Б. Сапарбаев: Білім министрлігі мен жергілікті билік арасындағы байланыс нашарлап кеткен
2015 ж. 25 тамыз
2664
0
Білім министрлігі мен жергілікті атқарушы билік арасындағы байланыс нашарлап кеткен. Бiлiм беру жүйесi қызметкерлерiнiң республикалық тамыз кеңесінде сөз алған Премьер-Министрдiң орынбасары Бердiбек Сапарбаев осылай мәлім етті.
«Тәуелсіздік алған күннен бастап Мемлекет басшысы білім саласына үлкен көңіл бөліп келеді. Ұлттық жоспарды жүзеге асыру үшін, «100 қадам», Индустриялық-инновациялық даму, «Нұрлы жол» бағдарламаларын жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы білім саласына көп тапсырма жүктеді. Біздің ендігі міндетіміз - осы берілген тапсырмаларды орындау. Қанша дегенмен, адам өзінің азамат болып қалыптасуын мектептен бастайды. Сол азаматтарға білім мен тәрбие беретін ұстаздар. Сондықтан, Қазақстан үкіметі атынан ұлағатты қызметтеріңіз үшін үлкен рахмет»,-деді Үкімет басшысының орынбасары.
Б.Сапарбаевтың айтуынша, білім саласының сапалы дамуы - жоғары билік пен жергілікті билік арасында тығыз қарым-қатынас орнаса ғана мүмкін болатын нәтиже.
«Қазіргі негізгі мәселе - мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдардың, ата-аналардың, білім ошақтарының бірігіп жұмыс істеуіне көңіл бөлу. Өкінішке орай, қазір байқайтынымыз - министрлік (Білім министрлігі - агенттік) пен жергілікті билік өкілдерінің арасындағы байланыс нашарлап кеткен. Барлығымыз жақсы түсінеміз, негізгі білім ошақтары, білімді балалар ауылдық жерлерде, елді мекендерде тұрады. Егер осы екі буын бірігіп жұмыс істесе ғана бір нәтижеге жетуге болады»,-деді Премьер-Министрдің орынбасары.
ҚазАқпарат