ҚАЗАҚША БАҒДАРЛАМАДА ОРЫСША СӨЙЛЕУ – МИЛЛИОНДАҒАН АУДИТОРИЯНЫ ҚОРЛАУ
2015 ж. 21 қыркүйек
10470
35
“ЖАНДЫ ДАУЫС” БОТҚАШОУЫ
БАЯННЫҢ БАЯНСЫЗ ЖАРНАМАСЫ МА?"
мақаласы туралы пікірлер http://www.qazaquni.kz/?p=40592
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
КӨРЕРМЕН ТАЛАБЫНА ЖАУАП БЕРЕ АЛМАЙТЫН ХАБАРЛАР ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТУЫ КЕРЕК
Шыны керек, қазіргі таңда қазақтілді телеарналарда адам тұщынып көретін хабарлар саусақпен санарлық. Қайсысын қоссаң да, не орысша емес, не қазақша емес былапыт бірдеңеге тап боласың. Қарап отырып еріксіз қарның ашады. «Хабар» арнасынан жүріп жатқан «Жанды дауыс» шоуы –солардың бірі ғана. Ал, хабар авторы – Баян Есентаева өзінің Қазақстанда тұратынын, бұл елде қазақ тілі бар екенін, тіпті өзінің қазақ екенін есінен шығарып алған тәрізді. Бұл орайда ол: «еліміздің басты телеарналарының бірінен сөйлеп тұрмын-ау, арнаның қаншама көрермені бар-ау» деп ойланбайтын тәрізді. Сондықтан болса керек, ешқандай жауапкершілікті сезінбейді де. Аталмыш шоуды алғашында көретінмін. Қазір ашу-ызамды туғызған соң, тіпті қарамайтын болдым. Бұл тек халықты алдаусырату ғой. Меніңше осындай хабарларда жылтырап көрінетіндер өзінің сыртқы келбетін көрсетуді мақсат тұтатын тәрізді. Ал, таза қазақ тілінде сөйлейтін хабарларымыздың өзі ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың мақал-мәтелдерін, тұрақты сөз тіркестерін, бұрмалап айтатынды шығарды. Бүгін ғана бір хабарда: «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, сақалынан айрылыпты» деп айтып жатыр. Осының барлығын қарап отырып, бұларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ па, деген ойға қалдым. Сонда олардың басшылары қайда қарап отыр? Бүгінде отандық телеарналарда орыс тіліндегі хабарлар көбейіп кетті. Тіпті Кеңес үкіметіндегі кезімізге зар болып қалдық. Егемен ел ретінде қазақ тілін алға жылжытудың орнына, кері кетіп бара жатқандығымыз алаңдатады. Біздің елде ғана шығар, осындай оспадарсыздыққа жол берілетіні. Әйтпесе, басқа елде мемлекеттік тілді мазаққа айналдыратын болса, ол хабарды ертесіне-ақ жауып тастайды. Біз де осындай батыл қадамға баруымыз керек. Бұған цензура ретінде қараудың қажеті жоқ. Көркемдік тұрғыдан деңгейі тым төмен, көрермендердің талап-тілегіне талабына жауап бере алмайтын, онымен қоймай қазақ тілін қорлайтын, хабарларға үзілді-кесілді тоқтау салуымыз керек.Дос КӨШІМ, саясаткер:
ТЕЛЕАРНАЛАР ЕЛ МӘДЕНИЕТІН КӨТЕРУДІ ОЙЛАСА, МҰНДАЙ ОСПАДАРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕС ЕДІ...
Қазақстандағы қазақтілді хабарларда шет елдің тілінде тек бір ғана жағдайда сөйлеуге болады. Яғни, қазақша хабарларға шетелден арнайы қонақтар қатысып, маңызды пікір білдіріп жатса. Оның өзінде көрерменге синхронды аударма арқылы мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінде жеткізілуі қажет. Ал, Қазақстан азаматтарының қазақ тіліндегі хабарда өзге елдің тілінде пікір білдіруі, атала сөздерді араластыруы – сол адамның ішкі мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Мұның барлығы өз кезегінде хабар авторының, ұйымдастырушыларының «ең бастысы – дұрыс ой айтылса болды» деген атүсті көзқараспен қарайтындығының салдарынан орын алып отыр. Көптеген хабарларға қатысу барысында мұндайларға талай рет куә болып та жүрміз. Негізінен бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі міндетінің бірі – халықтың мәдениетін көтеру екені белгілі. Ал, бүгінгі біздің отандық телеарналардағы хабар ұйымдастырушылар елдің мәдениетін көтеру мәселесін ойламайтынға ұқсайды. Әйтпесе, мұндай оспадарлыққа жол бермес еді...Марат ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» газетінің бас редакторы:
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭФИРЛЕРІ ОРЫС ТІЛІНЕ МҰҚТАЖ ЕМЕС
Отандық телеарналардан берілетін хабарымыз да, шоуымыз да аралас тілде болмауы керек. Орыс тілін кез-келген жерге тықпалаудан біз ештеңе ұтпаймыз. Оның үстіне Қазақстанның телеарналарындағы хабарлардың 93-пайызы орыс тілінде екенін ескерсек, бұл көрсеткішті азайту үшін оған қарсы тұруымыз керек. Яғни, отандық телеарналардағы эфир уақытының басым бөлігін таза қазақ тіліндегі хабарлар құрауын талап етуіміз керек. Өйткені, бізде орыс тіліндегі хабарларға мұқтаждық жоқ. Қажеттілік туғызбасақ, қазақ тілі дамымайды. Керісінше тілдің жағдайы одан әрі нашарлай түспек. Қазақ тілінің дамуына лайықты қамқорлық жасау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Осы тұста, айтуға тиісті басты нәрсе – Конституциямыздағы «орыс тілі – ресми тіл» деген қағиданың «орыс тілі – Қазақстандағы екінші мемлекеттік тіл» деген ұғымды бермейтіндігі. Осыны ұғынатын кез жеткен сияқты. Мұндай анықтаманы осыдан бірнеше жыл бұрын Конституциялық кеңестің өзі берген. Сондықтан да біз, бұқаралық ақпарат құралдарының қай-қайсысында болсын, қазақ тіліне басымдық берілуін қатаң талап етуіміз керек.Арман СҚАБЫЛ, «Ақ жол» партиясы баспасөз қызметінің жетекшісі:
ҚАЗАҚША БАҒДАРЛАМАДА ОТЫРЫП ОРЫСША СӨЙЛЕУ – МИЛЛИОНДАҒАН АУДИТОРИЯНЫ ҚОРЛАУ
Жалпы қазақ телевизиясында қазақша бағдарламада орысша сөйлеу деген бұрын-соңды болмаған. Тіпті тіліміз өгейлік көрген Кеңес Одағының кезінде де мұндай сорақылыққа жол берілмеген. Әр бағдарламаның өзінің төлқұжаты болады. Онда ең алдымен тілі көрсетіледі. Қазақша болса, тек ғана қазақша, орысша болса тек ғана орысша... Тіпті, мемлекет басшысының өзінің сөзін аударып беріп жатамыз ғой. Бұл – телевизияның бұлжымайтын заңдылығы. Соңғы үш-төрт жылда Есентаевалардың «құдыретімен» теле тілді қойыртпақ жасау басталды. Қазақша бағдарламаның төрінде отырып орысша сөйлеу – сонысымен миллиондаған көрермен аудиториясын қорлау белең алды. Ең қорқыныштысы – «Хабар» басшылығының өзі бұл мәселеге дем беріп, мемлекет қаржысын «ботқа шоуларға» бөлуі дер едім. Сонда елдің есіл ақшасының сұрауын сұрайтын бір құзырлы орынның болмағаны ма?Айгүл ІСМАҚОВА, филология ғылымдарының докторы, профессор:
БАЯН СЕКІЛДІЛЕРДІ АНА ТІЛІНІҢ КИЕСІ СОҒЫП КЕТПЕСІН!
Батыстық шоу-бизнесте Баян секілді продюсерлер болады. Олардың басты мақсаты – даусы, өнерге қабілеті бар, сырт келбеті келісті адамнан әртіс шығару. Осы батыстың агрессиялық мәдениетін қазақ ортасына сіңіріп жүрген де осы Баян Есентаева деп ойлаймын. Бұл продюсердің: «Мен кімді болса да жұлдыз ете аламын!» деген сөзі бар. Бірақ кімнің қандай «жұлдыз» болатынын бір Құдай біледі ғой. Осы уақытқа дейінгі бағдарламаларына қарап отырсақ, Баян өзін насихаттауды бірінші орынға қояды. Одан соң, қазақтың жиған салығынан, елдің бюджетінен ақша алып отырған «Хабар» арнасы қазақ көрермендерін сыйлауы тиіс деп ойлаймын. «Жанды дауыс» бағдарламасының бас сарапшысының ана тілінде сөйлемеуі – мемлекеттік тілге деген теріс көзқарасын әйгілеп тұр. «Хабар» арнасында орыс тілінің салтанат құрып отырғанына өз басым қарсымын. Кез келген нәрсенің шегі бар, Баян секілді жүргізушілер бізді сыйламаса да тілді сыйлауы тиіс. Қазақ тілінің киесі соғып кетпесін! "ҚАЗАҚ ҮНІ" газеті, qazaquni.kz