Алаяқтың құрбандығы болғандар күйіп кете бере ме?
2015 ж. 17 шілде
12898
7
ҚР Жоғары Сот Төрағасы Қайрат МӘМИ
мырзаның назарына
Г.Пірімқұлова жалғыз Н.Байболовты ғана тақырға отырғызбаған екен, ұзын-ырғасы 11 адам алаяқ әйелдің үстінен арыз жазып, 40 миллион теңгені алдап алып, қашып жүрген Гүлчехра 2015 жылы ақпанда Астана қаласында құрықталады.
Кәзір Қазақстанда не көп, алаяқ көп. Соның ішінде, бұл да болса қазақтың күн санап азғандыққа ұшырап бара жатқандығының бір дәлелі болса керек, алаяқ әйел көп. Біз де бүгін сондай алаяққа тап болған бір құрбандық жайлы әңгіме етпекпіз. Істің қысқаша мазмұны мынадай. 2010 жылы қыркүйек айында Нұржау Байболов есімді Шымкенттегі «Евразия» базарында сауда істеп жүрген жас жігітке Гүлчехра Пірімқұлова атты ақша қажет болып тұрған коммерсант әйел шығып, қарызға ақша бере тұр, үстемесімен төлеймін деген ұсыныс жасайды. Екі жаққа да тиімді болып келген таныстық 2014 жылға дейін созылады. Г.Пірімқұлова 2014 жылғы жазда екі-үш ай ішінде Н.Байболовтан жалпы көлемі 24 млн.теңге қарызға алады. 21 шілде күні алғанын сомасын көрсетіп, «21 тамызда қайтарамын» деп тілхат береді, және «бұдан былай бірлесіп жұмыс істейік, пайданы қақ бөліп аламыз» деп сендіреді, сендіру мақсатында өзінің фирмасының құжаттарын да беріп кетеді. 21 тамыз келеді, Гүлчехра ақшаны қайтармайды, оның орнына 8 қыркүйек күні «тағы ақша бере тұршы, өте қажет болып тұр, мен бәрін қосып бір-ақ қайтарамын» деген өтініш жасайды. Сезіктенген Н.Байболов Г.Пірімқұлова келерден бұрын автокөлігіне бейнекамера қойып қояды. Гүлчехра 24 млн.теңге алғанын мойындайды, қарызын екі күннен кейін, 10 қыркүйекте қайтармаққа уәде береді, оның бәрі бейнетаспаға жазылады. Бірақ, қыркүйектің 10-нан кейін Нұржау Гүлчехра «әпкесін» таппай қалады. Бірге жұмыс істеп, қарық болатын болдым ғой деп, бір ай мерзімге қарызға достарынан да, туыстарынан да ақша алған, өзінің мініп жүрген автокөлігін де кепілдікке қойған Нұржауды кредиторлары жан-жақтан қаумалап қыспаққа ала бастайды. 22 қыркүйек күні Нұржау «әпкесін» іздеп жүріп, Центркредитбанктің офисінде кездестіреді. «Банкте есепшотыма 60 млн.теңге түсіп тұр, тек мен мөрімді жоғалтып алдым, ақша ала алмай жүрмін, мөрді жасатайықшы» дейді. Ақшасын қолына алып, көңілін ертерек жайластырғысы келген Нұржау келіседі. Гүлчехраның жүргізушісі үшеуі барып бір шеберге тапсырыс береді. Мөрді жасаған ақшаны да Нұржау төлейді. Содан екеуі банкке келгенде «әпкесі» інісін адастырып кетеді... Жаны қиналған жас жігіт 24 қыркүйек күні ашу үстінде Пірімқұлованың ұяы телефонына «ақшамды қайтармасаң өлтіремін» деп, оған интернеттен алған пистолет суретін қоса хабарлама жазады. 25 күні сабасына түскен Н.Байболов артық айтқанына кешірім сұрап, мен енді сізді сотқа беремін деп тағы да ұялы телефонына хабарлама жібереді. Бірақ, кеш болады, жігіттің бір сәттік жаңылыс қадамын барынша тиімді пайдаланып қалғысы келген Г.Пірімқұлова 25 қыркүйекте облыстық Ішкі істер департаментіне «мынадай адам менен ақша бопсалап жүр» арыз жазып өткізеді. 26 қыркүйек күні ішкі істер қызметкерлері Байболовты ұстайды... Кінәсіз екендігіне сенімі кәміл Н.Байболов барлық мән-жайды көрсетіп тергеушілерге түсінік жазады, хабарламалардың, бейнетаспаның көшірмесін береді. Сөйтсе, Г.Пірімқұлова жалғыз оны ғана тақырға отырғызбаған екен, ұзын-ырғасы 11 адам алаяқ әйелдің үстінен арыз жазып, қашып жүрген Гүлчехра 2015 жылы ақпанда Астана қаласында құрықталады. Сот оны бас бостандығынан 5 жылға айыру жазасына кеседі, жәбірленушілердің пайдасына 40 млн.теңгеден астам ақша өндірілсін дейді. Бірақ, Нұржау мен оның үш досына «...қатысты көріністер бойынша Г.Пірімқұлованың әрекетінде қылмыстың құрамы болмауына байланысты» ақталады. Ол ол ма, біздің «самый гуманный суд в мире» деуге келіп қалған сотымыз жазықсыз Н.Байболовты алдыңғы берген ақшасын қайтару мақсатындағы жоғарыда аталған іс-әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 389-бабының 3-бөлігімен саралаған дұрыс деп табады. Ол бап не дейді? «Осы баптың 1-шi және 2-шi бөлiктерiнде көзделген (яғни, 1. Өзiнше билiк ету, яғни заңмен белгiленген тәртiпке қарамастан, басқа тұлғаның немесе ұйымдардың таласын туғызатын, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңды мүдделерiне, не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi түрде зиян келтiретiн өзiнiң нақты немесе болжамды құқығын өз бетiнше жүзеге асыруы. 2. Күш қолданумен немесе оны қолданбақ болып қорқытумен жасалған дәл сол әрекет адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған, не ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеттер), адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған, не ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеттер» дейді. Бұл – тергеу мен сот Н.Байболовтың өз райынан қайтқанын, 25.09.2014 күнгі «мен 15-00-де сотта боламын», 26.09.2014 күнгі «14-30-да Енбекші аудандық сотының алдында боламын» тәрізді көп хабарламасын үкімде «...ақшасын алу мақсатында Г.Примкулованың ұялы телефонына «өлтіремін» деген сөздер және тапаншаның фотосуретін жібергенін толық мойындап, бірақ артынша жәбірленуші Г.Примкуловадан кешірім сұрағанын, істеген ісіне қатты өкініш білдіргенін ... жазаны жеңілдететін мән-жай деп табады» дей тұра, мүлде ескермеді деген сөз. Ал, ескерген жағдайда ҚР ҚК-нің 26-бабының 1-бөлігіндегі «Адамның дайындау iс-әрекеттерiн немесе қылмыс iстеуге тiкелей бағытталған дайындалу iс-әрекетiн тоқтатуы не iс-әрекеттi (әрекетсiздiктi) тоқтатуы, егер адам қылмысты ақырына дейiн жеткiзу мүмкiндiгiн ұғынған болса, қылмыс iстеуден өз еркiмен бас тарту деп танылады. Егер адам бiр қылмысты ақырына дейiн жеткiзуден өз еркiмен және бiржола бас тартса, ол осы қылмыс үшiн қылмыстық жауапқа тартылмауға тиiс» деп, тайға таңба басқандай анық жазылған сөздерді басшылыққа алар еді. Шынында да, біздің заңдарымыз жаман емес. Тіпті, кей жерінде өте жақсы деуге де болады. Мысалы, дәл осы біз әңгіме етіп отырғандай жайттар үшін ҚР ҚК-інің 112-бабында «Өлтiремiн деп немесе денсаулыққа ауыр зиян келтiремiн деп, сол сияқты адамның жеке басына өзге ауыр күш көрсетемін не мүлiктi өртеп құртамын деп, жарылыс жасап немесе өзге жалпы қауiптi тәсiлмен қорқыту, бұл қорқытудың iске асатындығына қауiптенудiң жеткiлiктi негiздерiнiң бар екендiгi кезiнде» деп, басқа жаза көрсетілген. Судья тергеу орындары байқап немесе байқамай жіберген осы қатені өз тергеуінде түзетіп кеткенде абзал болар еді. Бірақ, «қанша заңгер болса, сонша пікір бар» деген қанатты сөз бүгін айтылмаған ғой... 2015 жылғы 30 маусымда Шымкент қаласы Абай аудандық соты судьясы Т.Бегімбетов жүргізген сот барысында іс миллиондаған ақшасынан айрылған Нұржау Байболовтың пайдасына емес... алаяқ Г. Пірімқұлованың пайдасына шешілгені наразылық туғызуда. Ал, соттың Н.Байболовқа "жалған мөр жасады" деген айып тағып, және онысы дәлелденді деуі де негізсіз. Айыптаулардың негізсіз болғаны себепті үкімге апелляциялық шағым берілді. Онсыз да әлеуметтік ахуал қиындап бара жатқан кезеңде қиындыққа тап болып, сот шешімдеріне наразы болған жандар БАҚ көмегіне жүгінетіні белгілі. Республикалық қоғамдық-саяси апталық "Қазақ үні" газеті осы іс әділетті шешімін тапқанша өз бақылауында ұстайтын болады. Өмірзақ АҚЖІГІТ, "Қазақ үні" газеті qazaquni.kz