Балаларын балконнан лақтырып жіберген әйел қамауға алынды

33 жастағы Алматы тұрғыны Жадыра Көкенай екі кәмелетке толмаған баласын 5 қабаттан лақтырып жібергені үшін қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі басшысы Қуандық Ешметке сілтеме жасап today.kz хабарлайды. "Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 сотына 1982 жылы туылған Құлмамырова Жадыраға қатысты қылмыстық істің материалдары келіп түсті. Күдікті 24 бап – "Қылмыс жасауға қамдану және қылмыс жасау әрекеті” мен 99 бап – "Адам өлтіру" бойынша айыпталуда", – делінген хабарламада. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 5 қыркүйекте өз пәтерінде болған күдікті өзінің кәмелетке толмаған балаларын қасақана өлтіру ниетімен және кейін өзіне қол салу ойымен 2007, 2014 жылғы екі баласын бесінші қабаттан лақтырып жіберіп, артынша өзі секірген. "Биіктіктен құлау салдарынан, 2007 жылғы Көкенай А. оқиға орнында көз жұмды. Ал 2014 жылғы Көкенай Х. мен күдікті Құлмамырова Ж. ауыр жарақаттармен емханаға жеткізілді. 12 қыркүйекте аудандық сот күдіктіні тексеру барысында, оны 2 айға қамауға алу шешімін шығарды", – делінген сот хабарламасында. Шешім заңды күшіне енген. Естеріңізге сала кетейік, 5 қыркүйекте Алматының Сәтпаев көшесінде 33 жастағы әйел бесінші қабаттың балконынан кәмілет жасына толмаған екі баласын лақтырып жіберіп, артынша өзі де секіріп кеткен. 10 жасар үлкен қызы құтқару қызметі келгенше сол жерде бақилық болған. Қазіргі кезде дәрігерлер аман қалған қыз бен анасының тағдыры үшін күресуде. Оқиғаға куә болған жергілікті көкөніс пен жеміс-жидек сатушы біржарым жастағы қызды аман алып қалғандығын айтқан. Бұдан бұрын Алматыда балаларын балконнан лақтырып жіберген әйел есін жинады, деп хабарлаған болатынбыз. Қалалық ІІД баспасөз хашысы Салтанат Әзірбек хабарлағандай, қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Болған оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде. Қалалық ІІД өкілі хабарлағандай, келіншектің күйеуі бар, толыққанды отбасы екен. Оның неліктен мұндай қадамға барғаны жұмбақ болып отыр. Оқиға өткен соң, екі-үш күн уақыт өткенде балаларын балконнан лақтырып жіберген алматылықтың анасы немерелерімен және қызымен болған кездесуі жайында айтып берген болатын. today.kz