Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар
2015 ж. 19 шілде
2983
0
Осы аптада Қазақстанның орталық және жергілікті атқарушы органадарда бірқатар тағайындаулар орын алды.
Мәселен, Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы мен Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы тағайындалды. Сондай-ақ “Астана ЭКСПО-2017″ ұлттық компаниясынан бірқатар лауазымды тұлғалар жұмыстан кетті. Елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков осы аптада Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметіне Олжас Бектеновты тағайындау туралы өкімге қол қойды. Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған. 2011 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын “заңгер” мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімнің бас маманы қызметінен бастаған. 2006 жылы Премьер-Министр Кеңсесіне заң бөлімінің сарапшысы болып тағайындалған. Президент Әкімшілігінде, Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. 2015 жылдың қаңтар айынан Астана қаласы Мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы болып қызмет етті. Бектенов ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталған. “Астана ЭКСПО-2017″ компаниясында орын алған өзгерістерге де тоқталайық. Осы аптада “Астана ЭКСПО-2017″ ҰК” АҚ басқарушы директоры Салтанат Рахымбекова қызметінен кетті. “2015 жылдың 9 шілдесінен қоғамдық жұмыстарға ауыстым. ЭКСПО-2017 Ұлттық жобасына пайдам осылай көбірек тиетінін түсіндім”, – деп жазды ол. Бұл ұжымнан Вера Кобалия да кетті. Грузияның бұрынғы экономика және тұрақты даму министрі Вера Кобалия “Астана ЭКСПО-2017″ ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген болатын. Айта кетейік, Кобалия – грузиялық және канадалық экономист, қоғамдық және саяси қайраткер, екі жыл Грузияда министр лауазымында болған. Ол 2015 жылдың наурызында Астанаға “Астана ЭКСПО-2017″ ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары қызметіне шақырылған. Қазіргі уақытта ұлттық компанияны Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков қосымша басқарып отыр. Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы болып Талғат Қазанғап тағайындалды. Талғат Қазанғап 1980 жылы туған. 2001 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі академиясын “заңгер” мамандығы бойынша тәмамдаған. 2008 жылы Президенттің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын тәмамдап, “юриспруденция магистрі” мамандығын алған. Әр жылдары Ақпараттандыру және байланыс агенттігі прокуратурасы институты сот қаулыларының және атқарушылық өндірістің заңдылығын прокурорлық қадағалау бөлімінің аға прокуроры, Байланыс және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 2012-2014 жылдары – “Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясы” АҚ Әкімшілік-басқару аппараты заң бөлімі бастығы, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ішкі әкімшілік және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры. 2014 жылдың мамырында Байланыс және ақпарат агенттігі, Ақпарат департаментінің директоры лауазымына тағайындалды. 2014 жылдың қазан айынан Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті төрағасының орынбасары, төраға міндетін атқарушы қызметтерін атқарады. Сонымен қатар ШҚО-да индустриялық-инновациялық даму басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Өңір басшысы Даниал Ахметов кеңейтілген аппараттық отырыста индустриялық-инновациялық даму басқармасының жаңа басшысын таныстырып, кадрлық қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен. ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасын Мусин Нұрлан басқаратын болды. Мусин – Семей қаласының тумасы. 1987 жылы Новосібір мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы – механик, қолданбалы математика. Еңбек жолын Семей тәжірибелі-эксперименталдық зауытта инженер болып бастаған. 1999-2004 жылдары “Үлбі металлургиялық зауыты” ААҚ экономика және қаржы директоры, бас директорының орынбасары болды, ал 2004-2011 жылдары “ҮМЗ” басқарды. Соңғы жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Өңір әкімі мәжілісте кадрлық қамтамасыз етуге басты назар аударды, ол жергілікті мамандарды тартуға баса мән берілетінін атап өтті. Жаңа тағайындалған облыс әкімінің орынбасарлары, қалалар мен аудандар әкімдері, олардың орынбасарлары, басқармалар мен әкімдіктердің жекелеген бөлімдерінің бірінші басшылары – Шығыс Қазақстан өңірінің тумалары. Ал Алматы облысының қос басқармасына жаңа басшылар тағайындалды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өкімдерімен Алматы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына және туризм басқармасына жаңа басшылар тағайындалды. Сонымен, Мұрат Маржан Алматы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы болып тағайындалды. Мұрат Маржан 1978 жылы туған. Қазақ академиялық университетін бітірген. Мамандығы – заңгер. Еңбек жолын Алматы қалалық әділет басқармасы Алмалы аудандық соты сот мәжілісінің хатшысы болып бастаған. Әр жылдарда Алматы қалалық сотының бас маманы, “Агрофирма TNK” ЖШС-да заңгер, “Алматыирригация” облыстық кәсіпорнында аға заңгер-кеңесші, Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасы заң бөлімінің бастығы, Алматы облыстық қаржы басқармасының жалдау, сату және сенімгерлік басқару, сондай-ақ ұйымдастыру-әкімшілік және заң бөлімдерінің басшысы болып жұмыс жасады. 2012 жылдың шілдесінен – Алматы облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары. Алчимбаева Жанар Галифулдақызы Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы болып тағайындалды. Алчимбаева 1979 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Алматы гуманитарлық техникалық университетін “туризм менеджері, география мен туризм оқытушысы”, “экономист” мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Алматы облысы әкімі аппаратының туризм жөніндегі бөлімінің бас маманы болып бастады. Әр жылдарда Туризм және спорт агенттігі Халықаралық туристік қатынастарды дамыту басқармасының бас маманы, Индустрия және сауда министрлігі Сауда және туристік қызмет көрсету рыногын реттеу және үйлестіру, сол сияқты халықаралық туризмді және ынтымақтастықты дамыту бөлімдерінің бастығы, “Райым-Тур KZ” ЖШС-ның атқарушы директоры, Алматы облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім бастығы, Arnai tour ЖШС-ның менеджері лауазымдарын атқарды. 2014 жылдың ақпанынан – Алматы қалалық туризм басқармасының бөлім басшысы. Қарағанды облысындағы жаңа кадрлық тағайындауларға зер салайық. Қарағанды облысында Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің жаңа басшылары тағайындалды. Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің өкімімен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы болып, конкурстық іріктеу арқылы Қайрат Бегімов тағайындалды. Қаржы министрінің бұйрығымен Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы болып, Марс Ғалиев тағайындалды. 47 жастағы Бегімов бұл тағайындауға дейін Қарағанды облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет еткен. Екі жоғары білімі бар, Қарағанды политехникалық институтын және Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған. Мамандығы өнеркәсіптік көлік инженері, экономист. Бұрын Қарағанды Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімін басқарған. Октябрь ауданының әкімі, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болған. 34 жастағы Ғалиев тағайындауға дейін Қаржы министрлігі заңгерлік қызмет департаменті директорының орынбасары болған. Білім жоғары, заңгер. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде, Төтенше жағдайлар министрлігінде, мәдениет және ақпарат министрлігінде түрлі басшылық орындарда қызмет етті. Жамбыл облысында Сарысу ауданының әкімі ауысты. Жамбыл облысы әкімнің өкімімен Сарысу ауданының әкімі болып Бейбітбек Жайлыбаев тағайындалды, деп хабарлады өңір әкімінің баспасөз қызметінен. 44 жастағы Жайлыбаевтің жоғары білімі бар, 1994 жылы Алматы зооветеринарлық институтын “зооинженер” мамандығы бойынша, 2009 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық институтын “экономист” мамандығы бойынша бітірген, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1997 жылы Рысқұлов ауданында “Ақбұлақ” АҚ-ында зоотехник-селекционер болып бастады. 1999 жылдан бастап Рысқұлов ауданының әкімдігінде, комитетінде, басқармада ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласында басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. 2012-2015 жылдары Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары болды. 2015 жылғы мамырдан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған.Дереккөз: ИА "Казинформ"