Қазақстанның Ресейге қосылуын қалайтын Ермек Тайчибеков жындыханаға жатқызылды
2015 ж. 14 тамыз
3157
4
Осы аптада Қазақстанның Ресейге қосылуын қолдап, кеңес дәуірінің мүддесін қорғап жүрген қазақстандық блогер Ермек Тайчибеков психиатриялық ауруханаға жатқызылды.
Бұл туралы «REGNUM АА» агенттігіне сілтеме жасап «Қамшы» порталы хабарлайды.
Жамбыл облысы Қордай аудандық сот тергеушісі әлеуметтік желілер мен интернет-порталдарды пайдаланып, «Қазақстан Ресейдің губерниясы болу керек» деп ұрандатқан Ермек Тайшыбековті (өзі тегін Тайчибеков деп көрсетіп жүр) психикалық ауытқушылыққа душар болды деген тұжырымға келген.
Сонымен қатар, алқабилер тексеру нәтижелерін ескере келе, Тайшыбековты Алматы қаласындағы стационарлы емдеу орталығына жатқызу (жындыхана) туралы шешім қабылдады.
Осыған дейін мемлекеттік құрылымға қарсы шығып, Қазақстан тәуелсіздігіне ашықтан ашық сенімсіздік білдірген Тайшыбековке қатысты «ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін» қылмыстық іс қозғалған болатын.
2015 жылдың 7-шілдесі күні Тайшыбековтың миында ауытқулар болуы мүмкін деген күдікпен, оған психикалық және медициналық тексеру жүргізу жұмыстары басталып кеткен.
Ал 2014 жылы Тайчибеков украиналық саясаткер Игорь Коломайскийдің басын кесіп әкелген адамға сыйақы тағайындайтынын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеген еді.
Жақында аталмыш оқиғаға қатысты бір топ белсенділер әлеуметтік желілер мен www.change.org сайтында Нұрсұлтан Назарбаевтың атына петиция жолдау үшін қол жинастырып жатқандығы мәлім болды.
Белсенділердің қалауы – Тайшыбековті психиатриялық ауруханадан босату. Петиция авторларының пікірінше, Ермек Тайшыбековтің еш кінәсі жоқ. Ал интернеттегі петицияға 22 адам дауыс берген және интернет қолданушылары Қазақстандағы заң нормаларын орындаудағы бассыздықтарға жол берілген деген біржақты пікірлерін білдірген.
Пікірлер Ресейдің Мәскеу, Барнаул қалаларымен қатар, Малайзия және Қазақстаннан да жазбалар қалдырылған. Пікіршілер пайымының бірсыпырасы: «Қазақстандағы бейберекетсіздікке назар аударыңыздар!», «Тайшыбеков заңға қарсы келетін ешнәрсе істеген жоқ», «Қазақстан билігіне «позор!»», “Кеңестік кезде біз жақсы өмір сүрген едік!», – деп келеді.
Дереккөз: NUR.KZ