Алматылықтардың басым бөлігі Бауыржан Байбекті танымайтын болып шықты
2015 ж. 11 тамыз
2604
8
Алматылық тұрғындардың кейбірі қала әкімі болып тағайындалған Бауыржан Байбекті танымақ түгілі, оның атын да естіп көрмепті.
Дегенмен, оның салыстырмалы түрде жас әрі шетелде оқығанын естіген соң, үміт күтетіндерін білдіріп қалды.
“Нұротан” партиясына адамдар жанын емдеу үшін келеді, Германияда ыдыс жуған суға еден жуады деген қайталанбас афоризмдерімен есте қалған Байбек мырзаны Алматыда қандай істер күтіп тұр?
Елді үнемшілдікке шақырып, әкем елбасының сыныптасы дегенді мақтанышпен айтатын Бауыржан Байбек жаңа қызмет туралы ұсынысты қуана қабылдағандай. Алматыда демалыс күні шұғыл жиын өткізіп, әкімдерді алмастырған мемлекет басшысы Бауыржан Қыдырбайұлы әкімдік лауазымға тағайындалған “Болашақ” түлектерінің алғашқысы екенін атап өтті.
Мен үшін үлкен бақыт. Мен оны үлкен жауапкершілік ретінде қабылдаймын. Сізге көп-көп рахмет. Үлкен бақыт.Билік партиясында айтарлықтай көзге түспесе де, Алматы тізгінін қолына алған Байбек мырзаның бақыттан жүзі бал-бұл жанды.
“Мен үшін үлкен бақыт. Мен оны үлкен жауапкершілік ретінде қабылдаймын. Сізге көп-көп рахмет. Үлкен бақыт. Мен қолымнан келгенше бәрін осы әріптестерім үшін жасауға тырысамын”, – деді Бауыржан Байбек.
Алматы тұрғындары Бауыржан Байбекті көбіне республикалық айтыстарда, “Нұр отан” жиындарында ғана көріп қалған. Сондықтан жаңа әкімге ең әуелі қала халқымен танысып алған жөн сияқты. Себебі олардың көпшілігі әкімнің атын білмесе, кейбірі, тіпті танымайды да.
-Алматыға жаңадан әкім келді, танисыз ба?
-Жоқ, танымаймын.
-Бауыржан Байбекті танымайсыз ба?
-Жоқ.
-Жоқ, танымаймын.
-Естідім, бірақ бұрын білмейді екенмін.
Басшылыққа жаңа әкім келгенін жақсылыққа балаған сарапшылар Бауыржан Байбекті алда қандай тапсырмалар күтіп тұрғанын түрліше саралайды.
Әуелі 2017 жылғы Универсиаданы абыроймен өткізуді басты мақсат десе, енді бірі қалаға қауіп төндіретін техногендік апаттардың алдын алу негізгі тапсырма деген пікірде. Одан өзге қалада шешімін күткен әлеуметтік мәселелер де жетерлік.
“Метроны ары қарай ұзарту, Универсиаданы сәтті өткізу, Алатау ауданы, Наурызбай ауданы қосылды. Енді Алатау ауданын гүлдендіріп, қаланы солтүстікке қарай дамыту мәселесі, меніңше, ең басты дүние”, – дейді “Болашақ” қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов.
Сарапшы мамандар мен қала тұрғындары жаңа тағайындалған қала басшысы Бауыржан Байбек ең әуелі көпшілікті мезі қылған кептеліс мәселесі мен қаладағы экологиялық ахуалды реттесе деген ұсыныс айтуда.
Ал Алматы аумағында кейіннен құрылған аудандардағы әлеуметтік мәселелер де Бауыржан Байбек мырзаның күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселе болуы тиіс дейді.
Дереккөз: 31 канал