Н. Назарбаев: Қазақстан ДСҰ-ға кіру үдерісін аяқтады
2015 ж. 28 шілде
2264
5
Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру процесін аяқтады. Бұл туралы Дүниежүзілік сауда ұйымы бас кеңесінің отырысында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.
«Құрметті ДСҰ-ға мүше елдер өкілдері, ханымдар мен мырзалар! 27 шілде де Қазақстан үшін тарихи оқиға орын алып отыр. Дүниежүзілік сауда ұйымын бекіту туралы Марракеш келісіміне қосылу хаттамасына қол қоя отырып, Қазақстан ұйымға кіру процесін аяқтайды. Толықтай алғанда, осы жерде айтылғандай, біз 20 жылға жуық уақыт бойы осынау келіссөздерді жүргіздік», — деп атап өтті мемлекет басшысы.
Осы ретте Назарбаев Қазақстан бұл келіссөздерді мұнан ары да жалғастыра беруге дайын болғанын баса айтты.
Сонымен қатар күрделі келіссөздер процесі барысында оңтайлы тәсілдер таба білген ДСҰ-ға мүше елдердің барлығына шынайы ризашылығын білдірді.
Ал ДСҰ бас директоры Роберто Азеведо еліміздің ұйымға кіруін тарихи күн деп атады.
«Бұл — Қазақстан үшін де, ДСҰ үшін де шынымен тарихи күн. Ұйымға кірудің артықшылықтары — жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру, тұрмыс деңгейін жақсарту. Қазақстан үшін бұл сіздердің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріңіз бен жұмсаған күш-жігерлеріңіздің мойындалуы. Бұл — реформалардың кешенді бағдарламасының қисынды нәтижесі, Қазақстанның бизнес үшін ашық екені туралы бүкіл әлемге жолдауы. Бұл күн ДСҰ үшін де айшықты болып табылады. Қазақстанның қосылуы біздің пікірталастарымызға қуатты әрі беделді үн қосады, Ұйымды Орталық Азияның жүрегіне жақындатады, — деп атап өтті Азеведо.
Источник: ИА "Казинформ"