Олигарх өнерсүйер “ауқатты патриоттар” туралы айтты
2015 ж. 02 қыркүйек
2929
1
Нұрлан Смағұлов өнер туындыларын жинаумен айналысатын өзге де бизнесмен коллекционерлер барын айтқанымен, олардың есімін атамады.Азаттық тілшісі қазақстандық бизнесменнен жеке коллекциясының көрмесі барысында сұхбат алды.

Нұрлан Смағұлов коллекциясының алғашқы бөлігін советтік Қазақстанның ең үздік коллекционері саналатын Юрий Кошкиннің коллекциясы негізінде құрған.Кейін суретшілермен танысып, олардың шеберханаларын аралап, көрмелеріне бара бастаған. Алғашқы кезде картиналарды өнертанушы, суретшілердің көмегімен таңдаған. Қазір тек өз талғамына ғана сүйенеді. Нұрлан Смағұлов қазақстандық авторлардың көп картиналарын шетелден әкелген әрі қазір олардың Қазақстанда екеніне риза екенін айтады. Оның коллекциясының негізгі өзегі де, жалпы бүкіл коллекцияның 99 пайызы да – қазақстандық авторлар. Нұрлан Смағұловтың айтуынша, мұндай мұражайды құру идеясын тағы бір қазақстандық бизнесмен – Сержан Жұмашев те қолдаған. Бизнесмен әрі коллекционер 1960 жылдардың еркіндігін сағынатынын, бірақ ол заманның «жылымығын» жұрттың әлі бағалай қоймағанын айтады. Нұрлан Смағұлов қазіргі заман өнерін де сынайды. Оның пікірінше, қазақстандық суретшілерідің өнерінде қазір конъюктура басым. “Қазіргі жас суретшілердің арасында дүниеге еркін көзқарас жұтаң екенін байқаймын. Әлдебір дәстүрлі қолданбалы өнер деңгейіне құлдырап бара жатырмыз ба деп қорқамын. Батырларды әспеттеу, жырлау негізгі бағытымызға айналды”, – дейді ол.
Нұрлан Смағұловқа бейнелеу өнерін коммерцияға айналдыру да ұнамайды. Оның пікірінше, суретші еркін ойлы, тәуелсіз болуы тиіс. Қазақстандағы арт-нарық саласының даму деңгейіне де көңілі толмайды.“Өкінішке қарай, соңғы кезде арт-рынок азып барады. Жасанды, жалған дүниелер көп те, коллекционерлер аз. Бұл көрмені ұйымдастырудағы мақсатымның бірі – ақшасы бар жандар оянып, суретшілерді қолдаса деген ниет. Қымбат жихаз сықасқан, ал қабырғасына қытайдың түкке тұрғысыз күміс заттарын немесе қымбат табақтарын іліп қойған талай үйді көріп жүрмін. Кей үйлерде Италияның қолданбалы өнеріне жататын заттар тұрады. Бірақ өзіміздің төл мәдениетімізге қатысты дүниеден жұрдай. Ақшасы бар қалталы қазақстандықтар суретшілерге назар аударса жақсы болар еді. Сол кезде рынок та, сұраныс та пайда болады. Менің міндеттерімнің бірі – қоғамға ой салып, суретшілердің картиналарын сатып алуға қозғау”, – дейді Нұрлан Смағұлов.
Көпшілік жұрт бизнесменге «Коллекцияны не үшін жинайсыз?» деген сұрақ қойды. Нұрлан Смағұлов бұл іске бизнес ретінде қарамайтынын, тіпті коллекциясының құнын ақшамен бағаламайтынын айтады.“Мен үшін бұл – эмоциялық ләззат. Бұл, керісінше, бір сәт көңіліңді бизнестен бұрудың амалы. Ақшаны таңның атысынан күннің батысына дейін «бизнес» деп аталатын ойында табамын, ал картиналар мен үшін бір сәт тынығатын әлем. Ешкіммен бәсекелеспеймін. Мұндай туындының көбін сыйға тарту еттім, бірақ ешқашан сатпаппын. Бұл дәстүрімді келешекте де бұзбаймын деп ойлаймын. Коллекциямды мұраға қалдырғым келмейді, ол барша жұртқа ортақ қоғамдық дүние болса деймін. Түбі ол Қазақстан халқының ортақ игілігіне айналады”, – дейді коллекционер. “Бизнесмендер галереяға келмейді емес, ара-тұра келіп тұрады. Бірақ, көбі «интерьер үшін бірдеңе алмақ едім» деп келеді, мұндайлардың өзі сирек бас сұғады. Олардың талғамы жасау-жихаз, перде, құмыра, шам-шырағданнан аспай қалған, батыстың өте қымбат дизайнерлерін әкеледі. Сонымен бітті! Ал шынайы өнерді бағалайтын жандар аз, сұраныс жоқ болғандықтан біздің суретшілер өнерді тастап кетіп жатыр, көрме өткізбейтін болды. Біздің көрмелерімізге қызығатын жандар кем. Көбінесе балетті де, музыканы да талғамай бара беретіндер келеді. Ал сатып алуға шамасы барлар келмейді. Нұрлан Смағұлов – ондайлардың қатарына жатпайтын ерекше жан”, – дейді өнертанушы Елизавета Малиновская. Еске сала кетсек, бұған дейін NUR.KZ Нұрлан Смағұловтың жеке коллекциясының Астанадағы Ұлттық мұражайда өткен көрмесінен фоторепортаж жариялаған еді. Сұхбаттың толық нұсқасы Азаттықтың сайтында орналасқан.
Дереккөз: Азаттық