліміздің 24 зиялысы Тәуелсіздік мерекесі өз деңгейінде атап өтілгенше Жаңа жыл мерекесіне дайындықты тоқтата тұруды сұраған еді. Бұл хат Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерінің идеология саласына жауапты орынбасарларына және Ішкі саясат басқармаларының басшыларына жолданған-тұғын. Бүгін Атырау облыстық басқармасынан осыған орай ресми жауап келді. Онда былай делінген: "Атырау облыстық әкімдігі Жаңа жыл мерекесіне орай безендіру жұмыстарын Тәуелсіздік мерекесінен кейін бастау жөніндегі бастамаларыңызды толық қолдайды. Аталған бастаманы басшылыққа алып, тиісті жұмыстарды уақытында ұйымдастыру жөнінде қала және аудандар әкімдеріне тапсырмалар берілді» деп жазды.
Атыраулықтар ерледі... Енді сол ерлік Қазақстанның өзге қалалары да қайталаса ғой, шіркін.
Арқа Жарқаұлы, Астана
Abai kz