"ЖАНДЫ ДАУЫС" БОТҚАШОУЫ БАЯННЫҢ БАЯНСЫЗ ЖАРНАМАСЫ МА?
2015 ж. 19 қыркүйек
49316
190

"Хабар" арнасы Баян Есентаеваның Ресей тіліндегі жарнамалық шоуы үшін жұмыс істей ме?
Біздің бәріміз көретін "Хабар" арнасында "Жанды дауыс" деген жасанды шоу жүріп жатыр. Төрде шалқайып осы шоудың авторы Баян Максутовна Есентаева ханым отырады. Шатырдың үстіне шығып секіріп, пойыздан көмір түсіріп келе жатып, ескі креслоның үстінде ербеңдеп, шолақ шалбардан тізелері шодырайып отырып ән айтқыштар әндерін айтып бола салысымен, алдымен осы Баян ханымның аузына қарайды. Оның рахымы түсе қалып, қазақша хабарда отырған Баянымыз Ресейдің тілінде шүлдірлеп кеп берсе, әншіден бұрын жалаңаш кеуделі жүргізуші Кәмшат аспанға секіріп, "О-о-о, тамаша болды! Енді басқасын тыңдамай-ақ қойсақ та болады" -деп мәз болады. Шынында да, басқа сарапшыларды тыңдаудың да қажеті жоқ. Ойдан-қырдан жинап алған орыстілді әнші қыздардың бір-екеуінен басқасының бәрі де "Как сказала Баян Максутовна"-деп , Ресей тілінде сайрайды. Қайта композитор Ринат Ғайсин бастаған сарапшы әнші жігіттердің қазақ тілінде сөйлегені қуандырады. Операторлар да ел тыңдап отырған эншіні ұмытып кетіп, экраннан Есентаеваның кескінін қайта-қайта көрсетуден жалықпайды. Тек жүргізуші, қоңырдауысты Нұрсұлтан бауырымыз сөйлегенде ғана өзіміздің Қазақстанда отырғанымыз еске түседі...