Наполеон да, Толстой да қызғаншақ әйелдерінің құрбаны
2015 ж. 26 шілде
3409
4
Әйелінен оңаша қалған кездері - Линкольннің ең бақытты сәттері еді...
Наполеон Бонапарттың мұрагері III Наполеон әлемдегі ең әдемі әйелдердің бірі Мария Евгения Августина де Монтиуоға үйленерде үлкен шу көтерілді. Неге десеңіз, Евгения ақсұйектер тұқымына жатпайтын. Әкесі жай ғана қарапайым шаруа еді. Наполеон болса ешкімнің сөзін тыңдамай көзді тарс жұмып «сүйген сұлуына» үйленіп тынды.
Екеуі де бір-бірін қатты жақсы көрді. Күш-қуаты мен денсаулықтары да мығым болатын. Елдегі ең атақты және дәулетті адамдардың қатарында еді. Осылайша төрт құбыласы тең жұбайларға айналды. Алайда, көп өтпей-ақ бұл отбасының шаңырағы шайқалып, уықтары сына бастады. Өкінішке орай, Евгенияның ханшайым аталуы да, ғашықтық күші де, тақ сиқыры да бұл отбасының бақытын сақтап қала алмады. Евгения тым қызғаншақ болды. Басында мұны аса елей қоймаған Наполеонның кейіннен басы әбден қатты. Бара-бара императордың сарайы нағыз тамұққа айналды. Көңіліндегі күдіктен арыла алмаған Евгения қай кезде болмасын болмашы нәрседен ұрыс-керіс шығаруға дайын тұратын. Тіпті, ең маңызды мемлекеттік кездесулер өтіп жатқанына қарамастан, Наполеонға айғайлап ұрсып, абыройын төгіп, әлгі жерді азан-қазан етуден тайынбайтын. Сіңлісінің үйіне қашып барып, күйеуін жамандап жылап-сықтауды үйреншікті әдетке айналдырды. Әлсін-әлсін қыршыма сөздермен Наполеонның намысына тиіп, зығырданын қайнататын. Керемет сарайларды иеленгені бар болсын, әйелінің шатағынан, не болса содан қызғанып ұрыс шығара беретін мінезінен әбден мезі болған Наполеон кейде миын тынықтыратын алақандай жер таба алмай аласұратын. Евгенияның тым қызғаншақтығы ақыр соңында Наполеонның түбіне жетпей қоймады. «Наполеон мен Евгения. Бір имперяның траги-комедиясы» атты шығармасында Рейнгард былай дейді: «Евгениядан бір ауық құтылу үшін Наполеон түнде сарайдың артқы есіктерінің бірінен тығылып шығатын. Бас киімін баса киіп, жақын адамдарының біреуімен Париждің көшелерінде жүретін», - деп жазды. Қызғаныштың қызыл иті бұл ошақты да ойрандады. Әйелінің миын жеуі императордың өзін үйінен бездіріп жіберді. Қызғаныш сезімінің о бастан әйелдерге тән екендігін ер азаматтар үнемі ескерсе екен. Ескеріп, қызғанышты еселейтін әрекеттерге бармаса екен! Лев Толстойдың әйелі көз жұмардан бұрын қыздарына: «Әкелеріңнің өліміне мен кінәлімін», - деп салды. Қыздары өткен-кеткенді еске алып көз жастарын көлдетті. Расында да, шешелерінің арыз-шағымы, кінәмшілдігі, қызғанышы бір бітпейтін. Мұның бәрі әкелеріне ауыр соққы боп тигені анық. Алайда, Толстой да, әйелі де бақытты жандар емес пе еді? Толстой өз заманын дүрілдеткен ең атақты жазушы еді. Оны жақсы көретіндер оның аузынан шыққан әр сөзін қағып алатын. Аса бағалайтын. тіпті, «шаршадым, жатамын» деген сөздеріне дейін ерекше мән беретін. Халық арасында беделі де өте жоғары болатын. Балалары тәрбиелі әрі сүйкімді еді. Өздерін бақытты сезінгендері соншалық, әйелі екеуі жатса-тұрса үнемі құдайға шүкіршілік ететін. Алайда, жасы ұлғая келе Толстойдың таным таразысы, өмірге көзқарасы бірте-бірте өзгере бастады. Бүкіл әлем мойындаған өз шығармаларын түкке тұрғысыз өте қарабайыр деп бағалады. Бар есіл-дерті жоқшылық пен соғысты тоқтатуға ауды. Осы тақырыптарда кішігірім шығармалар жаза бастады. Жас күнінде көп кұнәға бой алдырған Толстой бұдан кейін ақырет әлемін көп ойлады. Дұниеқоңыздықтан ада тақуа өмір сүруге бел байлады. Өзіне тиесілі жерлерін кедей-кепшікке үлестірді. Осылайша, олардың жай-күйін жақыннан ұғынуға тырысты. Егіс алқабында жұмыс істеп, отын шауып, егін орды. Бөлмесін сыпырып, аяқ киімін жамады, ағаш табақтан ас ішті. Өштескен дұшпандарын да жақсы көруге тырысты. Ал, әйелі ше? Толстой дәулетті өмірден бас тартқан сайын әйелінің бар ынтасы дүниеге ауды. Ол үшін байлық пен тірнектеп жиған атақ-абыройдан бас тарту өліммен пара-пар еді. Толстойдың күнә санаған нәрселерінен ол айырылғысы келмеді. Сол үшін де әйелі қаншама жыл жұбайының көңілін құлазытып, жанын жаралап келді. «Кітаптарыңның қаламақысын молайт», - деп барын сала жанталасты. Толстой ендігі жерде өз қалауынша өмір сүргісі келетінін айтқан сайын, әйелінің шеке-басы тырысты. Үйді басына көтере айғайлайтыны сонша, тіпті «құдыққа түсіп өлем» деп қорқытатын. Әбден азар да безер болған Толстой ендігі жерде тек қана: «Осы айғайдан құлағым тыншыса екен, қайтсем құтылам» дегенді ғана ойлады. Соңында үйінен безіп, жыраққа кетпекке оқталды. Боранды түннің бірінде үйінен шығып, басы ауған жаққа қарай жүре берді. Ол он бір күннен кейін бір станциядан табылды. Өкпесі суықтан қабынып өлейін деп жатқан кездің өзінде айтқаны: «Әйелімді қасыма жолатпаңдаршы» деген тілек болды. Бұл тұстағы өкініш әйел қалауының дұрыстығы яки бұрыстығы емес, іс-әрекетінің қателігінде. Қатесін кеш түсініп: «Мен нақұрыс екенмін», - деп сан соғып өкінгенмен болар іс болып, бояуы сіңген соң не пайда?!