Сенатордың о дүниедегі ақынға хаты...
2015 ж. 20 қазан
3827
2
О дүниеге хат жолдаған депутаттың ісіне жұртшылық жаға ұстап отыр. Сенат депутаты Ляззат Махатұлы Тұрлашов 2009 жылы өмірден өткен, белгілі ақын Еркін Ібітановты 80 жасқа толу мерей тойымен құттықтап, хат жолдаған.
Бұл туралы журналист Ерік Рахымов әлеуметтік желілердегі өзінің жеке парақшасына жазып, жағасын ұстаған.
«Сенесіз бе, сенбейсіз бе, патша көңіліңіз білсін. Естігенімді емес, көргенімді айтайын: сенатор Лаззат Тұрлашов бұ дүниеден о дүниеге хат жолдады. Сенатор жақында 80 жылдық мерейтойы Қарасазда аталып өткен Еркін ағамызды «Шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр» тіледі. Енді ол әлгі хатын кімнен беріп жіберсем екен деп бас қатырып жүр деседі. Бәлкім, кейінірек өз қолымен табыс етер… Күлейін бе, жылайын ба?!», – деп жазады журналист.
Тіпті, сөзінің дәлел болуы үшін журналист хаттың көшірмесін де салған.
Естеріңізге сала кетсек, Алматы облысы, Қарасаз ауылының тумасы, лирик ақын Еркін Ібітанов 2009 жылы ұзақ сырқаттан көз жұмған еді. Қаламы ұшқыр ақынды халқы Мұқағали Мақатаевтың ізбасарына балап, ерекше құрметтейді. Биыл ақынның туғанына 80 жыл толуына орай Райымбек ауданында түрлі шаралар ұйымдастырылып, ақынның өлең жинақтары шығарылған болатын.