Шыңғыстаудан қайтқандардың шері немесе ҰЛЫ АБАЙ ӘКІМДЕРГЕ КЕРЕК ЕМЕС ПЕ?!.
2015 ж. 10 тамыз
2953
9
Облыс әкімі Даниал Ахметов түстен кейін қарасын да көрсеткен жоқ...
Өткен сенбі Қарауылда Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойының өтуімен ерекшеленді. Біздің де жолымыз сол киелі мекенге түсті. Сырт қарағанда қызық іздеген жұртқа бәрі қалыпты көрінеді. Бірақ...
Бірақ, "біткен іске сыншы көп" дегендігіміз емес, елдің көбі көңілі толмайтындықтарын жасырған жоқ. Шаралар Қарауыл мен Қарауылтөбеде қатар басталғандықтан, жұрт қайсына барарын білмей дағдарды. Қарауылтөбеде түске дейін ат жарысын көруді ғана қанағат тұтқан халық Қарауылға келгенде айтыстың басталып кеткенін білді. Енді қорытындысын көргісі келетіндер түстен кейінгіге қойылған аламан бәйгеге барғанда, айтыс өз жайына қалды. Бірақ осы айтыста азулы ақын Айбек Қалиевтің "Қазіргіден күйіміз төмен кезде Абайдың 150 жылдығын әлемдік деңгейде өткізіп едік. Мыналарың не той?" деп қынжылысын білдіргенінің астарынан шындық сығалап тұрды. Бір білгеніміз, облыс әкімі, Өскеменге Қызыл алаңнын көшірмесін салғыш Даниал Ахметов түстен кейін қарасын көрсеткен жоқ. Әрине, шаруасы бастан асатын шығар. Бірақ, бұрын Бердібек Сапарбаев бар шаруасын жиып тастап Қарауылға келгенде міндетті түрде Семей қаласының әкімі, өзге де бірнеше аудан басшылары ол түстен кейін қайтқанша қоса жүретін. Ермак (Семейдің әкімі) осында келсе, Ұлылардың ізі қалған шахар басшысын көрген ел сүйсінетін еді. Оны ойлаған Сәлімов жоқ. Қазақшасы мәз емес әкім Абайдың елін не қылсын?.. Облыс әкімінің орынбасары жүрген жерде семейлік атқамінерлердің біреуінің төбе көрсетпеуі қалай?! Бұл бір. Жай уақытта Абайды айтқанда айды аспанға шығаратын абайтанушылар қайда?! Семейдің басынан қайтып кеткен бе?.. Семейдегі конференцияға келген қонақтардың біразын Қарауылға алып бару қала шенеуніктерінің неғып қаперіне кірмеді?!.. Ал түсініп көр. Тоқетерін айтқанда ортаңқол шараның ар жақ бер жағы болды. Бәрінен де сырттан келген тележурналистердің сұхбат алатын адам таппай қиналғанын көргенде не деріңді білмейді екенсің?! Айтыс ақындары болса, "Алдарыңа балаң келді, қол шапалақтап отырыңыздар!" немесе "Қарауылдың бір игі дәстүрі бар, Келген құдасын құр қол қайтармайтын" деп, дәмегөйлік мақамда айтысқаны көңілімізді құлазытты. Басқаға қалай көрінгені қайдам, менің көріп түйгенім осы...
Сәтжан Кәріпбаев,
qazaquni.kz